Жарнама
Мәдениет

Жазуға да ізденіс керек

Бүгін Атырау облысына іссапармен келген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінде жергілікті мерзімді басылымдардың басшыларымен еркін форматта кездесті. Кездесуді ашқан облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы бұл басқосудың маңызына тоқталып, өңірлік басылымдардың қоғамдағы ролін көтеру жөнінде жасалып жатқан істерді атап көрсетті.

Президенттің кеңесшісі, жазушы, аудармашы Мәлік Отарбаев отандық бұқаралық ақпарат салсындағы негізгі мәселелерге тоқталып, шығармашылық ортаны заманға сай өзгерту, газет-журналдардың оқырман талғамына орай жарық көруіне икемделу, басқа да маңызды факторлар жөнінде сөз қозғады.

Заман үрдісіне лайық баспасөздің қалыптасуы үшін маңызды факторлар – ақпарат құралдарын субсидиялау, кейбір салық түрлері бойынша жеңілдіктерді қарастыру, БАҚ қызметкерлерінің мәртебесі, оқу мәдениетін қалыптастыру тұрғысындағы жергілікті газет-журналдар басшыларының түрлі ұсыныс-пікірлерін тыңдаған Мәлік Нұржанұлы өз тарапынан да бірқатар ой-пікірін, ұсыныстарын ортаға салды.

– Біздің елде мерзімді басылымдарға қатысты проблеманың ортақ екеніне көз жетті. Баспасөзге жазылу, басылым таралымын көбейту – барлық өңірге тән жағдай. Себебі, әлеуметтік желінің кең қанат жаюы газет-журналдар мен кітап оқу үрдісін әлсіретті. Мұндай табиғи құбылыс бар жерде БАҚ қызметкерлері ізденісті арттырғаны жөн. Ол үшін журналистер стилистика, дизайн, тақырып таңдау, басқа да түрлі ізденістерге ден қойса, басылымның сапасына оң әсер етеді. Басты мәселе – журналистер үнемі шығармашылық тұрғыда ізденуі тиіс. Өзім де қаламгер болғандықтан, осы жағына назар аударуды ұсынамын. Әрине, қоғамдағы әр саланың жетекшісі әріптестеріне үлгі болып, өнеге көрсетсе, оқу мәдениеті де қалыптасар еді. Елдің дамуына қатысты мәселенің ақпараттық насихатталуына ортақ әрі бірлескен көзқарас болғанда ғана жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады, — деді Мәлік Нұржанұлы.

Жергілікті журналистердің оң имиджін қалыптастырып, деңгейін көтеру үшін жыл сайын немесе екі жылда бір рет журналистер форумын ұйымдастырып отырған артық етпейді. Онда журналистер өзара пікір алмасып, тың идеялар мен бастамаларға жол ашылатыны даусыз. Ал, газет-журналдардың таралымын арттыруға ірі өндіріс орындарының алаңын тиімді пайдалана білсе, оң әсер етеді.

– Ескеретін жайт, мемлекет басшысының күнделікті жұмыс күні газет-журналдарды оқудан басталады. Қасым-Жомарт Кемелұлы мақалалардағы маңызды ұсыныстар мен пікірлерге ерекше назар аударып отырады. Қауырт жұмысының арасынан уақыт тауып, белгілі қаламгерлердің туындыларын да оқиды. Егер әрбір басшының газет-журнал мен көркем әдебиетке деген ұстанымы осындай болса, кейінгі звеноларда да, біртіндеп жалпы қоғамда да оқу мәдениеті жақсы қалыптасар еді. Басты талап – жазу өнеріне зор ізденіс қажет. Сонда ғана қаламгерге қойылатын талап жоғарылап, оқырманның талғамы өседі, — деді Президенттің кеңесшісі.

Мәлік Отарбаев журналистердің мүддесін көздейтін масс-медиа туралы нормативтік-құқықтық акт жақында қабылданатынын айтты.

Айта кетейік, Президенттің кеңесшісі кеше жергілікті жас қаламгерлермен кездесіп, Сарайшық қалашығындағы жұмыстармен арнайы барып танысты.

Өз тілшіміз

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button