korme 2

Тұңғыштың тағылымы

Мәдениет

Кең байтақ даланы жаудың сұсынан білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғау бар да, ең басты құндылығымызды көздің қарашығындай сақтау бар. Осы егіз ұғым бір-бірімен астасып, үйлесім тапқан кезде ғана бейбітшілік пен татулық орнайды. Халық алаңсыз өмір сүреді. Тыныштық жайлаған мемлекеттің болашағы да жарқын болады. Тәуелсіз Қазақстан да өзінің қалыптасу тарихында талай сын шақтан өтті, қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Бірақ, сүрінбеді. Алға қарай ұмтылды. Нақты әрі нық қадам жасай білді. Әлемнің озық елдерімен иық тірестірер деңгейге жетіп, бедел биігіне көтерілді. Егемендік тәй-тәй басып, алғашқы қадамдарын жасаған жас республиканың жаңа тынысын ашты. Бабалар аңсаған азаттықтың сыры мен «сиқыры» да – осында шығар, бәлкім?!

????????????????????????????????????

Иә, бұл тәуелсіздік бізге оңайлықпен келмеді. Мектеп оқушысы да жақсы біледі, осыдан сан ғасыр бұрын жаугершілік заманда қайтпас қазақ халқы туған жерді қасық қаны қалғанша қорғады. Намысты қолдан бермеді. Кейін екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ержүрек аға-апаларымыз «Отан үшін отқа түсті». Кеңес Үкіметі ыдыраған сәтте де ешкімге жалтақтамай, егемендік алуға ұмтылды. Қайсар рухты халық қандай қиыншылыққа да мойымай, төзімділік таныта білді. Сайып келгенде, қанға сіңген шыдамдылық тәуелсіз жас мемлекеттің аяғына нық тұруына оң септігін тигізді. Ақ ұлпа қардай қағаз бетіне азат елдің тарихы алтын әріптермен жазыла бастады. Қазақстандықтар республиканы басқаратын тұңғыш Президентін сайлады. Бүгінде Қазақстан дүниежүзінде айшықты орны бар, өркениетке қадам басып, дамудың даңғыл жолына түскен елдердің қатарынан табылды. Ал, әлемдік аренада еңсемізді тік ұстап, зор мақтанышпен көрсете алатын мемлекетіміздің оңтайлы өзгерістері, реформалары мен стратегиялық қадамдарының барлығы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығы мен ерен еңбегінің жемісі.

Кей кезде пендешілікке бой алдырып, «табиғи байлығымызды былай пайдалансақ, басқаша болар еді» дейміз-ау. Бірақ, бұрын-соңды елеусіздеу елді жер шарына танытып, бірлігі мен тірлігі жарасқан мемлекетті басқару кез келгеннің қолынан келмейтін іс екенін ұмытып кететініміз жасырын емес. Бұрын импортқа ғана көз «сатқан», азық-түлікті талонмен алатын күндерді артқа тастап, шикізатты мемлекеттен өңдеуші елге айналып келетініміз ше?! Тіпті кейде «қара алтынның» арқасында шалқып отырған Біріккен Араб Әмірліктерімен салыстырып, еселі еңбекті жоққа шығарғысы келгендер де болғаны рас.

Ақиқатында, «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демекші, ата-баба салған сара жолдың ізімен озық елдердің жақсылығын ғана көңілге түйіп, кәдеге жарата білгеннің нәтижесі бұл. Ақпарат дәуірінде шындыққа жанаспайтын, жалған мәліметке құлақ түріп, елдің даму жолдарынан мүлде бейхабарлар ғана тар шеңберде ойлап, таяз пікірде болуы мүмкін. Әйтпесе, ширек ғасырдан сәл астам уақыт ішінде жеткен жетістіктер мен жарқын жобалар – қазақстандықтардың көз алдында циклді көркем фильмдей жалғасып жатыр. Келешекке үлкен сеніммен қарайтын мемлекеттің әлі де алар асуы биік екеніне күмән жоқ.

Ал, Елбасының қызметін тәуелсіздіктен бөле-жара қарай алмайтынымыз да ақиқат. Басқасын айтпағанның өзінде, егемендігіне енді ғана қол жеткізген жас мемлекет бір қарағанда, есігі құлыптаулы, іші істен шыққан станоктарға толы қаңыраған ескі зауыт секілді көрінетін. Жылдар өте келе оның бойына қан жүгіріп, жаңа технологиялардың арқасында ауыз толтырып айтарлықтай өнім шығара бастады. Тауарлар экспортқа аттанды. Міне, осынау игілікті көш басында халық таңдаған, ел сайлаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Оның ел басқарудағы әрбір қадамы тәуелсіз мемлекет пен қазақстандықтар үшін маңызды екені даусыз. Мұның барлығы Мемлекет басшысының музейінде айқын көрініс тапқан. Ал, осы жылдарда өзі жазған құнды еңбектердің орны бір бөлек.

Елорадаға алғаш ат басын тіреген әрбір қазақстандық пен мейманның ең алдымен осындай нысандарды тамашалайтыны да сондықтан. Әйткенмен, екінің бірінің Астанаға баруға мүмкіндігі бола бермейтіні де жасырын емес қой. Сол себепті, «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесі еліміздің бірқатар аймағында болып, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Өткен күз айларында бұл айтулы оқиға мұнайлы өлкеде де жалғасты. Атыраулықтар екі ай уақыт бойы қала орталығындағы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде құнды жәдігерлерді тамашалауға мүмкіндік алды. Көшпелі қор көрмесін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков бастап келді. «Жақсыны – көрмекке» демекші, көрмені тамашалауға зиялы қауым өкілдерімен қатар, жас-тар, еңбек ұжымдары да барып, біраз нәрсені көңілге түйді. Экспозициямен танысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та тілектер кітабына ізгі тілегін қалдырды. Ол өзге де құрметті меймандардың жылы лебіз, алғыстарымен толықты. Белгілі сазгер, жазушы Ілия Жақанов Елбасы кітапханасына табыстар тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді.

Түйін:

Тәуелсіз Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаев – егіз ұғым. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста Елбасы халықтың қолдауымен әлемдік қауымдастықта өз орны бар мемлекетімізді алға бастаған болатын. Содан бері Президентіміз өз көрегенділігімен талай сындарлы сағаттардан өтті. Қазіргі бейбітшілігіміз бен бейқам тірлігіміз – сол еңбектің жемісі. Алдағы уақытта да сол бағымыз басымыздан таймаса екен!

 

Айбөпе САБЫРОВА

1 thought on “Тұңғыштың тағылымы

  1. Елбасының қазақ еліне істеген жақсылығы өз алдына үлкен еңбек. Президент болғалы ол тек қана Қазақстанның дамуына үлес қосып келеді. Бұл біреуге пафос болуы мүмкін, бірақ көзге көрініп тұрған нәрселердің барын бар деп айтқан орынды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған