Жарнама
Мәдениет

«Таптым-ау сені»

Қым-қуыт тірлікпен жүріп, жақынымыздың барын да ұмытып жатамыз. Миллиондаған тұрғыны бар қалада жүріп те адам жалғызсырауы мүмкін. Жалғыздық – бүгінгі заманның дерті. Жалғыздық жанға азап шектіреді. Сол себепті де, жалғыздық десе сұрықсыз сұрғылт өмір көзге елестейді. Жуырда Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында қойылған Надежда Птушкинаның «Таптым-ау сені» пьесасында біздің қоғам үшін өзекті жалғыздық мұңы ғана емес, отбасы құндылығы, адам тағдыры баяндалады. 

Көрерменді түрлі сезім әсеріне иіріп, шетсіз, шексіз күйге ендіре алған премьера режиссері Жанат Телтаевтан білгеніміздей, туындыны Асылбек Жаңбырбаев қазақшалаған екен. «Күтпеген кездесу» деп аталатын атауын да, жанрын да өзгерткен.  Сонымен… «Ең жақсы көретін адамыңның бақыты үшін өтірік айтуға қаншалықты дайынсың? Өтірік айта алар ма едің?» Пьеса осы сұрақтардан бастауын алады. Өлім аузында жатқан анасының  соңғы арманын орындау үшін басты кейіпкер Таня кездейсоқ  адасып келген  Игорьді өзінің болашақ жары ретінде таныстырып, өтірік құйтұрқыға, театр тілімен айтқанда,  бастапқы оқиғаға алып келеді. Әңгіме осыдан әрі қарай өрбиді. Бұл жерде ананың жалғыздығы, әйелдің жалғыздығы, жалғыз тағдырлар суреттеледі. 

dec6d63b 7056 423c 900f 629e6226d968

– Сахнадағы кейіпкерлерді жалғыз қалдырмағанды жөн көрдік. Қай спектакль, пьесада режиссер соңын «хэппи ендпен» аяқтағысы келеді. Өмірде болмаса да, ең болмаса сахнада кейіпкерлеріміздің әдемі, бақытты ғұмыр кешкенін қалайсың. Сол себепті де пьесаны бұрмалап, қалауымызша өзгертуге тура келді. Түпнұсқа тексттен біраз ауытқыдық. Өзгерттік. Өзге кейіпкерлерді қостық. Мәселен, жан алғыш «смерть», екі купидон, загс қызметкері пьесада болған жоқ. Оны өзіміз қостық. Сахнадағы төрт кейіпкерді жалғызсыратпау үшін айналасына фон арқылы, режиссерлік әдіс арқылы байыттық. 

Бұл жерде «смертті» қосқан себебіміз, өлімнің өзіне күліп қарағымыз келді. Әрине, кейіпкердің көзімен. Өліммен бірге билеп, өлімнің әлдилеп ұйықтатып кетуі, оған қайта-қайта өлімді кейінге қалдыру, 5 жылға шегіндіру туралы сұрауы – мұның барлығы ауыр тақырыпты мелодрамаға, комедияға айналдырғымыз келген режиссерлік тапқырлық еді. Бір қуантарлығы, театр ардагері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының алғашқы түлектерінің бірі Сәуле Бәйменова басты рольде ойнады. Басқа рольдердегі Ержан Жұматов, Айнагүл Мұхтаровалар – театр корифейлері ғой. Бұл кісілермен жұмыс жасау үлкен мәртебе, — дейді премьераның режиссері Жанат Телтаев. 

Оның айтуынша, қазіргі заманға сай мультимедиялық фишкаларды қосу арқылы көрермен көңіліне жол табуға ұмтылған. Яғни, бірінші акті «Ирония судьбы», «С легким паром» тарихына ұқсайтындықтан аталған фильмдердің  видеосын қосса, екінші актте танымайтын біреудің немере қызы ретінде пайда болуы расында мексикалық сериалдарға келетіндігі сонша, «Просто Марияға» пародия жасаған түрі екен. 

Бұл финалды әртүрлі бітіруге болатын еді. Дегенмен, режиссер  бәрін аман алып қалып, анасы да  бүгін-ертең өлем деп емес, «бес жылдан кейін өлемін» деп оптимисталық нотамен аяқтайды. 

2e8dc323 d82f 48e2 9388 1445c2f21403

– Шынтуайтында, бәріміз де бақытты болуға барымызды саламыз. Соның жолында қандай ма іс-әрекетке де барып, күресіп келеміз. Ол 80 жаста болсын, 20 жаста болсын, бақытты болуға, әдемі, саналы өмір сүруге кімнің де құқығы бар.  

Үлкен классика немесе ауыр трагедиялық шығармалар болсын, қиын жанрдағы дүниелерден гөрі, көрермен сұранысына басымдық беріп, түсінікті, шынайы, қарапайым, рухани спектакль қоюға ұмтыламыз. Біздің репертуарда ондай спекткальдер көп. Бүгінгі премьераны да сюжеті жеңіл, ностальгиямен бергіміз келді. Сонау 90-жылдардағы декорация, сол кездегі қарапайымдылық, адамдардың аңғалдығын көрсетпек болдық. Жиһаздар, ата-әжелердің үйіндегі ескі заттар  көзге ыстық көрінеді. Қазіргідей қаталдау заманда көрерменге сол аураны сездіргіміз келді. Суретші Темірбек Мұхтаров екеуміз шкафтағы заттарды іздестіріп, сұрастырып жүріп таптық. Тіпті, актерлардың ауылдағы ата-аналары, мәселен, Сағыныштың анасы сонау Құрманғазы ауданынан фиругалар мен фарфор ыдыс-аяқ салып жіберсе, Нұршат атасының киім-кешегін тасығаны бар. Көрерменді 1,5 сағат сюжетпен шаршатпауды да ойластырып, жаңа әндерге де орын табуға тырыстық. Көрерменіміз демалса екен деп жеңіл, көңілге әсер ететін дүниені ұсынсақ деген ойымыз басты орында болды, — дейді Жанат Телтаев. 

Расында, сезімді жеткізер сөз таусылған кезде сезім күйін музыкадан іздеген театр труппасы кезекті рет көрерменді тәнті етті.

Рита ӨТЕУҒАЛИ,

суреттерді түсірген Әнуар Әбілғазиев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button