«ҮЗДІК КӨРНЕКІ АҚПАРАТ» ИЕЛЕРІ КІМДЕР?
Облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Қилымғали Қайненов байқаудың номинациялар бойынша қорытындыланғанын айтты.
Жиын барысында «Келісті атау» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен Исатай ауданынан «Шұғыла» мейрамханасының иесі Сапарғали Жұбанов марапатталса, ІІ орын Құрманғазы ауданынан «Әдемі» сұлулық салонының иелері Бисембай Танашев пен Самал Тілегеноваға тиесілі болды. Жүлделі ІІІ орын Индер ауданы «Ақ отау» мейрамханасының иесі Әлия Қарашинаға бұйырды.
«Үздік жарнама» номинациясы бойынша жеңімпаздарды Қазақстан Суретшілер және дизайнерлер Одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі Әділхайыр Жантасов марапаттады.
Жүлделі ІІІ орынды Қызылқоға ауданы, Миялы селолық округі әкімдігі «Келбетіңнен төгіліп алтын арай, келешегің Миялы жарқырағай!» атты жарнамасы арқылы еншіледі. Сондай-ақ, Атырау қаласынан «Көркем» жарнама агенттігінің иесі Әлібек Бақтияров жүлделі ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, бұл номинация бойынша І дәрежелі дипломға лайықты номинант табылмай шықты.
Байқаудың келесі бағыты «Көркем маңдайша» номинациясы бойынша Махамбет ауданындағы «Әкежан» дүкенінің иесі Табиға Әубәкірова, Атырау қаласындағы «Иверия» дүкенінің иесі Зураб Бобохидзе, Исатай ауданының «Жайық» мейрамханасының иесі Мансур Есмағзомұлы марапатталды.
Жиын соңында Қызылқоға ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Жәния Ізбасқанова сөз алып, қазақ тілін құрметтеп, оның әдемі сөздерін жарқыратып жарнамада көрсету сияқты жұмыстардың аз емес екенін айтып, кейде олардың ішінде Тіл заңдылықтарына сәйкес келмей жататын тұстары бар екенін де атап өтті. «Осындай олқылықтарды жоюда мұндай конкурстың маңызы зор. Көркем ақпарат қазақ тілінің төлқұжаты болуы тиіс. Сондықтан, алдағы уақытта мұндай кемшіліктер орын алмайды деп сенеміз» деді ол.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.