Жарнама
Мәдениет

Тарихты зерделеуге жаңа серпін

dsc_0069_min

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөзде жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы отандық тарих ғылымы үшін бүгінгі жетістігі мен алда тұрған міндеттерді саралаған мәнді еңбек болып отыр.Отандық тарих ғылымына деген оң көзқарасты қалыптастыру,ұлт тарихын баяндаудағы уақыт пен кеңістік, өркениет пен ұлы тұлғалар,тарих ғылымының «ақтаңдақтары мен қаратаңдақтарын» айырудағы
негізгі ұғымдар.

Қазақ болмысы ерекшеліктерінің бірі оның ұлтына деген баға-байламы мен тарихшылдығы. Қатардағы дала қазағы өз халқының тарихымен бірге өсіп, өзін үнемі халық тарихының бір бөлшегі ретінде сезінген.«Жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер» деген халық даналығынан үлгі алған ата-бабаларымыз ел тарихын, ру тарихын, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді үнемі назарда ұстаған.

Елбасы атап көрсеткендей, «тарих дегеніміз өткеннің ғана сабағы емес, ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі».

Қазіргі отандық тарих ғылымы алдында мақаладан туындайтын жауапты да маңызды міндеттер тұр. Тарих ғылымын зерттеу мен оған тиісті баға берудегі және оны жас ұрпақ санасына жеткізудегі кеңестік идеология мен пікірлерден, тұжырымдардан арылып, әлемдік тарихтың құрамды бөлшегі ретінде, өзіндік ерекшеліктеріміз бен ұлттық болмысымызды ерекше көрсетуге мән беруіміз қажет. «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды» делінген ойлар қазіргі күнмен сабақтасып жатыр. Қазақ халқының тарихы рулық-тайпалық құрылымдармен тығыз байланысты екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Қаласақ та, қаламасақ та бұл біздің ұлтымыздың тарихына тән сипат болып табылады. Мақалада көрсетілгендей, тайпалық-рулық қауымдастық ерекшеліктері біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтардан бастау алып, кешегі XX ғасырдың 30-шы жылдарындағы кеңестік дәуірдің берік орнығу кезеңіне дейін біздің ата-бабаларымыздың әлеуметтік, саяси-шаруашылық өмірімен тығыз, біте қайнасып, өрбіп, өрістеп келді. Кеңестік тоталитарлық жүйе рулық қауымдастықты ғана емес, осы негізде өркендеген қазақ халқының өзіндік рухани болмысын, дәстүрлі шаруашылыққа негізделген күллі өмірін күйретіп жіберді.

Тәуелсіздік алған еліміздің осындай айқын жолдағы қадамдары халқымызды рухтандырып, саяси сергітіп қана қоймай, өзіміздің өткенімізді танып білуге деген ғаламат құштарлықты, екпінді, ынтаны жоғары деңгейге көтерді. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Алашорданың 100 жылдығын мерекелеу кезінде жазылған қомақты зерттеулер XX ғасырдың 30-шы жылдарынан кейін үзіліп қалған тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттік құрылымдар тарихын тереңірек кешенді зерттеуге жол ашты. Шетелдік архивтер мен кітапханалар қорларын жете іздестіру нәтижесінде сақтар, түріктер, ғұндар, әртүрлі қағанаттар, қыпшақтар, үйсін, қаңлы, жужан, түргеш, қырғыз, қарлұқ, ұйғыр, қарахан, қарақытай, керей, найман, сармат, оғыз мемлекеттері тарихы жазыла бастады. Мұнда ескеретін тағы бір мәселе, рулар тарихын шежіремен ғана шектегісі келетіндер көп. Шежіре – тарих емес, ол ата-баба жылнамасын біршама анықтап беретін тарихи дерек.
Ұзақ тарихи дамуымызда қазақты ұлт етіп құраған осы рулар мен тайпалардың нақты тарихын терең және жан-жақты білу ғана ортақ ұлттық мүддені ту етіп көтеретін иманды қазақ азаматын қалыптастыра алады. Яғни, халқымыздың әлеуметтік- рулық құрылымы туралы терең білім ғана ұлтты жаңа сапалы деңгейге көтереді.

Рулар тарихын арнайы және тереңдетіп жазу әрбір қазақ азаматының ата-бабаның ерлік істерін, салт-дәстүрін, рухани-діни наным-сенімін құрметтеуіне жол ашады, оның ұлтын, елін, туып-өскен жерін жан жүрегімен сүйетін нағыз патриот болып қалыптасуына зор мүмкіндіктер береді.

Батыстың және Еуропаның бүгінгі мәдениетінде ұлттық дәстүрлі құндылықтардың екінші қатарға ысырылуы, азғындаған ұрпақтың үстемдігіне жол ашып келеді. Мұның ұлтымыз үшін қаупі аса зор. Бұған біз өзіміздің дәстүрлі рухани құндылықтарымыз бен ұлттық тарихымызды қарсы қойғанда ғана қорғана аламыз. Егер осы айтылғандарды мойындар болсақ, қазақ қоғамын құраған рулар мен тайпалар тарихын тереңдете зерттеу кажеттігі өзінен-өзі туындайды.Оның үстіне кеңестік жүйеге дейін қазақтың әрбір руының өзіңдік ата-қонысы, шаруашылықтық көшу жолдары, ел басқарған ру басылары, отауызды, орақ тілді шешен-билері, қол бастаған ерен батырлары, ұлтымыздың рухани, діни және мәдени өмірінде із қалдырған айтулы сал-серілері, дарынды әнші-күйшілері, адуынды жыраулары болғанын да ешкімнің жоққа шығара алмайтыны айдан анық.Бұл туралы қазақстандық тарихнамада тәуелсіздік жылдарынан бастау алған тұлғатану бағытына Елбасы мақаласы жаңа серпін берді. Қазақ тарихын білу деген сөз осындай тарихи тұлғалардың тарихын болашаққа үлгі ету болып шығады.

Рас, біз ірі тұлғаларды ұлттық деңгейде насихаттауға дағдыландық. Әрине, бұл өте құптарлық нәрсе. Солай бола тұрса да олар белгілі бір тарихи кезеңдерде өздерінің руымен бірге, рулық-тайпалық әлеуметтік қоғамда әрекет жасағанын неге ұмытуымыз керек? Мұндай тұлғалар тарихы өзінің туған руының ортақ тарихынан жеке дара және дербес қаралмауы керек. Руды ұмытып, ұлт жасаймыз деу тарихи қателік. Біз рулық-тайпалық ерекшелікті есте ұстағанда ғана, зерттеу барысында тарихи тұлғаның шынайы да айқын және толыққанды бейнесін жасай аламыз.

Ұлтымызға тән тағы бір ерекшелік – ағайынды, туысты, құда-жекжатты, дос-жаранды, жиен-нағашыны әрқайсысын өз орнымен қастерлейтін касиеттердің басымдығы дер едік. Бүгінгі жаһандану заманында ғасырлар бойы қанымызға сіңіп, берік дәстүрімізге айналған осынау асылдарымыздан ажырап қалмаудың жолын тынбай іздестіруіміз керек. Қазақтың рулық-тайпалық тарихын терең білген азамат бөтен жұрттың алдында ұлтының жоғарыдағыдай өзіндік, қайталанбас қасиеттерін мақтаныш етуге және оларды көздің қарашығындай қорғап қалуға белсенді жұмыс жасайтын болады.

Лесқали БЕРДІҒОЖИН,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі.

тарих ғылымдарының докторы.

Related Articles

5 Comments

  1. Рухани жаңғыру бағдарламасының жалғасы деп түсінемін. Алға қойылған міндет және мақсаттарымыз көп! іске сәт!

  2. «Рухани жаңғыру» мақаласы ұлт руханиятының жаңаша өркендеуіне үлкен жол ашты деп ойлаймыз.

  3. Президент идесының іске асуына тек Үкімет емес бәріміз жауаптымыз

  4. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істей берсек, шын мәнінде рухани жаңғыра аламыз.

  5. қазақ атамыз нағыз тәрбиенің түп төркінін, әр дүниенің қадірін білген ғой шіркін

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button