Жарнама
Мәдениет

Театрда маусымжабар қойылымы көрсетіледі

Өлкеміздегі ұлттық өнердің қарашаңырағы – Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры кезекті 86-шы маусымын жапқалы отыр. Бұл туралы өнер ордасының өкілдері қатысуымен «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің баспасөз клубында өткен брифингте айтылды. Оған жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері қатысты.

Театрдың көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Темірбек Мұхтаровтың айтуынша, осы маусымда өнер ұжымы көрермендер назарына жеті қойылымды ұсынуды жоспарлапты. Соның бесеуін осыған дейін сахналап та үлгерген.

-Атап айтқанда, былтырғы қазан айында ертегі желісіне құрылған «Ән сал» (авторы Г.Дженнингс, қоюшы режиссер Г.Қамысбаева), қарашада «Жасаусыз қалыңдық» (А.Островский, М.Томанов), желтоқсанда «Кішкентай ханзада» (А.Экзюпери, Ж.Телтаев), биылғы ақпан, наурыз айларында «Махаббат қызық мол жылдар» (Ә.Нұршайықов, М.Ф.Майенбум, Д.Базарқұлов) спектакльдері театр сахнасында бірнеше мәрте қойылып, көзі қарақты, көкірегі ояу көрерменнен өзінің лайықты бағасын алды, — деді Темірбек Мәжитұлы.

Белгілі болғанындай, театрдың 86-шы маусымы «Таптым-ау, сені!» және «Кішкентай ауылдағы үлкен махаббат» атты қойылымдармен жабылады. Алғашқысы белгілі орыс драматургі, танымал киносценарист Н.Птушкинаның осы аттас мелодрамасының желісіне құрылып, комедия жанрында көрермен назарына ұсынылып отыр. Премьераны қазақ тілінде сөйлеткен аудармашы А. Жаңбырбай, қоюшы режиссері Ж.Телтаев, суретшісі Т.Мұхтаров. Туындыға отбасындағы жағдайға байланысты өзінің өмірлік серігін кештеу кезіктірген қыздың қызықты да қилы тағдыры арқау етілген.
Соңғысы қазақ жазушысы Бейбіт Сарыбайдың «Мейрім» прозалық шығармаларының жинағына топтастырылған әңгімелердің желісі бойынша сахналанған пьесаны қойған режиссер Атырауға арнайы шақыртумен келген Жұлдызбек Жұманбай, суретшісі Тимур Қоесов, композиторы Шәмші Күзембай.

Атауынан-ақ аңғарылып тұрғанындай, мұнда қыз бен жігіттің ғана емес, ана мен баланың, әке мен ұлдың, ата-әже мен немеренің арасындағы, қалаберді ауылға, туған жерге деген махаббат мәселесі қамтылған.
Ескерер жайт, аталған премьераларды көрермен қауым 3-ші және 11-12 шілде күндері кешкі сағат 19.00-де театрда тамашалай алады.

Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button