Таланттар Түркияға барады
Астана қаласында республикалық «Өнерлі ұрпақ» байқауы өтіп, онда еліміздің әр өңірінен келген жас дарын иелері өнерлерін ортаға салды. Аталған байқауда Мақат балалар өнер мектебінің талантты оқушылары да бақ сынап, елге олжалы оралды.
Өнер мектебінің шәкірттері шыңдалған кәсіби шеберліктің үлгісін көрсетті. Сахнада вокал номинациясы бойынша жас әнші Кәусар Уахитова «Бұлбұл» (Л.Хамиди) әнін нақышына келтіріп шырқады. Әділқазылар алқасы Кәусардың сахнада өз-өзін ұстауын, әнді орындау шеберлігін, киім үлгісін жоғары бағалап, бірауыздан Гран-при иегері атануға лайықты деп шешті.
Сондай-ақ хореография номинациясында «Әсем-ай» кіші би тобының өнері де көрерменнің көзайымына айналды. Мың бұралған бишілер Гран-При жүлдесін жеңіп алды. Бұған қоса «Әсем-ай» орта би тобы да жүлделі II орынды қанжығасына байлады.
Әрине, әр жеңістің артында жетекші мен шәкірттің бірлескен нәтижелі еңбегі тұр. Байқауда жеңімпаздардың жетекшілері Әсем Ерімова мен Ақылбек Тілеуқұлов арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Енді Мақат балалар өнер мектебінің Гран-при иегерлері Түркия еліндегі халықаралық байқауға қатысатын болады.
Майра ЕРҒАЛИ
Мақат ауданы