ЖАҚАНОВТЫҢ ЖАРҚЫН БОЯУЛАРЫ
Жалпы, Ілекеңнің тамылжытып тұрып және өзі де тамылжып отырып айтар әңгімелерін сағынғанда үйіне жетіп барар едік. Ол кісі болса, қашан да қуана қарсы алады.
Сондай күндердің бірінде, дәлірек айтсам, 2009 жылдың 21 мамыры күні Ілағаңның үйіне бардым. Есікті ашқан Тиыш апай амандық-саулық сұрасқан соң мені әдеттегідей қонақ бөлмеге емес, кабинетке қарай бастап келді де:
— Мында ғажап боп жатыр,-деді күліп. Мен түк түсінбеген қалпымда кабинетке кіргенімде ең алдымен сезгенім бояудың иісі болды. Сөйтсем, Ілекең үлкен кенепті кәдуілгі суретшілерше мольбертке бекітіп қойып, сурет салып жатыр екен. Бір қолында алуан түрлі бояу салынған табақша, екінші қолында киста, үстінде алжапқыш. Ал, салған суреті… шынымен де ғажап. Менің тура қарсы алдымда күздің алуан бояуына малынған Жайықтың сұлу пейзажы тұрды.
— Бұл Жайықтың Алмалы ауылының тұсындағы көрінісі… Қалай?-деді Ілекең. — Тек шыныңды айт, менің көңіліме қарама.
— Әсерім шексіз, аға!-дедім. -Кезінде сурет салғаныңызды «Еділ-Жайық» атты эссеңізде аз-мұз айтып кеткеніңізді білемін. Бірақ, мынадай профессионалдық деңгейде салады деп ойламаппын. Кешіріңіз, әрине.
— Оқасы жоқ. Өзіңе талай айтып жүрмін ғой, мені сонау бала кезімнен табиғат сұлулығы аялады. Албырт қиялым аспандағы ақша бұлттар үстінде қалқыды. Жұлдызы жымыңдаған мақпал түндерде толықсыған айға ойлана, сұқтана қарадым. Өзен шуы, су сылдыры, қамыс сыбдыры, түн құстарының құйқылжыған үні, осының бәріне тұңғыш рет тыңдағандай ынтыға құлақ түрдім. Кейде ауыл шетінде қой күзеткен жандардың сызылта салған қоңыр әндері де тіл байлайды. Бір түсініксіз сезім толқытады. Жауынды күндерде қара аспан төрінде шарт етіп сынған найзағай, жылқы шетінде бір-бірімен шайнасып, жанталаса кісінескен азулы айғырлар, жартастың үстінде қақшиып тұрған құлжа, алаулап, қызарып батып бара жатқан алтын күн, маужыр кештер… осы суреттің бәр-бәрі мен үшін бір қайталанбас ғажап көрініс, сырлы әлем секілді еді. Осының бәрі ішкі дүниемдегі қайнап жатқан бұлқынысты оятты ма, мен үн-түнсіз отырып сурет сала беретін әдетке бой алдырдым. Оның үстіне, өзіміздің ауылда Досат деген атамыз бен Көркіш атты әжеміздің Сәтжан, Төре деген ұлдары болды. Екеуі де соғыстан оралмады. Төренің ғажап суретшілігін ел жыр қылып айтатын еді. Ол да өзіміздің Ілгерібас колхозындағы Серго атындағы мектепте оқыды. Салған суреттерінің бірқатары мектептегі мұғалімдер бөлмесінде сақталған екен. Мен ойда жоқта бір күні сол суреттердің шашылып жатқанын көріп, ешкімге көрсетпей қойныма тығып, үйге алып келдім. Акварельмен, түрлі түсті қарындаштармен салынған суреттер… Оларды өзім ғана тамашалап, көз алмай үңіліп, қиял құшағына енетінмін. Сол суреттердің бір-екеуі есімде қалыпты: біріншісі – жорғалап келіп, іркіле тоқтаған торы қасқа тай, екіншісі – тулай шауып бара жатқан тайдың сол қапталынан қосылып, шабынан тартып қалуға ұмтылған сұр қасқыр. Тағы бір жыртылған суреттерінде тау жолы, жартастардың арасымен ылдиға түсіп келе жатқан түйелер бейнеленген. Ақша бұлттар сол жартастармен араласып тұр. Бұл – акварель. Сол күндерден бастап сурет сала бастадым. Сурет салсам болды, қиялымда бір беймәлім әуен де жүріп жатты…
Иә, сол қиялындағы беймәлім әуендер Ілекеңді кейін басқа арнаға (музыка мен әдебиетке) бұрып әкеткен еді. Ілекең одан кейінгі уақытта ҚазМУ-дің филология факультетін бітіріп, елге радиожурналистігімен, композиторлығымен, музыка зерттеуші қаламгерлігімен және өз әніне өзі сөз жазатын ақындығымен танылды. Қазақ журналистикасына музыкалық новелла, эссе-элегия секілді жаңа жанрларды да тұңғыш енгізген Жақанов болды. Ал, суретшілігі өнер-сүйер қауым үшін тасада қалды…
…Уақыт осылай өтіп жатты. Сөйтіп жүргенде, Ілекең осыдан екі жыл бұрын (2012 жылы) Атырау университетінің бейнелеу өнері және дизайн факультетіне оқуға түсіп, дүйім елді таңғалдырғаны бар. Енді жуырда «Жерұйық» деген тақырыпта дипломын қорғап, көңілі жайланды. Даңқты композитордың суретші дипломын қорғау сәтін еліміздің барлық телеарналары мен баспасөзі шуылдай көрсетіп, әлемге жар салды. Құдай берген табиғи дарыны бар Ілаға дипломға неге қызықты? Мұның жауабын композитордың өз аузынан естиік:
— Ұзақ жылдар тасада қалған суретшілік өнеріме қайта оралуыма бір жағынан аяулы Даниярымның артында қалған сүйікті немерем Әйгерім себепші болды,-дейді Ілекең. – Тұқымымызда да құр емес болғандықтан шығар (елге танымал суретші Зейнеп Түсіпова Ілекеңнің қарындасы – Т.Н.), Әйгерім кішкене күнінен сурет сала бастады. Осыны ескеріп, оны сабақтан бос уақытында Атырау облыстық өнер мұражайы жанындағы көркемсурет студиясына бергенбіз. Әдеттегі бір күні Әйгерімді сабақтан үйге алып кету үшін барғанымда ол бос болмай, сәл күтіп отырып қалдым. Қарап отырмайын деп, бір ақ қағазға шимайлап сурет салып отырдым. Мұнымды осы студияда дәріс беретін әйгілі суретші, Қазақстан және КСРО Суретшілер одағының мүшесі Қамбарбек Аманов байқап қалып, «аға, сурет салады екенсіз ғой» деді таңғалысын жасыра алмай. Осыдан кейін ол менің көп жылдар бұрын салған, үйде сақтаулы тұрған бірнеше суретімді көріп, «сізге кәсіби диплом алу керек, өйткені, сурет салудың өзіндік қалыптасқан мектебі, теориялық тұрғыда салу тәсілдері бар. Сіз бояуды сөйлете аласыз, кескіндеме арқылы образды дәл бересіз, суреттеріңізден табиғаттың өз салтанатты үні естіледі» деді. Бұл маған үлкен ой салып, Атырау университетінің бейнелеу өнері және дизайн мамандығына түсуге бекіндім. Қамбарбектің айтуы дұрыс, оқу кезінде суретшіге талантпен қоса теориялық білім де керек екенін білдім. Міне, екі жыл да зу етіп өте шығып, дипломымды қолға алып отырмын. Диплом жұмысым «Жерұйық» атты триптихтан тұрды. Бірінші картинам Алтайға, екіншісі Қарқаралыға, үшіншісі Жайыққа арналды. Яғни өзіміз сөзде жиі қолданатын Атырау мен Алтай арасын қамтуға тырыстым. Жұмысымды мемлекеттік емтихан комиссиясы беске бағалады. Шынымды айтсам, осы бір жағдай менің жаныма қанат бітірді. Өйткені, бала кезімде, әсіресе, күзгі шақтың көз жауын алар тамылжыған көріністерін этюд қылып жазған әйгілі суретшілерге қызығып, іштей тынатын едім. Олардай биікке көтерілмесем де, мектептің 10-класында оқып жүргенімде облыстық суретшілер байқауына қатысып, сол кезде біздің елде жер аударылып жүрген атақты кеңес суретшісі Михаил Храпковскийден мақтау естіген болатынмын. Тағдырдың сәйкестігін қараңыз – сол Храпковский университетте оқып жүргенімде де алдымнан шықты. Тіпті, оның Алматыдағы студиясынан жарты жыл дәріс те алдым. Бірақ, кейін, ұзын-ырғасы қырық жылдай уақыт қолыма қылқалам алмай кеттім. Қызмет, тұрмыс қамы, өзге шығармашылығыммен жүріп мойын бұра алмадым. Шынымды айтсам, сағынып та қалыппын. Бұл іспен айналысу маған зор рухани ләззат сыйлайды. Жасымның ұлғайғанына қарамастан, жастыққа тән романтикалық сезіммен әлдилейді. Басқа саладағы шығармашылығыма да шабыт береді…
Олай болса, біз де Ілекеңе шығармашылығының екінші тынысын ашқан суретшілік өнеріңіз табысты болсын, Алла дипломыңыздың игілігін көруіңізді нәсіп етсін дейміз.
Тарас НАУРЫЗӘЛІ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Атырау қаласы.