
Тіл мерекесінде еңбегі еленгендер
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл – ұлттың асыл қазынасы» атты облыстық салтанатты шара кең көлемде аталып өтті. Тіл – халықтың тарихи жадын, мәдени болмысын, рухани мұрасын сақтап қалатын негізгі құндылық екендігін дәріптеген бұл жиын Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның сахнасында жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Салтанатты жиынның шымылдығы дәстүрлі ұлттық аспаптар ансамблінің орындауындағы күйлермен ашылды. Қонақтарды фойеде ұлттық нақышта безендірілген көрме қарсы алса, Атырау жастар театры актерлерінің «Ана тілім – абыройым, мерейім» атты сахналық қойылымы шараның мазмұнды басталуына негіз болды.

— Қазақстан халқы тілдері күні – барша халқымызға ортақ, мәні ерекше мереке. Ел Президентінің нақыл сөзімен айтсақ, «Тіл – таттылықтың, елдің тағдырының айнасы». Сол себепті ана тілімізге деген құрмет – елімізге, оның тәуелсіздігі мен бірлігін сақтауға деген терең ықыластың көрінісі деп білеміз. Бүгінгі мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өнерлі жастарымыз бен этнос өкілдері концерттік бағдарламамен көрермендерді қуантуда. Бұл іс-шараның маңызы – қазақ тілінің ғана емес, Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық ұлттардың тілдерін құрметтеп, сақтауға, дамытуға деген ұмтылысты көрсетеді, – деп атап өтті облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Шалқарбай Ізбасаров.
Салтанатты кеш аясында еліміздің тіл саясатын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мен мекеме өкілдері түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Олардың қатарында мемлекеттік қызмет саласының мамандары, білім беру мен мәдениет саласының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері және тіл жанашырлары бар. Марапат иелеріне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, сондай-ақ облыс әкімдігі мен облыстық мәслихат атынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

Мәдени іс-шарада жергілікті өнерпаздар мен этномәдени бірлестіктер өз өнерлерін көрсетті. Гүлмайдан Сүндетова «Менің елім» әнін орындаса, Шәрипа Жәменова «Бұлбұл» күйін шебер орындады. «Інжу-Маржан» би ансамблі «Шашу» мен «Ою-өрнек» билерін ұсынып, татар-башқұрт этномәдени бірлестігі «Татулық» ансамблі попурриін паш етті. Лидия Насенкова Абайдың өлеңін мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ, филармония әншілері Самал Теміралиева, Жасұлан Базарбаев пен Ержан Мырзахметов патриоттық әндерімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Әнуар Әбілғазиев