
Театр – рухани әлемнің шамшырағы
27 наурыз – Халықаралық театр күні. Осыған орай Атырау жастар театрында аталмыш мерекеге арналған салтанатты іс-шара өтті.

Театр – тек көркем өнердің көрінісі ғана емес, ол адам жанын тәрбиелеп, рухани әлемін байытатын ерекше алаң. Бұл мереке өнерсүйер қауымның ұлы мекені саналатын театрға деген құрмет пен махаббаттың белгісіне айналған.
Атырау Жастар театры аз ғана уақыт ішінде өнер биігіне көтеріліп, қоғамдық мәдениетке ерекше ықпал етті. Театр сахнасында қойылған «Жаннат», «Хансұлу», «Еділ мен Жайық», «Клеопатра» сынды қойылымдар көрерменнің көңілінен шығып, ұлттық құндылықтарды насихаттауда маңызды рөл атқарды.

Мерекелік кеште театр ұжымы мен шығармашылық топтың жетістіктері бейнебаян арқылы көрерменге ұсынылды. Сонымен қатар, кәсіби деңгейде қызмет еткені үшін театр қызметкерлеріне арнайы марапаттар табысталды.
Айта кетейік, театр әртістері Астана қаласындағы К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде біліктілікті арттыру бойынша тәжірибелік дәрістерге қатысты. Сондай-ақ, шығармашылық құрам мен қызметкерлер Татарстан Республикасы, Қазан қаласындағы Ғ. Камал атындағы Татар мемлекеттік академиялық театрында шеберлік сағаттарынан өтті.
Халықаралық театр күні – театр өнерінің шеберлері ғана емес, бүкіл өнерсүйер қауым үшін ортақ мереке. Бұл күні сахнадағы әдемі сәттер арқылы театр өз асқақ өнерін паш етіп, көрерменнің жүрегінен жол тапты. Театр ұжымдарының игі еңбектері ел мәдениетінің дамуына үлес қосып, рухани мұрамызды дәріптеуге қызмет ете бермек.
Тоғжан ЕРМЕК