Тасқалада домбыра үйірмесі ашылды
Кеңөзек (Тасқала) ауылдық округінде облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Samruk-Kazyna Trust» кооперативтік қорының қолдауымен және «Хиуаз» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Әрекет» әлеуметтік жобасы аясында аула клубы ашылды. Енді мұнда дүйсенбі мен сейсенбі күндері «Домбыра Club» және сәрсенбі мен бейсенбіде қолөнер үйірмелері (сағат 10-11.30; 15-16.30) жұмыс жасайтын болады.
Жасы 7-16 аралығындағы қазақтың ұлттық аспабында ойнауды үйренемін деуші жандар «Мерей» дүкенінің ғимаратына келіп, сабақтарға жазыла алады. Қазірдің өзінде мұнда отыз бала тәлім алуда, оның жартысы – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан (Олар үшін – тегін, ал, қалғандары айына 5000 теңге төлейді. Авт.).
Бұдан бөлек, мұнда тоғызқұмалақ, би, шахмат, ұлттық қолөнер, заманауи өнер және басқа да тегін үйірмелер (сағат 10-16.00) бар. Сондай-ақ, осындағы атақты «Әжелер» фольклорлық ансамблінің жанынан «Ене-келін» дәстүрге баулу мектебі (сағат 10-16.00) қызмет көрсетеді. Аталған өнер ұжымының жетекшісі Айым Болатованың айтуынша, ұлттық салт-дәстүр мен ұмытылған әдет-ғұрыптарды білгісі келетіндер болса, есік ашық.
– Мен осында 2008 жылы көшіп келдім. Содан өзімдей он шақты әженің басын қосып, 2013 жылы ресми түрде өнер ұжымын құрдық. Олардың арасында Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан, Монғолия, Қытайдан келген оралмандар да бар. Содан бері жергілікті жерде ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттап келеміз. Талай жастарға киіз басып, ұршық иіруді үйреттік, — дейді ол бізбен әңгімесінде.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ