Тоғыз жолдың торабындағы көне көмбе
…Атыраудан Ақтөбе бағытына жолға шыққанда, тасжолдың Мақат-Мұқыр учаскесінен шалғайда жатқан Кенбай ауылынан әрі асып, Сағыз өзенін бойлай қара жолмен келеміз. «Газель» автокөлігінің жүргізушісі жасы егде тартқанмен, темір тұлпардың тәжірибелі «шабандозы» екені көрініп тұр. Қара жолдың кедір-бұдырына қарайтын емес. Есік-терезені қанша қымтап алсақ та, даланың шаңы «шауып» ішке кіріп, салон ішіндегілердің ішкі ағзасын да «аралап кетті». Бірақ, оны жатырқайтын біз емес, бәріміз де ауылдың қаратаяғымыз ғой, жалаңаяқ, жалаңбас қырдың жолында жүгіріп, даланың топырағына аунап, шаң-шаң болып жүрдік емес пе?!
Бізді бәрінен де бұрын жұмбақ сырын ішіне жасырған маң даладан табылған көне «Таскешу» керуен сарайының құпиясы қызықтырды. Онда бір айдан астам уақыт қазба жұмысын жүргізіп жатқан Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан құрылған археологиялық экспедиция өз міндетін аяқтай келген-ді.
Қыш тастың құпиясы
Бізді керуен сарайдың басына облыстық музейдің директоры Мұхамбетқали Қипиевтің өзі бастап әкелген-ді. Басты мақсат – «Таскешу» керуен сарайының археологиялық қазба жұмыстарының аяқталуына байланысты баспасөз мәслихатын ұйымдастыру. Әрине, мұны бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бұрыннан таныс қасаң қағида бойынша қаладағы мекеме ғимаратының бір бөлмесінен өткізе салуға да болатын еді. Бірақ, өлкетанушылар олай жасаған жоқ. Өздері секілді шаң жұтқызып, дала аптабына қақтап, ит арқасы қияндағы тарихи орынды көзбен көрсетіп, көне керуен сарайға пресс-тур жасағаны табылған ақыл болды. Соның арқасында журналистер археолог деген мамандық иесінің жұмысын көріп, еңбегін сезіне білді және көне көмбенің жұмбақ сырын жақын келіп түйсінді.
Бізді экспедицияның ғылыми жетекшісі Марат Қасенов қарсы алды. Мұнда қазба жұмыстарына көмектесіп жатқан жандардың көпшілігі жастар екен. Арасында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің тарих және өзге мамандық бойынша оқып жатқан студенттер де бар. Осыған қарап, бұл археологиялық зерттеу жұмыстарының болашағы алда деген ой түйдік. Өйткені олардың арасынан Марат ағалары секілді ғалымдардың шығып, «Таскешудің» сырына тереңірек үңілер деген үміт ұялады. Ал экспедиция құрамындағы отряд жетекшісі, археолог Ғаламат Базарбаев – болашақ жас ғалым. Ол қазба жұмысына қызығушылық танытқан өзінен кейінгі студент-жастарға қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп жүр. Мұндағы барлық жастардың, әсіресе тәжірибелі археолог-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасеновтен үйренері көп. Археологтарға жақын маңдағы Қызылқоға ауданына қарасты Кенбай ауылының тұрғындары да қолдан келген көмегін аянып жатқан жоқ.
Журналистерді көне ескерткішпен негізінен таныстырған – археолог-ғалым Марат Сейітжанұлы әуелі керуен сарайдың бас жағына қарай апарды. Сөйтсек, археологтар жақында ол жерден «Таскешудің» кіреберіс қақпасын тапқан көрінеді. Кеңдігі төрт метрлік қақпаның екі жағындағы жуан томарлардың ізі – дәл соның айғағы.
– «Таскешу» керуен сарайы – Алтын Орда империясының экономикасы дамып, дәуірлеп тұрған кезінде бой көтерген айрықша архитектуралық маңызды ескерткіш. Көне сарайдың ең басты ерекшелігі – мұндағы құрылысқа пайдаланылған қыш кірпіштер жоғары температурада дайындалған. Еліміздің аумағында керуен сарайлар болғанымен, қабырғасы толықтай қыштан қаланған сәулет ескерткіші бұрын-соңды Қазақстан аумағынан кездескен жоқ. Не үшін бұлай салынғаны әзірге жұмбақ. Қыш кірпіштер көне Сарайшықта да бар, алайда олардың жартысы – күйдірілген саман тас. Бұл – бір. Екіншіден, бұл тоғыз жолдың торабында орналасқан. Мына жағы Үргеніштен келіп, одан әрі қарай Сарайшықты, Еділ бойы елдерін байланыстыратын, Каспий теңізіне, Ұлы Жібек жолымен жол тартатын керуендердің көшін жалғайтын орталық іспетті. Қазір айналаны қарап тұрсақ, керуен сарайдан бастап есептегенде көне заманда 150-200 шақырым жерге дейінгі аралықта ешқандай ежелгі елді мекен немесе қала орны кездеспейді. Тек сарайдың маңында Сағыз өзені ғана ағып жатыр. Демек «Таскешу» Алтын Орда дәуірінің әскери гарнизоны ретінде де қызмет атқарса керек. Яғни, осы жердің және осы өңір арқылы өтетін сауда керуендерінің қауіпсіздігін сақтауы мүмкін. Әрі оларға қонақ үй ретінде құрмет көрсеткен. Сондықтан, мұнда қонақтармен бірге әскери жасақтар да тұрғаны анық, — дейді бізге көне мекеннің құпиясын шерткен археолог-ғалым.
Жасыратыны жоқ, енді «қыш тасты қайдан әкеліп, қалай жеткізді?» деген сұрақтың туындауы заңдылық. «Шынында да, олар жапан түзде жергілікті жердің топырағын пайдаланып, кірпіш өңдеу өндірісін қолға алған ба сонда?!» Осыған дейінгі зерттеу жұмыстары осындай тоқтамға әкеп тірейді. Өйткені, мұндай кірпіш өңдеу ісін қолға алу сол кездегі Алтын Орда дәуірінің ғана қолынан келген.
Ғалымның айтуынша, олай деуге толық негіз бар. Кейбір тастардың бетінде қалып қойған үй жануарларының іздері – соған дәлел. Олар өзге жердің емес, дәл осы жердегі төрт түлік мал, ит, өзге де жануарлардан жеткен тәбәрік. Арасында құрылысшының өз белгілері де бейнеленген. Бұл тастар іргедегі Сағыз өзенінің бойында басылып, далалық жерге қойылып кептірілген де, әрмен қарай жоғары температурада қыздырылып, қышқа айналдырылғанын айғақтап тұр. Тек кірпішті осылай өңдеу үшін құрылысшылар отынды қайдан алғаны түсініксіз.
– Осыған дейінгі карталарға карасақ, Сағыздың арнасы әрқалай ауысып отырған. Алтын Орда дәуірінде де өзеннің деңгейі қазіргідей болған десек, қатты қателесеміз. Ол кезеңде арнасы кең, суы мол тасып, айналасы орман-тоғайлы, сексеуілді болған деген болжам бар. Ендеше, кірпіш өңдеу ісінде ата-бабамыз алыстан арбаламай-ақ, өзен бойындағы ну тоғайдың ағашын отын ретінде пайдаланған деген жорамалымыз дұрысқа келеді, — дейді М.Қасенов.
Қазба жұмыстары кезінде табылған қыш құмыралардың сынықтары да ғалымның осы ойын толықтыра түседі. Құрылысшылар суды сол кездің технологиясы бойынша Сағыз өзенінен шығыр арқылы алып пайдаланған. Ал, қыш құмыралар сол шығырды айналдырып тұру үшін қолданылғаны айтпаса да түсінікті.
Қыш тастарды қызыға қолмен ұстап қарадық. Әр түрлі пішінде дайындалған, өте сапалы құйылғаны көрініп тұр. Тік төртбұрышты түрі кешегі кеңес өкіметі дәуірінде көп шығарылған кәдімгі қызыл тасты еске түсіреді. Бірақ «Таскешудің» тасы қара тастай, жуан да салмақты. Кеңестік дәуірдегі қызыл кірпіш жерге түсіп кетсе сынып немесе үгітіліп қалады ғой. Мынау ондай емес. Жеті ғасыр бойына уақыт тезіне шыдас берген, сол қалпында сақталып, бізге жетіп отыр. Осыдан-ақ ата-бабамыздың сонау орта ғасырдың өзінде маң далада көшіп-қонып жүрсе де, керемет озық өркениетке тән архитектуралық сәулет өнерін өркендеткенін көруге болады.
Қыш кірпіштер түрлі қалыппен құйылғанын айттық. Соның бірі – трапециялық тастар. Ол керуен сарайдың айналасындағы мұнараларды тұрғызу үшін жасалғаны аңғарылады. Ал, мұнараның биіктігі бес, диаметрі үш метрдің шамасында. Бұл, шынында да, «Таскешудің» әскери гарнизон қызметін атқарғанын айғақтай түседі.
Әр бөлмедегі сәкі, жып-жылы еден
Сарайшық қаласындай емес, мұнда керуен сарайды ешкім талқандап, бұзып, тонамаған. Алтын Орда империясы ыдырап, бұл жер экономикалық тұрғыдан тиімсіз болған соң, қожайындары заттарын алып, есігін жауып, көшіп кеткенге ұқсайды. Өйткені, қабырғаларының қаланған күйінде тұрып, бір жағына қарай құлауы соны айғақтайды. «Егер тонауға ұшыраса, онда бұлай жатпас еді» дейді археологтар.
Әрине, бұл жерде археологиялық қазба жұмыстары бұрын да жүргізілген. Олар керуен сарайдың Сағыз өзені жағындағы батыс бөлігінде зерттеу жасапты. Керуен сарайдың жалпы көлемі – 45х45 метр. Ортасы ат суытатын, керуен байлайтын алаңқай болса, оны айналдыра адам демалатын – барлығы 24 бөлме мен қоймадан тұрған.
Марат Қасенов пен Ғаламат Базарбаев бастаған археологтар «Таскешудің» күншығыс бетінде қазба жұмыстарын жүргізіп, көптеген демалыс орындарын анықтапты. Олардың пікірінше, мұны Алтын Орда империясындағы өте ауқатты адамның салғаны көрініп тұр. Себебі, құрылыс жұмыстары қыруар қаражатты талап етеді. Оның үстіне, өзен бойынан олардың үй-жайы да анықталған. Демек, қожайындары «Таскешуден» бөлек тірлік кешіп, қызметшілері арқылы саудагерлерге қызмет көрсетіп тұрған.
Бүгінгі археологтардың қазба жұмыстары да көп нәрсені анықтады. Нәтижесі ғалымды қайран қалдырып отыр. Керуен сарай, аты айтып тұрғандай, саудагерлер дамылдайтын қонақ үй, ат-лауын ауыстырып мінетін қызмет атқарған. Ал, қожайындардың келушілерге жасаған жайлы жағдайы мен құрметін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бүгінгі тілмен айтқанда, «люкс», «бес жұлдызды қонақ үй» деуге келеді.
Қазба жұмысы әр бөлмеде сәкі орнатылғанын, оның астымен жылы еден жүргізілгенін тапты. Қол жуатын орын, кәріз жүйесі – қысқасы, бүгінгі дәуірдің қонақ үйіндегідей комфорт жағдай жасалғаны көрініп тұр. Не деген ғажайып!..
Бүгінгі ұрпақ «теплый полдың» не екенін енді біліп, үйдің салқын болады-ау деген санаулы бөлмелеріне ғана орнатып жүр. Мұны «шетелдік өркениеттің нәтижесі» деп қабылдайтынымызды да мойындаған жөн. Ал, бабамыз сонау ХІІІ ғасырда-ақ айдаладан керуен сарай салып, оған келетін қонағы үшін әр бөлмесіне сәкі орнатып, астымен жылы еден төсеп, кәріз жүйесін қондырған. Сөйтсек, ықылым заманда ата-бабамыздан үйренген осы өркениетті шетелдіктер өзімізге қайтадан тықпалап жүргенін біз әлі күнге дейін түсінбей жүргеніміз қандай өкінішті?!
Зерттеушілер «Таскешу» керуен сарайы қызметінің Ноғай Ордасы дәуірінде де қайта жанданып, жұмыс жасай бастағанын анықтаған. Оған бұрынғы қабырғаларға жапсарластыра салынған бөлмелер дәлел. Өйткені, бұл қосымша құрылыстар сарайдың көне, бұрынғы архитектурасына сәйкес келмейді. Соған қарағанда, кейінгі кезеңде бұл жердің экономикасы қайта өркендеп, «Таскешу» келушілерге тарлық етіп, тағы да қойма бөлмелерін салғанға ұқсайды.
«Жетібай» қауымының жұмбағы
Экспедиция жетекшісі Ғаламат Базарбаевтың айтуынша, бұл жерден монета, сақина секілді түрлі құнды жәдігерлер табылған. Бір қызығы, олардың дені керуен сарайдың ішінен емес, керісінше, сырт жағынан шығып отыр. Мысалы, күміс сақина, қола тыйындар «Таскешу» қожайындарының үй-жайынан, сол маңдағы сай-саладан қазып алыныпты. Көпшілігі Алтын Орда Әз-Жәнібек пен Тоқтамыстың, Өзбек хандығының дәуіріне жатады. Бұл не сонда?..
Жоғарыда айттық, «Таскешу» керуен сарайының архитектурасы сол қалпында сақталған. Ұлы Жібек жолы, теңіз жолдары жабылғанда, бүгінгі тілмен айтқанда, экономикалық тұрғыдан тиімсіз болған соң қожайындар үй-жайы мен сарайдың есік-терезесін құлыптап кеткеннен бұл маңға тірі жан аяқ баспаған. Ал, қабырғасы уақыт сынына ұшырап, өздігінен құлаған.
Негізінен, «Таскешудің» алғашқы «авторы» – академик Әлкей Марғұлан. Тіпті, ашық аспан астындағы тарихи ескерткіш жайлы орыс саяхатшыларының жазбаларынан да кезіктіруге болады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары да археологтар біраз қазды. Яғни, бұрынғы зерттеушілер өз еңбектерінде «Таскешу» көпірі жайлы ақпарат айтады.
– Осыған дейінгі экспедиция керуен сарайдың кіреберісінен арнайы намаз оқитын бөлме орнын тапқан еді. Біз тастан төселген еденіне қарап, бастапқыда оны монша деп ойладық. Бірақ, шырақ жағатын орны мен михрабынан оның құлшылық қылатын ғибадат орны екенін анықтадық. Ендігі мақсат – «Таскешудің» тас көпірінің қайда екенін табуымыз керек. Өкініштісі сол, оны білу мүмкін болмай тұр. Шамасы, тастарын әлдекімдер пайдаланып кеткен немесе құлап өзеннің ескі арнасының астында қалып қоюы да мүмкін. Ол өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін белгілі болған. Әзірге қай жерде болғаны жөнінде жорамал ғана бар. Бірақ, әзірге бірде-бір кірпіш таба алмадық, — дейді Марат Қасенов.
Иә, көне керуен сарайдың әлі де құпиясы көп. Тас көпірді айтпағанда, көз ұшындағы төбе басында сағыммен бұлдыраған «Жетібай» қауымының өзі де сонау жеті ғасырдан бергі жұмбақ сырларды жасырып жатыр. Ондағы көне құлпытастар, мазарлар орны сол дәуірде өмір сүрген ата-бабамыздың кім екенінен хабардар қылса керек.
Таяуда «Таскешудегі» қазба жұмыстарының басына облыстың мәдениет саласының басшылары да арнайы барып қайтты. Мақсат – көне керуен сарайдың орнын барынша қалпына келтіріп, осы жерде туризмді дамыту. Шынында да, бұл істі көп кешіктірмей қолға алған абзал. Егер бұл мақсат тезірек жүзеге асса, онда «қазаққа «теплый пол» тартуды үйреттік» деп жүрген шетелдіктер нағыз өркениеттің көшпенділер мекен еткен дала мәдениетінен тарағанын біліп, көзі ашылар еді!..
Ербол ҚОШАҚАНОВ
суреттер автордікі