Жарнама
Мәдениет

ЖАРАЛЫ ЖЫЛДАР ЖАРҚЫЛЫ

«Исатай-Махамбет» алаңына автошеруге қатысушылар мен атыраулық әскерилер, қала жұртшылығы жиналды. Оларды жергілікті атқарушы билік атынан Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова құттықтады. Қонақтарға облыс басшылығы атынан «құтты болсын» айтқан ол Тәжік-Ауған шекарасына кезінде атыраулық 200 шамалы сарбаздың аттанғанын еске салды. Бүгінде облыс әкімінің бастамасымен өңірде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындық қызу жүріп жатыр. Майдангерлерді марапаттау, олардың әлеуметтік мәселелерін шешу, саулықтарын сауықтыру, т.б. шаралар кезегімен жүзеге асуда. Бұл – Президенттің барлық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдарға жүктеген міндеті.

Жалпы, республикалық «Ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы подполковник Мұрат Мұхамбетжановтың айтуынша, Ақтөбеден шыққан автошеру Орал қаласы арқылы Атырауға жетіп отыр. Одан әрі жол Құлсары қаласы, Бейнеу, Шетпе, Мұнайлы елді мекендерінің үстімен Ақтауға дейін жалғасады. Солардың бәрінде де жұртшылықпен жүздесу, жастармен кездесу ұйымдастырылады. Мақсат – жас ұрпақ бойында отансүйгіштік қасиеттерді орнықтыру, оларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу. Әрине, Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауына қолдау көрсету.

Жалпы, Тәжік-Ауған шекарасын күзетуге Қазақстаннан 8,5 мың сарбаз қатысты. Олар өздігінен ешкімге шабуыл жасаған жоқ. Әйтсе де, ТМД елдерінің сыртқы шекарасын қырағы күзету арқылы ішке жат пиғылды жандардың еніп кетпеуін қамтамасыз етті. Мемлекет-аралық келісімге сәйкес Орталық Азияда тыныштық пен бейбітшілік орнығуына үлес қосты.

Өкінішке орай, сол сарбаздар шығынсыз оралған жоқ. Тау қуысында торуылға тап болған қазақстандық рота бораған оқтың астында қалды. Он жеті жауынгер қаза тапты, өзгелері жараланды. Мұрат Мұхамбетжанов осы оқиға туралы көркем фильм түсіруді ұсынады. Құптарлық бастама. Ресейліктер Ауған соғысында мерт болғандарға арнап «9 рота» фильмін жарыққа шығарды ғой. Сонда соғыс шындығы боямасыз баяндалады. Демек, біз де боздақтарымызды еске алғанымыз абзал.

Шара барысында Маңғыстау аймағы бойынша «Қайсар» әскери-патриоттық клубы рота командирінің орынбасары Ескендір Нұрахметов өзінің әнін шырқады. Бұл ән тұңғыш рет биылғы 10 қыркүйекте Астанада өткен Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қимылдарға және өзге де әскери жанжалдарға қатысушылар одағының бірінші республикалық форумында орындалған екен. Осы автошеру қарсаңында Елбасы Жолдауынан туындайтын талаптармен толыққан ән мәтіні жаңа туындыға айналыпты. Атырау аспанында алғаш рет шырқалды.

«Исатай-Махамбет»  алаңындағы шара Жеңіс саябағындағы Мәңгілік алау басына гүл шоқтарын қоюмен жалғасты. Жаралы жылдар жарқылы әр жүректе сезіліп тұрды. Автошеру Құлсары қаласы арқылы Ақтауға бет алды.

 

МеңдібайСҮМЕСІНОВ.

Беттегісуреттердітүсірген

ЕрланАЛТЫБАЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button