Жарнама
Мәдениет

ЖАСТАРДЫ ЖАРАСТЫРҒАН ЖАҚСЫ ДӘСТҮР

anurlan1Нұрлан РАМАЗАНОВ,
«Иманғали» орталық мешітінің 
наиб имамы:

БАСТЫСЫ – АҚ НИЕТ

Сый жасау — қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі. Мейлі, ол кестелі орамал, гүл шоғы, әтір болсын, қандай сый ұсынсақ та, шын ниетпен берілуі қажет. Хадисте сыйлық жасауда көптеген ізгі амалдардың жатқаны айтылады. Яғни, кез-келген адам сыйлық беру арқылы арадағы сүйіспеншілікті арттырып, жүрегін кірбіңнен тазартады. Шариғатта бұл сауапты іс саналады. Дін уағыздаушылары мұны адамдарды татуластыруға, ынтымақ-бірліктерін жарастыруға да пайдаланған. Нәтижесінде, дұшпандық достыққа, келіспеушілік түсіністікке ұласқан. 

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Араларыңдағы дұшпандық пен кекті жою үшін сыйлық беріп, бір-біріңді жақсы көріңдер» деді. Ендеше, адамзат сыйластықта өмір сүруі қажет. Жетпеген тұсын жетілдіріп, қол ұшын беруде өзгенің қажеттілігіне қарай сый жасау да–имандылықтың белгісі. Тіпті, жейтін нәрсе сыйлау несібені молайтуға жол бастайды екен. Сондықтан, сыйлықты еш азсынбаған абзал. Хадис тілімен айтқанда, оны ризашылықпен қабыл алу, шын көңілмен алғыс айту сыйлық берісудің қалыптасқан әдебіне жатады.

asan111Асан НҰРҒАЛИЕВ,
облыстық энергетика және тұрғын 
үй-коммуналдық шаруашылығы 
басқармасының бөлім басшысы:

ТАҢДАУ МЕН ТАЛҒАМ ҚАЖЕТ

«Селтеткізер» мен «Ұйқыашарды» жоғалып кетті деп кесіп айтуға болмайтын секілді. Меніңше, тек сыйлық жасаудың тәсілі ғана өзгерді. Заман ағымына байланысты сый иесінің қажеттілігіне қарай таңдалатын болды. Тіпті, сый ұсынушыңыздың талғамын тап баса алмаған жағдайда түрлі сән үйлері мен электроника дүкендерінің  дисконт карталары  да ұсынылып жүр.

asil111Асылбек ЫҚСАН, 
Махамбет атындағы қазақ  
драма театрының директоры:

ӘДЕМІ ДӘСТҮРІМІЗ ҰМЫТ ҚАЛМАСА ЕКЕН…

Наурыз мерекесі жігіттің көкірегінде бүр жарған ұлы сезімін сүйгеніне білдіруіне дем береді. Осылайша, Наурыз екі жастың жарасуына жол ашқан. Салт-дәстүрі өмірлік заңына айналған ата-жұртымыз қыз бен жігіттің қосылуын мерекеге ұластыра білген. Соған арнап «Селтеткізер» атты әдемі дәстүрді өмірге алып келді. 

Бозбала кезімізде бұл дәстүрді ұмыт қалдырмаушы едік. Жігіттер нәзік жандыларға моншақ, тарақ, айна секілді сыйларды тарту ететін. Сондай-ақ, қала сыртына шығып еңлік гүлін теріп, ұсынатынбыз. Ол Алматы жақта өседі. Ал, бүгінгінің азаматтары дәстүрдің бұл түріне аса мән бермейтін сияқты.

aerbolЕрбол УАХИТОВ, 
Атырау қаласындағы Жамбыл атындағы
№21 орта мектептің мұғалімі:

СЫЙДЫҢ АРТЫНДА СЫЙЛАСТЫҚ ЖАТЫР

Мереке күндері сый жасау–қиынның қиыны. Себебі, жыл сайын сыйлықтың бір түрін ұсына беруге де болмайды. Егер сіз шығармашылық ортаның адамы болсаңыз, онда көңіліңіз қалаған жанға шын жүректен шыққан өлең немесе әңгімеңізді арнай аласыз. Ертеректе бұл ең қымбат сый саналған. Сонау Ақсан сері, Біржан салдарымыз айдай сұлу қазақ аруларына талай әндерін арнап кетті емес пе? Олардан мұра болып қалған әндер нәзікжандылардың жүрегін селт еткізбейді деп кім айта алады? Сондықтан, бүгінгінің жас ақын-жазушылары әз Наурыз мерекесінде әдемі дәстүрімізді осындай жолмен қайта өмірге әкеліп жатса, ұлттық болмысымыздың бояуы қаныға түсер еді.

Пікірлерді жазып алған: Алтыншаш Құрмашева.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button