Екі елдің ән-күйі бір сахнада орындалды

99660d37 8c3d 4a7b 9726 25a698133904 Мәдениет

Атырау облыстық филармониясының «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрі мен Ресейден арнайы келген атақты «Скиф» квартеті бірігіп, шығрмашылық кеш өткізді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Айта кетейік, көршілес Астрахан қаласынан келген арнайы делегация екі күн бойы мұнайлы астананы аралап, өзара тәжірибе алмасуда. Мақсат – екі ел арасындағы сауда-саттық, экономикалық, рухани-мәдени және басқа да бағыттағы өзара қарым-қатынас пен жаңа бизнес-бастамаларды дамыту. Шара барысында Астрахан облысының мәдениет және туризм министрі Ольга Прокофьева атыраулық көрермендерге ыстық ықласы мен жылы лебізін білдірді. «Мен сіздерді көріп отырғаныма өте қуаныштымын.

Қазақстан тек аумақтық орналасуы жағынан ғана емес, тарихи жағынан да, мәдениеті жағынан да Ресейге ең жақын ел. Соның ішінде Атырау мен Астрахан облыстарының халқы бір-бірімен бұрыннан берік байланыс орнатып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тығыз қарым-қатынас орнатқан, шекара сызығының екі шетінде тату-тәтті тірлік кешіп келеді. Екі ел арасында шекара болғанымен, достығымызда шек жоқ. Өйткені, ежелден етене жақын екі елдің достығын шекара сызығы бөле алмайды. Қос мемлекеттегі шығармашылық ұжымдардың өзара байланысын тіпті жер жүзіне жайылған коронавирус пандемиясы да ажырата алмады. Бүгінгі сапар барысында біз біршама нысандарды араладық. Мұндағы материалдық-техникалық мүмкінідктің мол екеніне көз жеткіздік. Жаңа жобаларды жүзеге асыру жөнінде жаңа бастамалар да туып жатыр. Бұл жобалар халықаралық сипат алып, Каспий өңірі елдерінің басын біріктіреді деген сенімдемін» деді ресейлік мейман. Бұл күні залда ине шаншыр орын болмады.

Керемет кешті көруге келген халықтың қарасы қалың болды. Кеш барысында қазақ және орыс халықтарының шығармалары түрлі форматта орындалып, көрермен көпшіліктің көңілінен шықты. Мұны әр шығарма орындалып болысымен тік тұрып қол соққан көрермендердің құрмет пен қошеметінен айқын аңғаруға болады. Айта кетейік, «Скиф» квартеті 1992 жылдан бері 1500-ден аса шығармашылық кешін өткізген. Квартет мүшелері Ресейдің 80-нен атсам қаласынан бөлек, Норвегия, Финляндия, Нидерланды, Германия, Франция, Австрия, Дания, Италия, Қытай, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея, Түркіменстан мен Қазақстанда, соның ішінде Атырауда да талай өнер көрсеткен.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: автор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз