«ҰЗЫНСАРЫ» дегеніміз не?
Ертеректе, бала кезімізде атаәжелерімізден естіп, құлағымызға құйылып қалған әңгімелердің бірі «ұзынсарыға» қатысты болатын.
Бір абыз қария кемпіріне: «Бәйбіше! Соғымның ең майлы, ең дәмді деген жерлерін сақтап, кебежеңе сала бер. Алдымызда «ұзынсары» келе жатыр. «Ұзынсарыға» да сыбаға сақтап қой» десе керек жұмбақтап. Кейуана қартының сөзін қалт жібермей, кебежеге соғымнан қалған сүрін, майын, қазықарта, жал-жаясын сала береді.
Сөйтіп жүргенде үйге бір ұзын бойлы, сары кісі «құдайы қонақ» болады. Шалының айтқан «ұзынсарысы» осы екен деп ойлаған кейуана кебежедегі бар дәмдісін қазанға салмай ма? Қонақ үй иелерінің ілтипатына разы болып аттанады. Сөйтіп жүргенде наурыз айы туып, күн ұзарады, балаға да, үлкенге де нағыз қараөзек шақ келеді. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» саналған кезеңде қария кемпіріне: «Ал, бәйбіше! «Ұзынсары» келді! Енді кебежеңдегі қысқы соғымнан қалған сүрлеріңді қазанға сал» дейді. Сонда кейуана: «Ойбуй! «Бар жақсыңды «ұзынсарыға» сақта деген соң, өткенде келген «ұзынсары» кісіге астым ғой соғымның бар сұрпын» деп қарап отыр дейді.
Әуелі естігенде күліп едік, кейін есімізге түссе ойланып қалатын болдық. Шындығында, шаруа баққан ел үшін алты ай қыстан кейін жадыраған көктемнің келуі үлкен мереке болғаны ақиқат. «Ұзынсары» аталуының да себебі жоқ емес. «Қаңтардың күні – қарға адым» дегендей, қысқы күннің қысқалығын, ол кезде жарықтың көп түспейтінін бәріміз де білеміз. Ал, күннің ұзаруы, жарықтың көбеюі жан-жануарға да, адамға да жақсы әсерін тигізеді. Жер-ананың тоңы жібіп, қылтиып шөп шыға бастайды. Түн қысқарып, күн ұзарғаннан кейін жоғарыда айтқан қараөзек шақ та басталады.
Бұрын қыстың ұзақ түнінде мал-жанды ерте жайғап, ерте ұйқыға жататын болса, күн ұзарғаннан кейін ел ұйқыға кеш жатады. Осы аралықта шаруамен жүрген жандардың өзегі суырылып, қарны ашатындықтан ұзарған күнді тұспалдап «ұзынсары» атаған. Бұл кезең наурыз мерекесімен де тұспа-тұс келеді. Өйткені, 22 наурызда көктемгі күннің тоғысуы болады, яғни, күн мен түн теңеледі. Одан кейін күн бірте-бірте ұзара береді.
Халық аузындағы «ұзынсарыға» байланысты кейбір дәстүрлерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Көже дайындаған пайдалы «Біздің балалық шағымыз соғыспен тұспа-тұс келді. Әкеміз, ағаларымыз соғысқа аттанғанда, үйде қарт әжеміз, анамыз және ұядағы үрпек бас балапандардай болып, апамыз, інілерімізбен қалдық. Сол шақта наурыз айы туған кезде әжеміз қуанып, жаңа туған айға қарап, келер айдың ауа райын болжайтын, анамызға қаракөже пісіртетін. Наурызға қарай мал төлдей бастайды ғой. Ерте туған малдың сүтін қатық етіп қаракөжеге құйып, ылғи көкөрім біздерге беретін. Сол кезден санамызға сіңген әдет бойынша мен де наурыз айы туа көже әзірлеймін.
Қазіргі таңда оны келіндерім дайындайды» дейді ардагер ұстаз, бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған Ғафу Сафиқызы. Қылышын сүйреткен қатал қыстан адам баласы көктемге шыққан кезде ағзаға дем берген дұрыс. Ал, күнұзақ далада ойнап жүрген балалар, қызметте жүрген жандар қарындары ашып, әлсірей бастайды. Сол кезде малдың сүтін қатып дайындаған көже әлсіз ағзаға күш береді. Биологтардың тілімен айтқанда, сүт дегеніңнің өзі тұнып тұрған кальций емес пе?
Адам қаңқасын ұстап тұратын сүйек болса, сүйектің берік болуы үшін кальций керек. Көжені тарыдан, бидай жармасынан, күріштен жасайды. Оларда да дәрумен көп. Қазақ біздің данышпан ғой. Осының бәрін қалай білді десеңізші?! «Көкөзек шақ» Халқымыз көктемді асыға күткен. Наурыз басталысымен үй-үйге қыдырып, көрісіп, «Наурызайт» құтты болсын десіп, арқа-жарқа болып қалатыны – ежелден келе жатқан дәстүр. Қыстан көктемге өткен кезде күн әлі жылына қоймайды, күн ұзарады. Осы кезді «көкөзек шақ» деп атап, «ұзынсарыға» сыбаға сақтайтын болған. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың ғұрпын бойыма сіңіріп өскен жандар бүгінгі таңда сол дәстүрге адалдықпен қарап келеді. Аналарының үйреткеніндей, көкөзек шаққа соғымнан қалған сүр етті сақтайды. Оны қазір қалада дайындаудың өзіндік әдісі де бар көрінеді.
Қазақ – қай жерде де өзінің салт-санасын, дәстүр-ғұрпын сақтауымен қазақ. Ауылдағы ағайындардың күні бүгінге дейін ата-бабалардан мирас болған елдің көне тыныс-тіршілігін бүгінге жалғап келе жатқаны айқын. Ал, қалада тұратын қандастарымыз соғымды әдетте балконға тұздайды. Тұз сіңген етті ақпан айы аяқталысымен, тұздаған ыдысынан шығарып, кептіре бастаған абзал. Әуелі бір бетін, сосын келесі жағын аударып тұрған дұрыс. Осылайша кепкен етті ұнға тығып, немесе қағаз жәшікке салып қою керек. Көкөзек кезде сүр етті иісін аңқытып асып, ішіне картоп, сәбіз салып пісіріп, қазір дүкенде тұрған жайма нанды салып, балаларға берсеңіз, керемет құнарлы тағам. Жайманың орнына өзіңіз қолдан нан ысып жіберсеңіз тіптен жақсы…
Әлсіреген ағзаға – дәрумен – Менің қайын енем мен атам елге белгілі жандар еді. Қазір сағынышпен есіме аламын. Сол кісілердің айтуымен талай қазақтың көне ғұрпын үйреніп, өзім де келініме үйретіп жүрмін. Мамандығыма байланысты көкөрім жастарға да салт-дәстүр жайлы жиі айтамын. Біз айтпасақ, кім айтады? Сондай елдің санасына ежелден сіңген «ұзынсарыға сыбаға сақта» деген тіркес бар. Оны қазір көп адам ескере бермейді. Бірақ, ол да адам баласының қажетінен туғандықтан, ескерген дұрыс. Қыстан шыққан, әлсіреген ағзаға дәрумендер керек, – деп ағынан жарылды психолог Майра Асанова.
Ал, «тарта жесең, тай қалады, қоя жесең қой қалады» дегендей, шынында, соғымнан «ұзынсарыға» сыбаға сақтаған жөн. Көктемде, күн ұзарған шақта балаларға тойымды тамақ керек болған уақытта етті асып, ішіне бірде лағманның кеспесін, бірде тары, бидай жармасын салып, бірде картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат салып пісіріп берсе, балалар тоқ жүретіні рас. Жақсы ас жаман ауруды жеңеді Әлемді жайлаған коронавирус бүкіл адамзат баласын бір тарының қауызына сыйдырып отыр. Үйде отырғанда таң атып, күн батпайтыны және шындық.
Осындай кезде «ұзынсарыға» сақталған сүр еттің иісі аңқып жатса, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін осынау қиын-қыстау кезеңді еңсеруге ынталы болары ақиқат. Ата-бабаларымыздың данышпандығын осындай кезеңдерде байқаймыз. Байқап қана қоймай, соны өз тәжірибемізге ендірейік. «Жақсы ас жаман ауруды жеңеді» демей ме бұрынғылар? Ендеше, ұлттық тағамдарымыздың нағыз қажеттігін ұғынғанымыз жөн-ау…
P.S.
«Ұзынсары»… «Қыз Жібек» жырындағы «Өлмеген құлға, құдай-ай, Келіп те қалды, міне, жаз» деп Төлегеннің алты қазға айтқан арызы түседі еске. Иә, Жайыққа көктем келді. Ұзынсарыға сыбаға сақтадыңыз ба?
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА