Жарнама
Мәдениет

Уақытпен үндесетін ұлы шежіре

*18 мамыр – Халықаралық музей күні

Халықаралық музей күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали Кипиевпен сұхбаттасып, музейдің өткен жылы атқарған жұмыстары мен алда жоспарланған игі бастамалары туралы кеңінен сөз өрбіткен едік. Сұхбат барысында ел руханияты мен мәдени мұраларын сақтау жолындағы қажырлы еңбек, ғылым мен таным, экспедициялық ізденістер, жәдігерлер тағдыры төңірегіндегі қызықты әрі маңызды мәліметтер ортаға салынды.

– Әңгімемізді музейдің мәні мен маңызынан бастасақ… Бүгінгі қоғамда музейдің рөлі қандай?

– Музей – өткеннің жәдігерін жинап, сөреге қойып қоятын орын ғана емес. Бұл – тарихтың тынысын тірілтетін, ұлттың ұлы жолын бүгінгі ұрпаққа паш ететін рухани кеңістік. Музей – халықтың жады, тарихи шежіресі, мәдени мұрасы сақталған киелі шаңырақ. Музей – заманауи технология мен рухани мұраның тоғысқан тұсы. Қоғамда оның рөлі жылдан-жылға артып келеді. Себебі тамыры тереңге кеткен халық қана алға қарай нық қадам баса алады.

– Бүгінгі музейлердің заманауи келбеті қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Уақыт өткен сайын қоғамның дүниетанымы да, ақпаратты қабылдау формасы да өзгеріп келеді. Бұл өзгерістер музей саласына да өз ықпалын тигізуде. Бүгінде музейлер – бұрынғыдай үнсіз тамашалау орны ғана емес, білім мен тәжірибе алмасудың жаңа форматына ие мәдени кеңістікке айналып отыр.

Қазіргі музейдің басты ерекшелігі – интерактивтілік. Яғни, келуші тек бақылаушы емес, оқиғаның бір қатысушысы ретінде сезінеді. Экспозицияға енгізілген сенсорлық тақталар, интерактивті экрандар, QR-кодпен ақпарат алу мүмкіндігі, аудиогид жүйелері, тіпті виртуалды шындық (VR) технологиясы арқылы музейде жүргізілген археологиялық қазбалар мен көне қалалардың 3D моделін көруге болады. Бұл – әсіресе жас ұрпақтың зейінін аударып, тарихи жәдігерлерге деген қызығушылығын арттыратын тиімді тәсіл. Мәселен, тарихи картинаның астындағы QR-кодты сканерлеп, авторы туралы, туындының мәні мен маңызы жөнінде бірден ақпарат алуға болады. Немесе 3D форматындағы жәдігерді экранда айналдырып көру арқылы келуші оның пішіні, текстурасы, құрылымы жайлы толыққанды мәлімет ала алады. Бұл – қарапайым көрмеден гөрі, тереңірек әсер қалдырады.

Сонымен қатар онлайн турлар мен цифрлық архивтер – алыстағы тұрғындар үшін музейге қашықтан қол жеткізудің жолы. Әсіресе пандемия кезінде бұл бағыт айрықша маңызға ие болды. Бүгінде көптеген музейлер цифрлық платформаларда өз қорларын жариялауда. Алайда технология қанша жетіліп, цифрлық мүмкіндіктер молайса да, түпнұсқа жәдігермен бетпе-бет келген сәттегі әсерді ешқандай экран алмастыра алмайды. Музейге келгенде келуші бір кезеңнің рухымен, ұлттың өмірімен, бабалар қолының табымен тікелей жүздеседі. Бұл – ешбір виртуалды орта бере алмайтын шынайылық пен рухани тереңдік.

Сондықтан да бүгінгі музей – бір жағынан жаңғыру мен технологиялық серпіннің ордасы болса, екінші жағынан – рухани сабақтастықтың, мәңгілік мұраның тірі куәсі. Осы екі әлемді тең ұстай білген музей ғана өз миссиясын толық орындай алады.

– Мектеп оқушылары мен жастардың музейге қызығушылығы қандай?

– Бүгінгі музей – жастардың тарихи танымын кеңейтетін, рухани дүниесін байытатын тәрбиелік ортаға айналып келеді. Біз үшін өскелең ұрпақты музейге баулу – басты міндеттердің бірі. Осы орайда арнайы бағдарланған білім беру және танымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мәселен, бастауыш сынып оқушыларына арналған «Сарайшыққа саяхат» атты анимациялық мультфильм көрсетілімдері, «Жануарлар әлемі» секілді танымдық сабақтар балалардың музейге деген қызығушылығын оятады. Олар тарихты кітаптан емес, көзбен көріп, қолмен ұстап, сезіну арқылы қабылдайды. Бұл – баланың есте сақтау қабілетін арттырып, санасын қалыптастырудың тиімді жолы.

Орта және жоғары сынып оқушылары үшін «Жас экскурсоводтар» клубы, «Музейлік квест» сияқты интерактивті жобалар ұйымдастырылады. Мұндай ойын арқылы білім беру әдісі оларды жалықтырмай, керісінше, қызықтыра түседі. Музей кеңістігімен еркін жүріп, тапсырмалар орындай жүріп, олар өз өлкесінің өткенімен, ұлы тұлғаларымен жақынырақ танысады.

Жастардың шығармашылығын дамыту мақсатында патриоттық әндер караокесі, ұлттық ойындарға арналған сабақтар, тарихи даталарға арналған әдеби кештер мен шеберлік сағаттары өткізіліп келеді. Бұл музейге деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, олардың бойында ұлттық рух пен тарихи жадыны қалыптастырады. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы балалар да назардан тыс қалмайды. Балалар үйі мен мүмкіндігі шектеулі өрендерге арналған музейлік турлар мен көшпелі көрмелер жүйелі түрде ұйымдастырылады.

– Қор жұмысы – музейдің негізі. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

– Музейдің жұмысында ғылыми қордың мәні ерекше. Өзіңіз айтқандай, қор жұмысы – музейдің негізі, себебі ол жәдігерлерді жинап, сақтап, ғылыми тұрғыда зерттеу жүргізіп, оларды келешек ұрпаққа мұра етіп қалдыруды қамтамасыз етеді.

Музейдің қорында сақталатын әрбір экспонат – тек тарихи немесе мәдени құндылық емес, сол кезеңнің, сол халықтың рухани әлемінің бір бөлшегі. Сондықтан қор жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол жәдігерлерді ғылыми тұрғыдан зерттеу, олардың маңызын ашу, жаңа ақпараттармен толықтыруды да қамтиды.

Қор жұмысының маңызды тағы бір аспектісі – музейдің жаңа жәдігерлермен толықтырылуы. Бұл музейдің өміршеңдігін, оның мәдени және тарихи құндылығын арттырады. Мысалы, 2024 жылы Фариза Оңғарсыноваға қатысты жәдігерлердің музейге алынуы қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Мұра музейдің ғылыми қорын байытты, әрі ұрпақтарға ақынның шығармашылығын жақынырақ таныстыруға мүмкіндік берді.

Қор жұмысы ғылыми дәлдік пен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Биыл Қор іріктеу комиссиясының 4-мәрте отырысын өткізді. Соның нәтижесінде музейлік маңызы бар 395 бірлік жәдігер ақысыз негізде қабылданды. Оның 201-і – облыстық музейге, 194-і – бөлімшелерге берілді. Бұдан бөлек, «SAQTAU» автоматтандырылған бағдарламасы арқылы экспонаттарды цифрлық форматқа көшіру, ҚР мемлекеттік музей каталогына енгізу, қордағы жәдігерлердің алмасу актілері мен сараптамалық қорытындылары тәртіпке келтірілді. Бұлар – ғылыми қордың ашық, жүйелі жұмысын қамтамасыз етеді.

– Фариза Оңғарсыноваға қатысты жәдігерлердің алынуы қоғамда үлкен қызығушылық тудырғаны шын. Осы жайында кеңірек айтып өтсеңіз.

– Бұл біздің музей тарихындағы маңызды сәттердің бірі. Былтыр музей қызметкерлері Алматы қаласына іссапармен барып, ақын апамыздың сіңлісі Алмагүл Оңғарсыновадан Фаризаның қара домбырасын, қылқобызы, мандолинасын, жеке кітаптары мен фотосуреттерін, қолжазбалары, көзі тірісінде киген киімдерін алып келді. Бұл жәдігерлер поэзия падишасының рухын сезінуге мүмкіндік беретін ерекше қазына.

– Архивтік зерттеу жұмыстарыңыз да үлкен ауқымда жүргізілген екен. Бұл ізденістердің нәтижелері қандай?

– Архивтік зерттеу – біз үшін өте маңызды бағыт. Қазақстандағы тұңғыш мұнай бұрқағы атқылауының 125 жылдығына арналған көрмеге дайындық барысында Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивтен 9 кино-сюжет, 20 фотоқұжат, 127 бет архивтік материал алынды. Сонымен бірге Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларынан 1178 бет архивтік құжат, 315 бет кітап көшірмелері, 38 фотосурет, 40 карта сынды бұрын жарияланбаған деректер әкелінді. Бұл – Атырау өңірінің мұрағаттық тарихын жаңа деңгейге көтеретін үлкен ғылыми олжа.

Осы жұмыстардың нәтижесінде біз Ғылыми архив аштық. Енді сол құжаттар негізінде «Атырау тарихы: XIX–XX ғасырлардағы фото суреттерде» атты фотоальбом шығару жоспарымыз бар.

– Тамаша жаңалық екен. Археология мен этнография бағытында да ірі жобалар жүзеге асқанынан хабардармыз. Оның нәтижесі қандай?

– Биыл біз музей жанынан «Атырау археологиялық экспедициясын» құрдық. Оның құрамында екі отряд бар. Бірінші отряд Сарайшық, Таскешу керуен-сарайына, екінші топ Қарабау-2 қорғаны мен Қорғанша қалашығына қазба жұмыстарын жүргізді. Қарабау-2 қорғанынан б.д.д. V ғасырға тән алтын әшекейлер, қару-жарақтар, қола, керамика, сүйек ыдыстар табылды. Бұл ескерткіш Қазақстандағы сармат көсемдерінің жерленгенін дәлелдейтін бірегей археологиялық дерек болып саналады. Сондай-ақ палеонтологиялық экспедиция барысында Жылыой ауданынан 50 млн. жылдық 511 артефакт табылды. Этнографиялық экспедициялар арқылы 50-ге жуық тұрмыстық бұйым жиналды. Мұның бәрі – өңір тарихын танудағы үлкен қадам.

– Биылға жоспарларыңыз қандай? Жаңа межелер, жаңа жобалар бар ма?

– Иә, осы жыл – біз үшін мерейлі жыл. Музейіміздің құрылғанына 85 жыл толмақ. Осыған орай кітап-альбом, экспедициялық материалдар жинағы, көрмелер ұйымдастыру жоспарланған. Сонымен бірге Құрманғазы ауданына топонимикалық экспедиция, Сарайшық пен Қарабау маңында археологиялық жұмыстар жүргізілмек.

Тағы бір үлкен жоба – «Атырау тарихы: XIX–XX ғасырдағы фото суреттерде» атты фотоальбомның баспадан шығуы. Сонымен қатар, республикалық семинар-тренинг, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарына көшпелі көрме ұйымдастыру – осы жылы жүзеге асырылатын жұмыстар болмақ. 

– Уақыт бөліп, осынша мол әрі мазмұнды ақпарат бергеніңізге рақмет! Соңғы сұрағым – музейге келетін жас көрермендерге не айтасыз?

– Музей – өткенді бүгінмен байланыстыратын алтын көпір. Біз тарихымызды, руханиятымызды жас ұрпаққа жеткізу үшін еңбек етіп келеміз. Жастар музейге келіп, зерттеп, қызығушылық танытса – біздің ең үлкен жетістігіміз осы болмақ. Әр жәдігер – үнсіз, бірақ мың сөзге татырлық шежіре.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Музейдің жалпы қоры 101 441 сақтам бірлікті құрайды.

Оның ішінде 59 168 – негізгі қор, 42 273 – қосымша қор. Сонымен қатар, музей кітапханасы да толықтырылуда.

Жыл ішінде 85 кітап қабылданып, жалпы кітапхана қоры

3710 кітапқа жетті.

Осы жылы музейде 96 көрме ұйымдастырылып,

оны  28 871 көрермен тамашалады.

Оларға 1260 экскурсиялық қызмет көрсетілді. Сонымен бірге, музей базасында 143 түрлі шара, лекция мен сабақ өтті, оның 25-і облыстық музейге тиесілі. Бұл – тек статистика емес, музейдің өңір руханиятындағы орнының айғағы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button