ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҮТІНІ ДЕ ҚЫМБАТ
Көркем туынды Ослода табысты қызмет істеп жүрген Мақсат есімді жігіт туралы сыр шертеді. Бір жыл бұрын атасының о дүниелік болғанын естіген ол туған ауылына оралып, өмірдің мәні Отанға деген махаббат және отбасы екенін түсінеді. Елде қалып, еңбек ету туралы ой – ата-баба дәстүрін білмек түгіл, қарапайым қазақ тілінде сөйлей алмайтын Мақсаттың түсіне де кіріп-шықпаған. Дегенмен, ол елге келгеннен соң аз уақыттың ішінде Қазақстанда да Еуропадағыдай жас ғалымдарға барлық жағдай жасалғандығын сезінеді. Әрі қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп өскен мұғалім қызбен танысып, көзқарасы түбегейлі өзгереді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясы мен «Көркем фильм» кинокомпаниясы түсірген бұл фильмнің тағылымы мол. Қоюшы-режиссер, сценарий авторы Рашид Сүлейменовтің бұл жұмысы жақында Х халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде «Көрермендер көзайымы» сыйлығына ие болды. Картинаны түсіруге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты, Ұлт Көшбасшысының «Мәңгілік еліне» деген шексіз махаббаты негіз болыпты. Басты рөлдерді Санжар Мәдиев, Аружан Жазылбекова және Обанна Эндобуезе орындайды. Фильм бұқаралық прокатқа 19 наурызда жол тартпақ.
Мұнда комедиялық та, драмалық та, шытырман оқиғалар бірінен соң бірі қамтылғандықтан ба, көрермен қауым туындыны жалықпай көре алады. Осының айғағындай, бір жарым сағатқа созылған киноны тапжылмай отырып көрген атыраулық көрермендер де фильм соңында орындарынан тұрып қол соқты. Біз де көрермендердің пікірін біліп, жаңа туындыдан алған әсерлерімен бөліскен едік.
ЕЛІМІЗДЕ БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН
Сағынгерей Құбекен, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты студенттер альянсының басшысы:
— Кино кейіпкерінің қызығы мен қиындығы қатар өрбіген сәттерінен үлкен әсер алдық. Осындайда Елбасымыздың «Бүгінгі таңда елімізде даму мен жетістікке жету үшін барлық жағдай жасалған, өзге мемлекетте жұмақ жоқ, жұмақ – өз мемлекетімізде» деген сөздері еске оралады. Отанға деген махаббат материалдық құндылықтардан қашан да жоғары тұрады. Соңында Мақсат қайтадан Еуропаға ұшып кетеді. Бірақ, ерте ме, кеш пе, Қазақстанға кері оралып, қабілетін ел болашағына жұмсайтыны анық. Бұл шет жерде еңбек етіп жүрген қазақстандық мамандарға үлкен ой тастайды.
ОТАНДЫ СҮЮ ЕШТЕҢЕМЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ
Нұржан ҒАНИМҰРАТҰЛЫ, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
— Еліміздің отандық киноиндустриясы жаңа туындылармен толығып келеді. Соның бірі – «Оралу» туындысы. Мұндағы басты кейіпкер Мақсатты атасы білім алуға интернатқа жібереді. Білімге құштар көңіл Мақсатты шетелге жетелейді. Ол шет мемлекетте білімін жетілдірумен ғана шектелмей, ғылыми жұмыстармен де айналысады. Мақсат ғылым жолына түсу қиын екенін де біледі. Туған жерінен жырақта болашағы зор микробиолог-ғалым ретінде танымал болса да, жүрек түкпірінде Отанына, кіндік қаны тамған атамекеніне деген сағынышы бір толастамайды.
Бір түп жусанының иісі аңқыған туған жеріне деген сағынышы үлкен махаббатқа ұласады. Туған ауылына келіп, атасының ғылыми жобасын жалғастырады. Ол қатардағы ғылыми жоба емес екен. Әлемде емі табылмаған аурудың бірін емдеуге жол ашатын бірегей ғылыми жаңалық болып шығады. Оны шетелдік әріптестері шетелде патенттеуге үгіттейді.
Алайда, қазақстандық ғылымның мәртебесін көтеруді мақсат еткен Мақсат ғылыми жаңалықты шетелде патенттеуден бас тартады. Тіпті, шетелдік әріптестері бір миллион еуро көлеміндегі қаржы ұсынады. Әрине, бұл аз қаржы емес. Бірақ, қазақстандық микробиолог-ғалым Отанға, туған жерге деген махаббатымен материалдық құндылықтан биік тұратынын дәлелдеді.
Осы кинотуындыны көріп отырып, өзімнің де шетелде білім алған кезім ойыма оралды. Мен де, өзге замандастарым секілді, Қазақстан жастарының маңдайына жазылған ерекше бақ – «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болдым. Сөйтіп, 2008 жылы әйгілі тұманды Альбион астанасы – Лондондағы экономика мектебінде магистрлік бағдарламамен бітіріп шықтым.
Туған еліңнен, жеріңнен алыста жүргенде Отанға деген сағыныш жүректі кернейді. Елдегі ата-ананың, құрбы-достардың, тіпті, туған жердің бір түйір тасы мен жусанының да, ауасы мен суының да қадірі арта түседі.
Ең бастысы, шетелдегі замандастарыңның алдында қазақ халқының ұландары да білімге құштар, жаңаны білуге құмар, өркениеттің игіліктерін елінің игілігіне жұмсауға ұмтылатынын танытқың келіп тұрады. Өйткені, туған елдің, Отанның абыройын асқақтатуды бәрінен биік болғанын қаладық. Лондондағы оқуымды сәтті аяқтаған тұста бірден елге оралуды ұйғардым. Себебі, өзімнің шетелде алған білімімді тәуелсіз Қазақстанымның қарқынды өркендеп, әлемдегі ең озық 30 елінің қатарынан лайықты орнын алуына үлесімді қосқым келді. Қазір сол ойымды іске асыра бастағаныма қуанамын. Ал, кино авторларына мына туындысы үшін үлкен рахмет.
БІР МАҚСАТҚА ТОПТАСУҒА ҮНДЕЙДІ
Абай Абылай, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті:
— Отанға деген сүйіспен-шіліктің биік үлгісін көрсету, туған елдің тарихын түгендеп, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу – фильмнің басты мақсаты болған сияқты. Өйткені, бұл туынды «болашақтық» жастардың елге оралу қажеттігін сюжетке арқау ете отырып, бәрімізді бір мақсат пен ортақ мүдденің төңірегіне топтасуға үндейді.
Мүмкін, біреулер киноның болмашы тұстарын сынға алып жатар, бірақ идея авторларының айтқысы келген ойы мен түсірілім тобының сапалы жұмысы тайға таңба басқандай көрініп тұр. Енді шетел жағалап, атағы жер жарған оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандықтар фильмді көріп, бір сәтке ойланатын шығар. Әрине, өзге жердің тәжірибесімен санасқан дұрыс, бірақ сол тәжірибені өз еліңмен бөліскен, тіпті ғажап. Мен «Оралу» фильмінен осыны түйдім.
АТАЖҰРТТЫ ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ
Асқар Қазиев, Атырау мұнай-газ институты дене тәрбиесі және спорт кафедрасының профессоры:
— Басты кейіпкер Мақсаттың атасы Жұмаш қарт шет елде жүрген немересінің үйге оралатынын біле тұра, шаруашылығын мемлекетке өткізген. Ал, атасының мұрасына бас-көз болып қалу немересінің ойында болмаған. Бір жыл бұрын оның дүние салғанын естіген ол туған жерге оралып, өз Отанымен қауышады. Сөйтіп, шаруашылыққа иелік етіп, оны сатқысы келеді. Бірақ, жергілікті тұрғындар Іңкәр мен Мейрамбектердің арқасында көп жәйтке қанығып, ойы өзгереді. Әр адам өзінің түпқазығын, атажұртын ұмытпауы керек. Соңғы кезде шет елде білім алып, тіпті сонда еңбек етіп, қалып қойып жатқан жастарымыз да аз емес. Әркім ең алдымен өз елінде қызмет етіп, Отанына пайда келтіруі керек.
ЖАСТАРҒА ОЙ САЛАТЫН ТУЫНДЫ
Мейірім Қалауи, Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:
— Облыстық мәдениет және ішкі саясат басқармаларының қолдауымен патриоттық мазмұнға бай кинофильмнің тұсаукесерін өткіздік. Қазіргі кітап пен газет оқымайтын кейбір жастардың жүрегіне осындай көркем фильмдер арқылы жол тауып жатырмыз. Осы мақсатта түсірілген туынды шетелде оқып жатқан дарынды ұл-қыздарымыздың елге оралып, өз білім-білігін Отанына жұмсауға шақырады. Бұл – бүгінде мәдениет саласында атқарылып жатқан орасан істердің бірі ғана.
Алда талай ұлтжандылық пен тарихи таным негізінде түсіріліп жатқан фильмдердің тұсауы кесілмек. Соның ішінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бір топ кинокартина көпшілік назарына жол тартпақ. Сондықтан, кейінгі ұрпаққа үлгі болар, жас буын сабақ алар дүниелер көбейе берсін деймін.
Амандық АБДОЛОВ.