«Тәңірге табыныс» кітабының тұсаукесері өтті
Махамбет аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде Таңдай топырағының талантты перзенті, Қазақ журналистикасының қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Махамбет ауданының Құрметті азаматы, марқұм Қадыржан Қазымбекұлы Сабыровтың «Тәңірге табыныс» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Қадыржанның бүкіл саналы ғұмыры өзінің кіндік қаны тамған, туған жері – Таңдай топырағында өтті. Ол 1960 жылы қарапайым отбасы – әкесі Қазымбек пен анасы Мынташтың шаңырағында өмір есігін ашты. Кішкентайынан зерек болып өскен өрен бастауыш сыныптарда оқып жүргенінде-ақ газетке өлеңдер мен мақалалар жазуға машықтанды. Аудандық «Малды өңір» газетінде оның мақалалары жиі жариялана бастады. Орта мектепті 1977 жылы бітірген Қадыржан мектеп партасынан сол жылы Новобогат ауданының қайта құрылуына байланысты жаңадан ашылып, «Нарын таңы» атауымен шыға бастаған газет редакциясына қызметке қабылданды. Екі жылдан соң Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің редакциясында тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып, жұмысқа әбден төселеді. Кейіннен мемлекеттік қызметке ауысып, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне басшылық жасады. Ал, өмірінің соңғы сәтіне дейін Бақсай ауылдық мәдениет үйін басқарды.
Туған жердің табиғатымен үндесіп, айналадағы дүниеге ақындық көзбен қарап, селт еткізер сезімдерді шымыр шумақтарға сыйғызу өзін осы жолға арнаған жанның бойындағы асыл қасиет болса керек. Одан өзге қаламгердің шешендігіне, тапқырлығына, ауылдың ұйытқысы бола білуіне қарап оны жерлестері «Таңдайдың Бөкен биі» атап кеткен-ді. Енді міне, осындай қадірлі қаламгеріміздің інжу-маржан туындылары топтасқан кітабы жарыққа шығып отыр. Осыған орайластырылған шарада аудандық мәслихаттың төрағасы Қайыржан Мәжиев, Исатай ауданының Құрметті азаматы, белгілі қаламгер Мұрат Бектенов, «Халық таланттары» республикалық телевизиялық фестивалінің лауреаты, белгілі айтыскер ақын Жәниба Қарасаева, Махамбет ауданының Құрметті азаматы, белгілі ақын Нұрым Ерғалиев, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мәди Өтеғалиев, ардагер журналист Марат Сабырғалиев, тағы басқалары жылы лебіз, шынайы пікірлерімен бөлісті.
Соңынан ақынның жұбайы Гүлжан Нысанқұлова мен ұлы Біржан Қадыржанұлы осы кітапты шығаруға атсалысқан барша азаматтарға, шараны ұйымдастыруда қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне, аудандық және Бақсай ауылдық мәдениет үйі мен ауыл өнерпаздарына алғыстарын білдірді.
Дәулетқали АРУЕВ