ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНІ КӨПШІЛІК КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ
АУЫЛ ӘКІМДЕРІНЕ – ЖАҢА АВТОКӨЛІКТЕР
Қызылқоға ауданының мәдениет күні жағымды жаңалықпен басталды. Елбасының ауылдар мен елді мекендерге қолдау көрсету тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов қызылқоғалықтарға сыйлық ретінде 16 автокөліктің кілтін тарту етті. «Нива» және «Шевролет» маркалы автокөліктер енді ауданның селолық округтері мен бөлімдерінің материалдық-техникалық базасын нығайтатын болады. Облыста Қызылқоға ауданы мұндай сыйлыққа алғашқы болып қол жеткізді. Жуырда өзге де аудандар су жаңа автокөліктердің кілтін иеленбекші.
— Алдарыңыздағы 16 көлікті Қызылқоға ауданына табыстаймыз, — деді облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы. – Он автокөлік – селолық округтерге, алты көлік аудан әкімдігінің бөлімдеріне берілмек. Жалпы, биыл мемлекеттік органдарға отандық 90 автокөлік сатып алу жоспарланған. Оның басым бөлігі, яғни, 63 автокөлік селолық округтердің әкімдіктеріне тапсырылады. Бұл – барлық селолық округтердің 86 пайызы. Мұндай қолдау ауыл әкімдіктерінің қызметін және мүмкіндіктерін күшейте түспек.
Елбасының және облыс басшыларының қамқорлығы арқасында ауылдық жерлердің жағдайы біраз түзеліп қалды. Оның ішіне газ тартылып, ауыз су келіп, жолы дұрысталып жатқан Қызылқоға ауданын ерекше атаған облыс басшысы су жаңа автокөліктердің кілтін табыс етті.
ЕЛІ БАЙДЫҢ – ЖЕРІ БАЙ
Кейін облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы бүгіні мен болашағын нақты айқындаған ауданның тарихынан сыр шертетін көрмемен танысты. Көрмеге негізінен, аудандық тарихи-өлкетану мұражайының жәдігерлері, атап айтсақ, латын әліпбиінде жазылған көне кітаптар, археологиялық жәдігерлер, әшекейлік және киіз үй бұйымдары қойылған.
— Біздің мұражайдың қорында 7 мыңның үстінде жәдігер бар. Соның ішінде, бүгінгі көрмеге ең таңдаулы зергерлік бұйымдарымызды алып келдік. Сондай-ақ, Қызылқоға жерінен табылған Сармат дәуіріндегі тастар, тастан қашалған көкжал бейнесі, қазба жұмыстары кезінде табылған жебенің ұштары, 13-14 ғасырлардағы Тоқтамыс ханның ақшалары, Орыс патшасының көне тиындары көрмеге қойылды. Президентіміз Н.Назарбаевтың тапсырмасымен латын әліпбиіне көшу науқаны қазірден басталып кетті. Соған орай, қорымызда сақталған латын тіліндегі 1900 жылғы Құран кітабы мен оған жазылған пікірлер, А.Ығылмановтың «Мың бір түн» поэмасы және қазақ поэмалары да көрмеде өз орнын тауып тұр, — деді көрмемен таныстырған аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Кәрімжан Масабаев.
Қызылқоға ауданы КСРО-ның «Ауыспалы Қызыл туын» үш рет жеңіп алса, республиканың аталмыш марапатына жеті рет қол жеткізді. Көрмені ұйымдастырушылар осы марапаттарды да жұртшылық назарына қойған екен. Қызылқоға жерінде мекен ететін аңдар мен құстардың бейнелері, шөп түрлері де көрермендерді қызықтырмай қоймады. Қасқыр, қоян, кірпі, бүркіттің бейнелері қазір аудан мұражайында сақтаулы.
Көрмедегі этнографиялық, тұрмыстық, қолөнер шеберлерінің бұйымдары көздің ажарын алыстан баурап алады. Ауданның мәдени күнінде ұйымдастырылған көрменің көркін киіз үйдің ішкі бұйымдары да асырып түсірді. Қазан-ошақ айналасында қолданылатын бұйымдар, 100 жылдан астам тарихы бар, сырты терімен қапталған ағаш келісап, қос етек көйлектер, кестеленген және зергерлік бұйымдармен өрнектелген кәжекейлер, қыз баланың кебісі, 1940 жылдары жасалған сүт тартатын машина – таптырмас құнды жәдігерлер қатарында.
ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМ – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ
Аудан халқын жергілікті өніммен қамтамасыз етуде «Жиембаева», «Нұр-гүлім» шаруа қожалықтарының үлесі зор. Олар дайындаған өнімдер ауданда үлкен сұранысқа ие. «Жиембаева» шағын кәсіпкерлігі Мұқыр ауылында 2004 жылы құрылған. – Сол жылы Мұқырда азық-түлік және ауыл шаруашылығына қажетті тауарлардың сауда орны ашылды, — дейді жеке кәсіпкер Айгүл Жиембаева. – Ал, осыдан үш жыл бұрын халыққа нан өнімдерін шығаратын наубайхана ашуды ұйғардық. Қазіргі күні наубайхана күніне оннан астам түрлі тағамдар дайындайды. Сонымен қатар, «Ақ отау» мейрамханасы да ел игілігіне ұсынылды. Қызметкерлердің барлығы да жергілікті тұрғындар.
Мұқыр ауылынан салынған шағын ет өңдеу цехы – жаңашыл бастамалардың бірі. Мұқыр ауылдық округіне қарасты «Наз-гүлім» шаруа қожалығының жетекшісі Мәрзия Әбішева «Талап» несие серіктестігі арқылы үш миллион теңге несие алып, ет өнімдерін өңдейтін цех салып, өз бағымындағы малдың етінен жартылай дайын өнімдер дайындап, саттыққа шығарып отыр.
Сонымен қатар, «Әбілхайырова» шаруа қожалығына қарасты «Ақгүл» нан өнімдерінің басшысы Жұмазира Әбілхайырова өздері дайындаған тәтті торттар мен тоқаштарын, нан өнімдерін көрмеге әкеліпті.
ӨНЕРІМЕН ТАНЫЛҒАН ӨРКЕНДІ ӨҢІР
Қызылқоға ауданының мәдениет күні концерттік бағдарламасының шымылдығы қазақтың салт-дәстүрін бейнелейтін «Дәстүрі асқан Қызылқоға» атты композициялық қойылыммен ерекшеленді. Беташар, тұсау кесу, жастардың алтыбақан тебуі, бесікке салу көріністерін қою арқылы қызылқоғалықтар ұлттық салтты әлі де берік ұстанатындарын тағы бір дәлелдеді. Әбдіғапар Темірхановтың «Туған өлке – Қызылқоға», «Атырау елі» әндерін тамылжыта орындаған облыстық «Жас қанат» байқауының дипломанты Зәуреш Жұмағалиева мен облыстық «Ақ ерке, Жайық» фестивалінің жүлдегері Ғапура Жанбосынованың өнеріне жиналған жұртшылық тамсанды.
Еспай атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі Түркештің «Көңілашар», Ахмет Жұбановтың «Би күйін» тарту етті. Бүкілодақтық ІІ фестивальдің лауреаты Қалидолла Ізекенұлы «Мекенім – Миялы», республикалық, халықаралық фестивальдердің лауреаты Бауыржан Ақтаев Қаршыға Ахмедьяровтың «Ақмешітін» орындап, халық қошеметіне бөленді.
Халық әндерінің топтамасын орындаған Раушангүл Александрқызы, Зәуреш Жұмағалиева мен Рахметолла Ізбасаров, Мұрат Құсайыновтың «Туған жер» әнін орындаған Жұмалиевтер халықтық жанұялық ансамблі, «Айданай» би ансамблінің және облыстық «Бұраң бел» байқауының жүлдегерлері Перизат Ұлықпан мен «Ойыл аруы» бишілер тобының өнері көптің көңілінен шықты. Ал, «Жасұлан» балабақшасының бүлдіршіндері «Шайхана» әніне хореографиялық қойылым қойып, көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады.
Қарабалиндер халықтық отбасылық ансамблінің дуэті де жұртшылық ықыласына бөленді. Ал, Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін үлкен шеберлікпен орындаған қызылқоғалық хор ұжымына көрермендер орындарынан тұрып, қол соқты.
Шара соңында облыс әкімі атынан қызылқоғалық өнерпаздарға ықылас гүлі табыс етілді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ,
суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.