
Ынтымақ күні аталып өтті
Бүгін — Наурызнама бойынша Ынтымақ күні. Бұл күн өткенді еске түсіруден, ата-бабамыздың қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт замандықалыптастыруға және сақтауға қосқан үлесінің маңыздылығын түсінуден тұрады. Сонымен қатар елдегі әртүрлі қоғамдық топтарды біріктірудің маңыздылығын білдіреді.

Исатай мен Махамбет алаңында бар халықты бауыр қылған, төрінен мейман кетпеген қонақжай қазақ халқының Әз-Наурыз мейрамын тойлау шарасыжалғасын тапты. Атаулы күнге орай Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Ынтымақ» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.
«Шаттық» би ансамблі «Қара торғай» биімен шараның шымылдығын түрді. Содан соң ҚХА облыстық этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары халық әндерін кезекпен шырқады. Еврей биін «Алия» еврей этномәдени бірлестігінің «Камелия» би ансамблі нақышына келтіре орындады. «Тхоньиль-Атырау» кәріс этномәдени бірлестігінің «Самульнори» барабаншылар тобы өнер көрсеткенде, көрермендер ерекше шабыттанып, құрмет-қошеметін аямады. «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің «Гурьевчанка» ансамблі жергілікті композиторлардың әндерінен попурри шырқады.

Осылайша мерекелік шараға қатысқан өзге ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті бейбіт өмір сүрудің мәні мен маңызын ұқтырғандай болды. Олар да Ұлыстың ұлы күнін асыға күтіп, қазақтың салт-дәстүрлеріне құрметпен қарайтындықтарын атап айтты.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ