«Ulttyq cover» байқауында әндер жаңаша шырқалды
Халықаралық Жастар күніне орай Атырау қаласындағы «Тұрғындар қалашығы» саябағында «Ulttyq cover» атты ән байқауы өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Ақсұңқар» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен өнер додасына 12 адам қатысты.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқаудың мақсаты – облыс жастарының ұлттық музыкаға деген қызығушылығын арттыру және осы бағыттағы шығармашыл жастарды анықтаумен қоса олардың шығармашылық дағдыларын шыңдауға бағытталған шара ұйымдастыру.
–Байқау үш кезеңнен тұрады және қазір соңғысы өтуде. Алдымен Атырау және Құлсары қалаларына онлайн іріктеу өтіп, оған 36 қатысушы тіркелді. Олар өнерлерін Instagram желісіне жүктеп салды. Одан кейін қазылар алқасы офлайн кезеңдегі ең үздік әндерді таңдады, — деді «Ақсұңқар» қоғамдық қорының жетекшісі Нұрсұлтан Зиядаев.
Байқау нәтижесінде Нұрайым Гимран оқ бойы озық шығып, бас жүлде еншілесе, Әсем Хабиева І орынды иеленді. Нұрдәулет Тілекқабыл ІІ орынмен марапатталса, Жадыра Болатова ІІІ орынға табан тіреді.
Сондай-ақ арнайы номинациялармен марапатталған қатысушылар да болды. Атап айтсақ «Көрермен көзайымы» номинациясы Асылжан Бағытжановқа бұйырса, «Ерекше перфоменс» жүлдесін Аманқос Бекет иеленді.
Жеңімпаздар диплом және қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Жайна МӘЛІМҚОЖА