ЖЕҢІС ЖОЛЫМЕН…
Айтулы мереке қарсаңында ұйымдастырылған он күндік кесте Атырау қаласындағы Жеңіс саябағында «Жасыл желек» акциясынан бастау алды.
«Ембімұнайгаз» АҚ жас мамандар кеңесінің бастамасымен өткен шараға Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысып, жастарға баталарын берді. Ембілік жас мамандар 70 үйеңкі ағашының көшеттерін егіп, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ардагерлерге, қала тұрғындарына тарту етті.
«Майдангерлерге құрмет көрсету мақсатында Жеңіс саябағына тал егуді жөн деп таптық. Кішкентай көшеттер болашақта үлкен жайқалған бәйтерекке айналады. Оның көлеңкесіне келешек ұрпақтарымыз саялап жатса – қандай ғанибет» деген жас мамандар кеңесінің төрағасы Серік Шығанов кәсіпорын жастарының бұдан басқа жоспарлары аз емес екенін айтады.
Оның айтуынша, жас мамандар кеңесінің ұйымдастыруымен, компания қызметкерлерінің қолдауымен жиналған қаражат аудандарда тұратын тыл еңбеккерлеріне мерекелік сыйлық ретінде таратылды. Акция барысында жастар алдында сөз алған «Ембімұнайгаз» АҚ әлеуметтік саясат департаментінің директоры Қуандық Калидуллин мұндай игі шаралардың үнемі жалғасын таба беретінін атап айтты.
Сондай-ақ, кәсіпорынның демеушілігімен қазақ эстрадасының жұлдыздары «Дос-Мұқасан» тобы мен Алтынай Жорабаева Атырау өңіріне ат басын тіреп, мұнайшылардың қатысуымен концерт өткізілді. Прорва және Доссор, Аққыстау поселкелерінде болып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Оған кәсіпорынның мұнайшы ардагерлері де шақырылды.
Қарттар қуанған күн
Бүгінде соғыс жауынгерлеріне қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Осы орайда ембілік мұнайшылар осынау игі бастаманың жалғасы ретінде соғыс ардагерлерін ерекше құрметке бөледі. Кәсіпорынның бас директорының орынбасарлары Айболат Ғабдуллин, Рысты Тасмағамбетова және мекеме қызметкерлері Аманқұл Өміров пен Нұрсәуле Тәжмағамбетова мұнайшы соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, арнайы құттықтады. Ембіліктердің алғаш болып маңдай тірегені соғыс және еңбек ардагері Гүлжамал Әбдірахманова болды.
Гүлжамал Бақтиярқызы – мұнайлы Мақат ауданы, Ескене елді мекенінің тумасы. Ерлермен бірге әскер қатарына алынып, Қиыр Шығыстағы №25 Армияның 121-ші дербес батальонында байланысшы болып қызмет еткен. Аға сержант Гүлжамал Әбдірахманова «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордені мен ондаған медальды кеудесіне таққан. Мәскеу қаласында оқып, есепшілік мамандығын алып, соған сай ұзақ жылдар бойы «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігінде қызмет істейді. Осы кәсіпорыннан зейнеткерлікке қалып, құрметті еңбек демалысына шығады. Есімі елімізге танымал дара тұлғалардың бірі, Атырау өлкесінен шыққан атақты ағартушы, ұлағатты ұстаз Сабыр Қазыбаевпен отасып, өмірге бірнеше перзент әкелген. Бұл күнде сол ұрпақтарының қызығын көріп, шаттығына кенеліп отырған бақытты анаға мұнайшылар мерекелік лебіздерін білдіре отырып, 500 мың теңге сыйақы табыс етті. Кәсіпорын басшысы атынан құттықтау хаты мен арнайы дәм қоса ұсынды.
«Ең бастысы, бүгін еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыз тату, болашағымыз жарқын, келешегіміз айқын. Осыған тәуба! Біз сияқты қарттарды ұдайы қамқорлықта ұстап, кәсіпорынның көрсеткен құрметіне ризамыз», — деген Гүлжамал әжей ақ батасын берді. Мұндай құрметке барлығы 15 мұнайшы соғыс ардагері ие болды. Әрқайсысына 500 мың теңге сый-сияпат ұсынылды. Ал, 152 мұнайшы тыл еңбеккерлеріне 20 мың теңге сыйақы табыс етілді.
«Бейбіт күн тілегі»
Осындай атаумен кәсіпорын басшылығы еңбек ұжымдарындағы қызметкерлерді өнерге тартып, байқау өткізді. Мұнайшылар көркемсөз оқу және ән айтудан сайысқа түсті. Бұл күні сынға түсушілер кәсіби шеберліктерінен басқа өнерге де таластары бар екенін байқатты.
– «Қара алтынды» игеріп, ел ырысын арттырып жатқан мұнайшыларымыз өндірістегі еңбегімен ғана емес, өнерімен де көзге түсіп жатса, ол – жеке тұлғаның жан-жақты өсуін айғақтайтын көрініс. Бұл қарым қатынастар мұнайшыларымыздың бір-бірімен ынтымақтастығын, достығын нығайтады», — деді «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова. Айта кеткен жөн, «Жайықмұнайгаз» басқармасы жылу қазанының операторы Светлана Жылқышиеваның орындауындағы «Жди меня» өлеңі көпшіліктің көңілінен шықты.
«Айтулы мереке қарсаңында мұндай шара ұйымдастырылатынын естігенде байқауға қатысуға өзім ұсыныс жасадым. Өйткені, майдангерлерге құрмет көрсетіп, оларды сахна төрінде еске алуды өзімнің борышым санадым» деген Светлана Жылқышиева сайыс қорытындысында бірінші орынды жеңіп алды. Ал, екінші орын «Жылыоймұнайгаз» басқармасы мұнай-газ цехының операторы Талғат Қабдоловқа берілсе, «Ембімұнайэнерго» басқармасы қызметкерлерді басқару тобының инспекторы Райхан Балғынбаева үшінші орынды қанжығаға байлады. Тағы бір айта кетерлігі, сайысқа қатысушы «Қайнармұнайгаз» басқармасының өкілі Марғат Мәженов осыдан 50 жыл бұрын Миялы ауданында Ұлы Жеңістің 20 жылдығында өткен шарада орындаған Берқайыр Аманшиннің «Сақ болыңдар, тірілер» атты өлеңін шырқап, 50 жылдан кейін бұл өлеңді сахна төріне қайта алып шығуға мүмкіндік туғанына риза.
Ән байқауында қазылар алқасына үздіктерді іріктеу оңайға түспеді. Бірінші орынды «Доссормұнайгаз» мекемесінің өкілі Жаннат Өтепова жеңіп алды. Екінші орын «Жылыоймұнайгаз» басқармасының өкілі Нұрлан Дюсовқа, ал, үшінші орын орталық аппараттың есепшісі Мәди Бексейітовке берілді. Жеңімпаздар дипломмен бірге теледидар, ноутбук, планшет сияқты бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қалған сайыскерлерге ынталандыру ретінде сертификат табыс етілді.
Мәңгілік рух, өшпес даңқ
Екінші дүниежүзілік соғыс әлем тарихында қанқұйлы іздерін қалдырды. Талай боздаққа туған жерден топырақ бұйырмай, олардың сүйегі жат жерде қалды. Жеңіс күніне орай мұнайшылар боздақтарды еске алу мақсатында кәсіпорын алаңындағы «Қайғы жұтқан ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шараға соғыс ардагерлері Николай Славов, Тайыр Ғұмаров, Тұраш Көптілеуовтар және бірқатар тыл, ауған соғысы ардагерлері қатыстырылды. Соғыста қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, боздақтардың рухтарына тағзым етілді.
Одан әрі «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Айболат Ғабдуллин шақырылған меймандарды айтулы мерекемен құттықтап, лебізін білдірді. Ардагерлерге мерекелік дастархан ұсынылып, құрмет көрсетілді. Отырыс барысында соғыс жауынгерлері өздерінің жүріп өткен жолдары туралы әңгімелеп, «Енді соғыс болмасын! Соғыс балаларды жетім етпесін! Лайым, еліміз тыныш болғай!» деген тілектерін білдірді.
Сондай-ақ, кәсіпорын ұжымы Жеңіс саябағындағы «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою салтанатты рәсіміне қатысты.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.