Ұлттың Ұлы ұстазы (+ФОТО)
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы ұлт зиялыларын көпшілікке насихаттап жүр.
Сондай шараның бірі жас ұрпақтың танымдық деңгейін дамытуға арналды. Ал, кітапсүйер қауым Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығымен таныс па? Осы орайда Жапақ Қаражігітов атындағы №16 мектеп лицейі, №41 мектеп гимназиясы, Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушыларының білімдері сыналған интеллектуалдық сайыс өтті.
– Биыл көрнекті ағартушы ғалым, түркітанушы, қазақ тілі білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Шарада оның қыр-сыры мол рухани мұрасын дәріптеп, оқырмандарға ақын өмірі туралы мағлұмат беруді мақсат еттік, — деген кітапхананың мерзімді басылымдар бөлімінің библиографы Мөлдір Серікқалиева сайысқа қатысушыларға бірінші кезеңнің шартын түсіндірді.
Алдымен, үш топқа бөлінген оқушылар өздерін жыр шумақтарымен таныстырды. Әсіресе, «Шамшырақ» тобының топ басшысы Диас Серікбай ұстазы Айгүл Ибрашеваның арнау өлеңін оқып, көрермендерді тәнті етті.
Сондай-ақ, «Сұңқар», «Шамшырақ» және «Жасқыран» командалары «Білгенге маржан» деп аталған сұрақ-жауап кезеңінде ерекше белсенділік танытты.
Жас оқырмандар «А.Байтұрсынұлы редакторлық еткен «Қазақ» газетінің эмблемасында не бейнеленген?», «А.Байтұрсынұлы қандай аспаптарда ойнады?», «А.Байтұрсынұлы енгізген 1000-ға жуық терминнің 500-ге жуығы қазір қолданыста бар. Сіздер ұлт ұстазының қандай терминдерін білесіздер?» деген сауалдарға мүдірместен жауап берді. Алайда, көрнекті қоғам қайраткерінің қай батырдың ұрпағы екенін ешкім білмеді. «Біз үшін осы сұраққа жауап беру қиын болды» дейді оқушылар.
Есіңізде жүрсін, Ахмет Байтұрсынұлы – Шақшақ Жәнібек Қошқарұлының ұрпағы. Жәнібек батыр қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің қаһарманы ретінде тарихта аты қалған аңыз адам.
«Қырық мысал ғибратын ұғынайық» кезеңінде қатысушы топтар мысалдың мән-мағынасын ашып түсіндірді.
Мақтанып сары Шымшық шалқып-тасты,
«Теңізді өртеймін!» деп лақап шашты.
У-шу боп, бұл хабарды естіген соң,
Теңізді тастап, құстар үркіп қашты.
Таң қалып, «тамашаны көреміз» деп,
Алыстан аңдар келді әдейі іздеп.
Адам да тұс-тұс жақтан келе жатыр
Лек-лек боп, топ-тобымен мыңдап, жүздеп, — деп мәнерлеп жырлаған «Шамшырақ» тобындағы Әл-Фараби Нажекенов ақын шығармасында адам психологиясымен сарындас әуездер, тағылымды тұжырымдар мол екеніне маңыз берді.
Сондай-ақ, «Жас қыран» тобы – «Ат пен есек», «Сұңқар» тобы – «Шал мен жұмыскер» мысалдарында ақынның тұспалдап, әлеуметтік ойға ықпал еткісі келгеніне назар аударды.
Келесі кезең – «Ойлан, тап». Мұнда әр топ өздері талқылаған мысал бойынша сурет салып, ондағы кездесетін кейбір сөздерді орыс және ағылшын тілдеріне аударды. «Жас қыран» тобы шығармадағы ат пен есектің суретін айнытпай салып, шеберліктерін байқатты. Ал, аударма бойынша барлық топ та лингвистикалық білім деңгейінің жоғары көрсеткішін көрсетті.
Сонымен, төрешілер «Бап шаба ма, бақ шаба ма?»десек те, білім саласында тек бап шабуы тиіс» деп, шараның жеңімпаздарын анықтады. Оның нәтижесінде «Жасқыран» тобы (№41 мектеп гимназиясы) – жүлделі I орынға, «Шамшырақ» тобы (Ғани Мұратбаев атындағы орта мектеп) – II орынға, Сұңқар» тобы (Жапақ Қаражігітов атындағы №16 мектеп лицейі) – III орынға лайықты деп танылды. Интеллектуалдық сайыста көзге түскен оқушылардың барлығы да сыйлықтарға ие болды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Салеметсиздерма! Мына макалада кате жазылган Гани Муратбаев атындагы мектептин окушылары 2 орынды иеленген еди. Неге дурыс акпарат берилмеген?