Жарнама
Мәдениет

«ЖӘҢГІР ХАННЫҢ» ЖАҢА ҚЫРЫ

Туындыны театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов қойса, суретші Мұрат Мәмбетов те біраз еңбек сіңірген. Жәңгір ханды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов бейнелесе, Махамбетті сахнаға театрдың директоры Қуаныш Амандықов алып шықты. Фатиманы Жанаргүл Құрманғалиева сомдаса, сондай-ақ, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сердеш Қажымұратов (император), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Исалиева (патшайым), мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бектенов (Қарауыл қожа) сынды театрдың белді әртістері өз рөльдерін барынша нанымды шығарды.

Спектакльдің өн бойынан қазақ даласын отарлаушылықтың, озбырлықтың салқыны сезіліп тұрады. Исатайдың өлімі туралы хабарды естіген Жәңгір хан күйзелісі, оның өзі ашқан мектептің алғашқы шәкірттерін Орынборға жібергендегі қуанышты көңіл-күйімен ауысады. Енді бірде Ковалевскийдің керуенін тонағанды сылтау етіп, Махамбетті шаппақ болған казак әскерінің қанқұйлы әрекеті өздерінің өлімімен аяқталады. Махамбет пен Жәңгір ханның сөзбен текетіресі кезінде бір-бірінің мінезі ашыла түседі. «Бұлай айтпаса, Махамбет бола ма, оның сөзін көтермесем, мен хан болам ба?» деген хан Махамбетке Жайықтың арғы бетіне өтіп кету үшін қайық ұсынады. Бірақ батыр иілмейді. Екі оттың ортасында қалған Жәңгір ханның ақ патшаның Ордада шіркеу салу туралы талабына көнгісі келмеуі, басқа да әрекеттері оның бабасы Әбілқайыр хан кезінде басталған бодандық қамытынан құтыла алмай, аһ ұруының астарын ашып көрсетеді. Жалпы, қойылымда басы артық оқиға жоқ, тың режиссерлік шешімдер бар. Әсіресе, жазалаушы отрядтың қазақ қыздарын қорлап, зорлық-зомбылық көрсетуі жаныңды түршіктіреді. Көз жұмып қарауға болмайтын тарихтың ащы шындығы зал толы көрерменнің жүрегін елжіретпей қоймады.

Айта кету керек, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры биыл Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» атты халықаралық антикалық өнер фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ, Өскемен қаласында ХХІІІ республикалық театрлар фестивалінде Ұлы Жеңіс тақырыбына арналған шығармалар бойынша бас жүлдені иеленді.

— Жәңгір хан – тарих беттерінде жаңа қырынан танылып жүрген айтулы тұлға. Ол – қазақ балаларының сауатын ашу үшін алғаш мектеп пен мешіт салдырған ағартушы-реформатор. Еуропадағыдай білім алсын деп шәкірттерін Омбыдағы кадет корпусына оқуға жібереді. Алғаш электр шамын әкелген де осы Жәңгір. Нарында құм көшкінін тоқтату үшін қарағайлар егіп, тоғайға айналдырды. Өзім Оралдың Қаратөбе ауданынан боламын. 1998 жылдан бері көптеген комедия, мелодрама, трагедияларда ойнадым. Сахнада Құрманғазы, Сырым, Исатай батыр болып та үлгердім. Бірақ, дүйім елді бірлік пен бейбітшілікке үндеген Жәңгірді сомдау өзіме көп еңбектенуді қажет етті. Атыраулық көрермендердің ыстық ықыласы — біз үшін үлкен мәртебе, — деді бізбен әңгімесінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов.

Амандық Сағынтайұлы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button