Алтын Орда мемлекетіне – 750 жыл: Қазақ хандығының бас мұрагері

whatsapp image 2021 10 22 at 11.12.22 Мәдениет

Жошы және оның даңқты ұрпақтары құрған ұлысқа Қазақстанның тікелей қатысы бар. Әлемдегі ең алып империя дәл Қазақстан аумағында пайда болып, содан кейін біртіндеп басқа іргелес аймақтарға тарады. Осыдан 750 жыл бұрын, 1269 жылы Талас бойында Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстарынан шыққан түркі-моңғол ақсүйектерінің ұлы құрылтайы өтіп, онда осы ұлыстардың билеушілері – орталығы Қытайда, Пекин (Ханбалық) қаласында орналасқан империядан өздерінің тәуелсіздігін ашық жариялаған болатын.

Жошы ұлысы аумағының едәуір бөлігін қазіргі Қазақстанның және этникалық қазақтар шоғырланған іргелес жерлері алып жатқаны да анық. Белгілі бір дәрежеде біздің жеріміз болашақ жаңа империяның негізгі өзегі, орталығы  болды деп айтуға болады. Ұлыстың негізін қалаған Жошы хан Қазақстан аумағында (Қарағанды облысы Ұлытау ауданы) жерленгені бесенеден белгілі және бұл жер Қазақстанның маңызды киелі нысандарының біріне айналып қана қоймай, бүкіл әлемге танымал болады деп үміттенеміз. Жошының Сарыарқа төсінде жерленуі де кездейсоқ емес: қазақ (қыпшақ) жерлері мен далалықтар оның сенімді тірегі болған.

Айта кету керек, Жошы ұрпақтарының билігі ең ұзақ уақыт сақталған жері де дәл Қазақстан аумағы болып табылады (Бөкей Ордасының билеушісі Жәңгір хан 1845 жылға дейін, Кенесары хан 1847 жылға дейін билік еткен). Демек жошылықтардың мемлекеттілігі қазіргі Қазақстан аумағында пайда болып, 6 ғасыр бойы үздіксіз өмір сүріп келді.

Қазір Жошы ұрпақтарының ең көп сақталған жері де – Қазақстан. Кейбір мәліметтерге қарағанда, бүгін біздің елдегі Жошы ұрпақтарының саны 25 мыңға жуық болса, Моңғолияда олар жоқтың қасы. Неге олай? Бұл да құрылайын деп жатқан болашақ институттың қызметкерлері жауап беруі тиіс феномен мен жұмбақ.

Жошы ұлысы мен Қазақ хандығының арасында ажырамас тікелей сабақтастықтың барына ешкім дау айта қоймас. Мысалы, Жошы ұлысы астаналарының бірі – Сарайшық Қазақстан аумағында (Атырау облысы) орналасқан және мұнда бір-біріне жақын ағайын-туыс боп келетін Ұлық Ұлыс пен Қазақ хандығының билеушілері бірге қойылған. Сол Сарайшықта жерленген қазақ хандары мен сұлтандар көзі тірісінде өз шежіресімен бірге Жошы ұлысы мен Қазақ хандығы билеушілері арасындағы ұрпақ байланысы туралы жақсы қанық болғаны сөзсіз. Осыған байланысты 1801 жылы Бөкей сұлтанның өз халқымен Еділ мен Жайық аралығына «қайтып баруы» тегін емес.

Тағы бір маңызды дәйек – қазақ хандары, соның ішінде XVI ғасырдың басында билік құрған «қазақ жерлерін жинаушы» атанған ұлы Қасым хан өзін тек Жошы ханның ғана емес, Шыңғысханның басты тақ мұрагері ретінде таныды, бұған оның замандастарының ешқайсысы ешқашан шүбә келтірген жоқ. Өз заманында ол Шыңғысханның басты ұрпақтарының бірі ретінде саналған. Мысалы, Мәуереннахр билеушісі, оның немере бауыры Мұхаммед Шайбани хан оған бас хан және Шыңғысханның наместнигі ретінде жүгініп: «Дешті-Қыпшақ ханы Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы, оның тәжі мен тағының бас мұрагері, күн сәулесіндей жарқын жүзді Қасым», – деп мадақ сөздерді аямаған.

Анығы сол, кездейсоқ па, әлде жоқ па, бірақ Жошы хан заманынан бері өз мемлекеттілігін сақтап қалған әлемдегі бірден-бір егеменді ел – Қазақстан. Бүгінгі күні Жошы ұлысының құрамына кірген басқа түркі халықтарының не мемлекеттілігі жоқ немесе басқа елдердің құрамында автономия ретінде өмір сүріп келеді.

Басқасын былай қойғанда, Жошы ұлысы мен Қазақ хандығы халқының шаруашылық-мәдени типі, тілі, діні, салт-дәстүрлері, тіпті антропологиялық типі бірдей.

Сондықтан, Қазақстанда Ұлық Ұлыс тарихын терең зерттеу үшін ғылыми-зерттеу институтын құру қажеттілігі даусыз. Өйткені, Қазақстан – Ұлық Ұлыстың негізгі заңды мирасқорларының бірі. Ұзақ уақыт бойы тарихымыздың осы кезеңі зерттелмей ұмыт болып кетті (біздің тарихымыздың 200 жылдық кезеңі). Енді тарихтың осы бөлшегін тиянақты және жүйелі түрде зерттеп, ғылымдағы «олқылықты» толтыру үшін ондаған жылдар (бәлкім, ғасыр – !) қажет болатын шығар.

Болашақ институттың негізінде өзіндік ғылыми мектеп құрылып, жаңа формациядағы ғылыми кадрлар дайындалады, жаңа ғылыми журналдар, монографиялар, құжаттар жинақтары, т.б. дүниелер басылып шығады. Өкінішке орай, бұл кезеңді зерттеп, зерделейтін мамандар саусақпен санарлықтай.

Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған мемлекет және әлі де зерттеуді қажет етіп отырған осы дәуірдің (XIII ғ. басы – XV ғ. ортасы) және Ұлыстың басты саяси және әскери оқиғаларының едәуір бөлігі біздің аумақта өткенін ұмытуға болмайды.

Осы институтты құру барысында маңызды мәселенің бірі – оның қай жерде орналасатыны. Әрине, бірқатар геосаяси, өзге де мән-жайларға байланысты бұл институт еліміздің астанасында немесе ең болмағанда, Қазақстанның солтүстік қалаларының бірінде (Петропавл, Көкшетау, т.б.) ашылуы тиіс. 1997 жылы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру кезінде барлық ҒЗИ, соның ішінде гуманитарлық бағыттағылардың оңтүстікте, шетте қалып қоюы еліміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайтуда олардың ролі мен маңызын біршама төмендетіп тастады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан – елдің экономикасы мен идеологиясын дамыту үшін жұмыс істеуге тиіс жетекші гуманитарлық институттары астанадан тыс жерде орналасқан әлемдегі жалғыз ел.

Бай тарихы бар, қойнына бес Франция еркін сыйып кететін үлкен аумағы, орасан зор қаржылық-материалдық активтері мен ресурстары бар біздің Үкімет еш қиындықсыз елдің солтүстігінде және солтүстік-шығысында ондаған жаңа гуманитарлық институт аша алады деп сенемін. Өйткені, Қазақстанның нақ осы аудандары – тарихи жағынан да, археологиялық жағынан да, фольклорлық жағынан да, географиялық жағынан да, басқа факторлар тұрғысынан да мүлдем зерттелмеген аймақ.

Сонымен қатар, Алматыда орналасқан барлық ғылыми-зерттеу институттарын  міндетті түрде сол жерде сақтап қалу керек. Өйткені, олардың өз тарихы, өз орны, қалыптасқан ғылыми дәстүрі және Алматының жылы шырайлы күндеріне, оның маңайына үйреніп қалған ғылыми кадрлары бар. Соңғы жылдары оңтүстіктегі геосаяси, басқа да ішкі-сыртқы оқиғалар мұнда қазіргі гуманитарлық институттардың қызмет етуін талап етіп отыр.

Біздің ойымызша, жаңа институттың бірінші кезектегі қадамдары, қызметі мыналардан басталуы керек. Осы институт құрылған күннен бастап осы кезеңнің тарихымен  айналысатын барлық отандық мамандарды жинап, шетелдік (Венгрия, Ресей (Мәскеу, Қазан), Украина, т.б.) ғалымдарды еңбек келісім-шарты негізінде шақырту керек.

Институт «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты VII томдық академиялық басылымның III-томын (Ұлық Ұлыс тарихы бойынша) дайындауға белсенді қатысуы тиіс. Сонымен қатар, олар шетелдік аудитория үшін Қазақстанның қысқаша тарихын жазуға да білек сыбана атсалысады.

Күн тәртібінде XIII-XV ғасырлар аралығындағы Ұлы Даланың тарихы мен этнографиясына қатысты шетелдік және отандық тарихнаманы кешенді түрде зерттеу мәселесі де тұр.

Осы кезең бойынша отандық және шетелдік мұрағат қоймаларынан сирек кездесетін мұрағат көздерін анықтап, оны ғылыми айналымға енгізу және оны тікелей мемлекеттік тілге аудару аса өзекті болып табылады. Мысалы, бұл жұмысты «Архив-2025» бағдарламасын іске асыру аясында Таяу Шығыс, Азия, Шығыс және Батыс Еуропа елдерінде жұмыс істей отырып, Жошы ұлысының тарихына қатысты жаңа дереккөздерін анықтап жинауды, жариялауды жүзеге асыру қажет.

Ең соңында Жошы ұлысы дәуірінен бастап, Қазақстанда қазақ мемлекеттігінің жойылуына дейінгі (ХІХ ғасырдың ортасы) барлық жазба деректерді жинап жүйелеу мәселесі тұр. Осы кезеңге қатысты Қазақстан аумағында өмір сүрген халықтың рухани мәдениетін, дінін, фольклорын зерттеп шаруашылығы мен тұрмысын, салт-дәстүрін жаңғыртуды, дәстүр-салтын реконструкция жасауды қажет етеді. Сонымен бірге, алда осы дәуірдің қолданыста болған карталарын жинап жүйелеу және «Жошы ұлысынан бастап хандық биліктің жойылуына дейін» атты интерактивті ғылыми-тарихи карта жасаған дұрыс.

Жаңа ғылыми мекеменің жоспарында Қазақстанда және одан тыс қазақтар шоғырланған, сондай-ақ Жошы ұлысының жалпы тарихына қатысы бар жерлерде тарихи-этнологиялық, фольклорлық, археологиялық, географиялық, мұрағаттық, өзге де экспедицияларды ұйымдастырған артық емес.

Сонымен бірге, Жошы ұлысы тарихын назарда ұстай отырып, сапалы жаңа мектеп және жоғары оқу орындарына арналған тарих оқулықтарын жасау процесі қатар жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Бірінші орында кейіннен Scopus, т.б. мәліметтер базасына кіретін, Қазандағы әріптестердің тәжірибесі іспетті халықаралық ғылыми басылым шығару керек. Біз Жошы ұлысының тарихына байланысты жыл сайын өтетін Халықаралық конференцияның куәсі мен қатысушысы болғымыз келеді…

Институттың құрылуына сенімсіздік танытатындар да болар. Оларға не деуге болады? Біздің бай тарихымыздың шамамен 200 жылы тарихи жадымыздан түсіп қалды, бірақ бұл жерде ғалымдардың кінәсі жоқ. Осы бір кезеңді міндетті түрде зерттеу керек. Иә, белгілі бір қаржылық шығындар  мен әжептәуір ғылыми қызметкерлердің штатын жасақтау қажет болар. Мысалы, Чехия мен Польшада, басқа да еуропалық елдерде өз тарихының қандай да бір қысқа кезеңіне арналған, саяси қуғын-сүргін дәуірін (20-30 жыл) зерттейтін институттар бар, олардағы штаттық бірлік саны 1000 адамнан асады.

Ал, біздің бүтіндей қос ғасырды құрайтын тарихымыз ұмыт қалып отыр. Сондықтан, біз қаласақ та, қаламасақ та бұл институт ашылуы тиіс. Мұны бүгінгі геосаяси ахуал талап етеді. Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту қажеттілігі де осы мақсатты тезірек іске асыруды талап етіп отыр.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Алматы қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз