ЖАЙЫҚ ӘНМЕН ЖАҢҒЫРДЫ

Батыс Қазақстан облысының Атырау өңіріндегі мәдениет күндерінен кейінгі ой
Елбасының тапсырмасына сәйкес еліміздің облыстарында мәдени күндерді ұйымдастыру халықтың рухани жан-дүниесінің кеңеюіне жағдай жасады. Міне, Атырауда Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндерінің өтуі мамыр айындағы басты жаңалық болды.

Екі күнге созылған мәдениет пен өнер мерекесі көптің көңілінен шығып, халық рухани ләззатқа кенелді.
Музыкадағы ең басты құндылық – классика. Сондықтан классикамен тәрбиеленген адамның психологиясы басқа болады, ешқашан жамандыққа бармайды. Жаны нәзік келеді. Осы классикалық өнерді насихаттайтын Батыс Қазақстан облысының эстрадалық-симфониялық оркестрінің өнеріне атыраулық жұртшылық тәнті болды.
Елге танымал музыкант, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі Александр Шевелев жетекшілік ететін аталмыш оркестр – аз уақыт ішінде тек Оралда ғана емес, өзге өңірлерде де концерт беріп, әлемдік классика өнері мен ұлттық өнеріміздің қанат жаюына өз үлестерін қосып келе жатқан өнер ұжымдарының бірі. Өнер ұжымы бұған дейін де Атырауға келіп, өнер көрсеткен болатын. Бұл жолы да халықтың классикалық өнерге ықыласын анық байқадық.
Мәдениет күндері аясында атыраулықтар батысқазақстандық жекелеген әнші-күйші, бишілердің өнерін де тамашалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, өлке тарихынан сыр шертетін көрмелерде де кең мағлұмат берілген.
Өңірдегі қара шаңырақ – Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры әртістері жергілікті өнер сүйер көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Иран Ғайыптың «Махамбет» трагедиясымен батысқазақстандық театр жыл сайын маусымын ашып келеді. Бұл жолы ХІХ ғасырдың 30-ыншы жылдары бай-сұлтандарға қарсы шыққан, ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі – ақын Махамбет Өтемісұлы туралы спектакль атыраулық көрермендер жүрегіне жол тапты. Бөкей Ордасының хан сарайында тұрып, Жәңгірдің бетіне тіке қарап «Хан емессің, қасқырсың, қас албасты басқырсың» деп өршілдік, ерлік танытқан Махамбеттің образы да көрерменге анық жетті. Сондай-ақ, серігі Махамбеттің сөзін тыңдамай, ханның арам пиғылын аңғармай, алдауына түсіп, қаза тапқан Исатай батырдың бейнесі де толықтай ашылды. Әсіресе, Исатайдан айырылған кездегі Махамбеттің күйі көрерменнің аяныш, өкініш сезімін тудырды. Сол сәтте залда отырған көрермендер арасында көздеріне жас алғандар да аз болмады.
Ал, гала-концертте батысқазақстандық өнер иелері Атырау жұртына әннен шашу шашып, қазақтың төл билерін билеп, күйлерін тартты. Кешті тамашалауға келген көрермендерден Махамбет атындағы қазақ драма театрының залында ине шаншар жер болмады. Әсіресе, жерлестеріміз көршілердің би өнеріне деген ықыласын жасырып қалмады. Сондай-ақ, күміс көмей әнші, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев кеш сахнасына шығып, өнерін тарту етуі шараның маңыздылығын одан әрі асырып түсіргендей.
Мәдени кештерден ерекше әсер алған атыраулық көрермендер сахна төрінде өнер көрсеткен батысқазақстандықтармен бірге қосылып ән салып, ерекше қошеметтер көрсетіп жатты. Ұлттық нақыштағы ән-жырмен сусындаған олар ерекше ықыласта болды.
Мәдениет пен өнер – ұлттық құндылықтарымыздың айнасы. Шежірелі өлкеде ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміз қарышты қадаммен өсу үстінде екенін байқадық. Атыраудағы мәдениет күндері аясында батысқазақстандықтар осыны тағы да бір рет дәлелдеді. Ал, өнер десе қанаттанып, арқа қоздыратын Атырау халқы батысқазақстандық өнерпаздарды құшақ жая қарсы алды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

* ПІКІРЛЕР. ТІЛЕКТЕР. ҰСЫНЫСТАР.

ҰЛТТЫҢ АТЫН ШЫҒАРАТЫН – ӨНЕР

Батыс Қазақстан облысының Атыраудағы мәдениет күндері өте тамаша деңгейде өтті. Екі өңір бір-бірімен ежелден әр салада тығыз қарым-қатынаста келеді. Екі облыс арасында достық мықты қалыптасқан.
Осы жолы да атыраулықтар батысқазақстандықтарды жақсы қарсы алып, үлкен құрмет көрсетті. Кеңпейілдігі үшін, өнерді жылы қабылдайтын қасиеті үшін Атырау халқына тағы да бір рет риза болып қайттым.
Атырау, негізінен, мұнайлы өлке болғанымен, халық өнер мен мәдениетті қатты құрметтейді. Әсіресе, соңғы жылдары өнерге бет бұрылып, серпіліс байқалады.
Батыс Қазақстанның өнеріне бұрыннан-ақ тәнтіміз. Талай дарын иелері шыққан өңір бұл. Атырау – көптеген біртуар тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті өлке. Сондай-ақ, өнерге бет бұрып келе жатқан жастардың көбеюі қуантады.
Ұлттың атын шығаратын – өнер. Сондықтан, екі өлкеде де мәдениет пен өнерді қолдау осылай жалғасын таба берсін деген тілегімді білдіремін.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын,
халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері.

БАЙЛАНЫС БЕКИ ТҮСПЕК

Өнер деген – бәсеке. Батыс Қазақстан облысының Атыраудағы мәдениет күндері сияқты ауқымды шараларда біз бір-бірімізге қарап ой түзейміз, тәжірибе алмасамыз. Осы тұрғыдан алғанда Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі, өлкеде талай жетістікке жетіп, көрермен көзайымына айналып жүрген камералық оркестріне ерекше тәнті болдық.
Батысқазақстандықтардың би өнері де жоғары екендігін байқадық. Бұл – достықтың, бірліктің, көршілес облыстардың бір-біріне мәдениет пен өнер мерекесін сыйлауға бағытталған шара болғанымен, «әттеген-ай» деген тұстарымызды аңғаруға септігін тигізді. Тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, атыраулықтарды рухани серпілткен батысқазақстандықтардың өнер шеберлеріне алғысымыз шексіз.

Алтынбек НЫСАНҒАЛИЕВ,
Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және
құжаттама басқармасы басшысы.

БІЗДІҢ ТАРИХЫМЫЗ ОРТАҚ

Атырауда мәдениет күндерін өткізуге үлкен дайындық жұмыстарын жүргізіп, арнайы бағдарламамен бардық. Өнерпаздар зор әсер алып қайтты. Атырау халқы батысқазақстандықтарды өте жақсы қарсы алды. Барлық шараларда да өнерге деген сүйіспеншілігі жоғары көрермендер көп болды және өнерпаздарға қызу қошемет көрсетілді.
Әртістерімізге де барлық жағдай толықтай жасалды. Осы шаралар нәтижесінде екі өлкенің мәдени мекемелері бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, осы қарым-қатынасымызды одан әрі жетілдіре беруге атсалыспақшымыз.
Атырауда мәдениетке деген зор қолдаудың куәсі болдық. Батысқазақстандықтардың өнері ыстық ықыласпен бағаланғанына дән ризамыз. Ал, қонақжайлық қасиетін паш еткен Атырау жұртына алғысымыз шексіз.
Жайық бойындағы қос өңірдің байланысы одан әрі беки түсіп, достығымыз жалғаса береріне еш күмән жоқ. Өйткені, бізде тарих ортақ, мәдениет ортақ.

Айдар БАТЫРХАНОВ,
Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз