Жарнама
Мәдениет

Жайық бойында көшпелі көрме өтуде

Халқымыздың тарихында ұлттың тағдыры шешіліп, болашаққа әсерін тигізген әйгілі жерлер аз болмаған. Солардың бірі – Ордабасы өңірі. Бүгінде Ордабасының қазақ халқының тарихи, мәдени және рухани көрікті жері ретінде береке бірліктің бастауы болғаны мәлім.
Махамбет ауданы, Сарайшық ауылындағы «Сарайшық» сапар орталығында «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Ордабасы – көне заманнан бүгінге дейін» тақырыбында көшпелі көрмесі өтуде.

«Ордабасы» музей-қорығы Жайық бойындағы тарихи мекенде халықтың басын қосып, еңселі елдіктің іргесін бекіткен жерді қайта жаңғыртуда.
Сарайшық музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар, Ордабасы музей-қорығының бас тарихи мәдени мұраларды қорғау бөлімінің басшысы Жұмабек Ташбаев тарихтан сыр шертіп, көрменің маңыздылығы туралы айтты.
– «Ордабасы» тарихи-мәдени ұлттық қорығы 1994 жылы ашылды. Ол
Шымкент қаласынан батысқа қарай 40 шақырым жерде Бадам өзенінің сол террасасында орналасқан.
Қорық «Ордабасы» тарихи қорымының, сонымен қатар Ордабасы жеріндегі кешендік және жеке археологиялық, сәулеттік ескерткіштердің негізінде құрылды. Мұражай қорығының территориясында тарихи-мәдени маңызы бар 10 ескерткіш орналасқан.
Мұражайдың барлық қорларында және экспозицияларында 1376 экспонат бар.
Тарихи-мәдени қорықтың штатында 25 қызметкер жұмыс істейді. Олардың арасында аңшылар, ғылыми жұмысшылар, экскурсия жетекшілері бар. Жыл сайын Ордабасыға 40 мыңнан астам турист келіп отырады, осы жерде ауа райы өте ыстық болғандықтан, туристердің қарабалас кезеңі күз бен көктемге келеді.
Көрмеде тамырын тереңге жайған Ордабасы өңірінің ескерткіштері, музей қорындағы жүзге жуық көне тас дәуірінен бастап, ерте қола дәуірі, Сақ, Қаңлы, Түргеш, Қарахан дәуірінің құнды жәдігерлері көрермендер назарына ұсынылады. Көрменің жұмысына сәттілік тілеймін, — деді Жұмабек Құсбайұлы.

Көрменің ашылу салтанатында лента қию рәсімі ауыл ардагері Нығмет Құрмашев пен музейдің ардагері Кәлима Акимоваға берілді.
Екі күнге созылған көрмеде Қазақстан аумағынан сирек табылатын ерте және
кейінгі қола дәуіріне жататын ғұрыптық заттар мен соғыс құралы, ерте темір дәуірінің қанжары мен жебе ұштары, Орталық Еуразия мен ТМД елдерінің кеңістігінде баламасы жоқ қыш тақтайшаларға жазылған көне жазулар қойылған.
Сондай-ақ, сүйектен жасалынып бетіне сурет салынған құрама садақ қаптамалары мен жебе ұштары, Түркі кезеңінің жебе ұштары мен XI – XII ғасырлардағы қола шырағдандар, Түргеш, Әмір-Темір, Бабыр атынан және Отырар ақша сарайында соғылған тиындар таныстырылды.

Сонымен қатар Қазақ хандығы тұсында ұлт тағдыры шешілген Ордабасыдағы үш жүздің басын қосқан ұлы жиын туралы ақпарат беріліп, тәуелсіздік жылдарындағы Ордабасы тарихы туралы фото стенд қойылды.
Көрме барысында Сарайшық ауылындағы Жұлдыз өнер орталығының Балауса домбырашылар ансамблі «Ерке сылкым», «Балбырауын» күйлерін нақышына келтіріп орындап, Ақерке Байболатова Халық әні «Беу айдайды» орындап көрме тамашалаушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button