Жарнама
МәдениетСарапTime

«Жұмақ та, тозақ та – осы өмірде…»

Елімізге белгілі жазушы әрі режиссер Асылбек Ықсанмен жып-жылы жүздесудің жолы түсіп, әңгіме өрбіткен едік. Көңілі тау суындай тұнық екен. Жан дүниеміз рухани байып қалғандай болды. Ендеше, назарларыңызға сол сыр-сұхбатымызды ұсынамыз…

— Аға, өмірдегі еңбек жолыңыз бен өнердегі алғашқы қадамыңызды қалай бастадыңыз?

— Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіріп келіп, өзім туып-өскен Атырауда 3-4 жыл істедім. Сөйтіп осы театрда актер болып алғашқы еңбек жолымды бастадым. Біз 1978-жылдары оқу бітіріп жатқан кезде аталмыш консерватория жанындағы факультет театр және көркемсурет институты болып өз алдына бөлініп шықты. Ал бұрын қазақта болмаған сол факультетті 1955 жылы ашқан Асқар Тоқпанов деген адам. Мәскеу қаласындағы Театр өнері институтын бітірген алғашқы режиссер ғұлама кісі болған-ды. Тіпті, Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріповалардың да ұстазы еді.

Кейін Алматыға қайта ауысып, өзім оқыған институтта 1981 жылдан бастап актерлік шеберліктен дәріс бердім. Артынша театр және кино режиссурасын бітірдім. Шыны керек, кеңес өкіметі кезінде өнерге көзқарас жақсы болды, көп жағдай жасалды. Мысалы, 4-курста үкімет бәрімізді Мәскеу, Ленинград қалаларына  ұшақпен тегін іс-тәжірибеге жіберетін. Алматыдан 24 студент 10 күндік сапармен жер-жерге аттанып жататын. Соның арқасында біз көп театрларды көріп қалдық.    

Өзім жас педагог болғанымда да жыл сайын студенттерді алып барып отырдым. Мәскеуге сол кезде социалистік елдер – Германия, Румыния, Польшаның театрлары келіп тұратын.  Ішінде әйгілі Жапонияның Кабуки классикалық театры да бар. Олардың ойнау стилі мүлде басқа. Осылайша өнер адамы көпті көріп, тәжірибеден өтпесе, құр теориямен алысқа бара алмайды.

Кейбіреулер айтады, «мен театрға келіп демалып қалдым» деп (күлді). Сіз қалай демаласыз? Егер Махамбет пен Кенесарының басын кесіп алса, Абайды сабап жатса… Көрермен тарапынан бұл – қате түсінік.

Бәлкім ол да болса әр көрерменнің философиялық пайымына, өнер жөніндегі өзіндік таным-түйсігіне байланысты шығар?

— Иә, келісемін. Қай елде де театрға келген халықтың жүз пайызы сол өнерге «қадалып алып» келмейді. Әрі кетсе тек екі пайыздайы ғана театрдың өз көрермені болуы мүмкін. Осыған бола ешкімді сөге алмайсыз, әркімнің өз шаруасы, өзіндік талғамы бар. Біреу ол уақытта балық аулағанды ұнататын шығар, біреу сол балықпен сыра ішкенді қалауы мүмкін деген секілді (жымиып)

Орыс актері, режиссер Константин Станиславский театрға ғылымды алып келді. «Былай ойна, олай ойна» деуді терминмен айтты. Әдебиеттегі «ішкі монолог» дегенді де теарға енгізген сол. «Второй план» дейді, сіз ойнап отырған кезде қат-қабат ойлар жатады, міне, сол. Осы орайда дүниежүзілік театр теориясы Станиславскийден басталған ғой десем артық айтқаным емес.

Одан да басқа атақты Брехт Бертольт, көп айтыла бермейтін француз жазушысы, ақын, драматург Антонен Арто театрға көп өзгерістер әкелді. Жалпы, бәрі де көне гректердің антикалық театрынан бастау алған-ды. Ал, енді қазақта театр болды ма дегенге келсек, біз білетін қазіргі театрдың формасы болған жоқ. Бірақ театр, киносыз да халықтың көркемдік ойлауы өзімен бірге туды емес пе, бертін келе ол өз сипатын ала бастады.  

— Сөзіңізді бөлсем айтып етпессіз, талант осы тек Алматыда туа ма, қалай?

— Әрине жоқ. Қазақстандық өнер иелерінің көбісі ауылдан шыққаны белгілі. Мәселе сол әнші, биші, күйші, актерлардың Алматыда қалып қоюында болып тұр ғой (күлді). Өйткені ол жақтың барлық мәдени орталықтарында жағдай жасалған. Актер қызметімен қоса кино, телевизиялық бағдарлама, сериалдарға түсе алады, дубляжға, радиоға барып нәпақасын табады, материалдық жағдайын жақсартып алады. Себебі оның да жанұясы, баласы бар. Өнерді сүйем-күйем дей бергенмен, актер да жақсы үйде тұрып, әдемі көлік мінгісі келеді.

«Өнер құрбандықты талап етеді» деп те жатады, бір нәрсеге қол жеткізу үшін құрбандық келтірмесе болмайды. Мысалы, жылма-жыл академияны бітіріп жатқан студенттердің тек таңдаулылары ғана Алматыда қалып қояды, режиссерлар оларды жібермейді. Сонда қалып баспаналы болады, «мен Атырауымды сүйем» деп келіп жатқандар аз. Атырауда талантты жастар жетерлік, әсіресе, соңғы кезде тым жақсы актер қыздарымыз шығуда, көбісі академиялық театрларда қалады. Оған кінә арта алмайсыз. Осы жерден үй бергенде де, көп ештеңе өзгере қоймас. «Мемлекеттік мәдениет», «мемлекеттік саясат» деген ұғымдар бар, соның анықтамасын іздеп қарап көріңіз. Сонда оның біздің елде қалай жүзеге асырылып жатқанына көз жеткізесіз.  

Мәселен, дамыған елдерде ішкі өнімнің белгілі бір пайызын мәдениет саласына жұмсайды. Ресейде актер жақсы фильмге түссе, бір күндік түсірілім бағасы 25 мың долларды құрайды екен. Ал ол айлап түседі емес пе, оған әп-әсем бір үй сатып алуына болады. Осылайша көңіл жайланған соң, өнермен алаңсыз айналысауға мүмкіндік ашылады. Бұрын кеңестік идеологияның «өнер адамы тойып кетсе, одан дым шықпайды, ол үнемі аш жүруі керек» деген түсінігі қазір ескірді.

— Режиссерлар өзге ұлттың туындыларынан аударған дүниелерді қоюға неге құштар?

— Басқа журналистер де өзіңіз сияқты бізден сұрап жатады, ар жағында кінәлау сезіледі енді, «сіздер аударманы неге қоясыздар?» деп. Ол қазақты жек көріп, болмаса менсінбегеннен емес, әрине. Сонда нені қоямыз? Қозы Көрпеш, Қарагөз, Айман-Шолпан, Ақан Серімізді қоя береміз бе қайталап? Ол қойылымдардың кейбірінің ішінде кеңестік идеологияның ықпалымен жазылғандары бар. Алаштың ардақтыларының бәрінің өмірі қандай болғанын білесіз ғой. Шетінен соттап, қырып жатқанда ол кісілер көп нәрсені айта алды  ма?.. Сондықтан қазақ тіліндегі қазіргі заман драматургиясын өздеріңіз оқып қараңыздар, сосын төрелігін айтыңыздар. Маған бір нәрсе деу артық.

— Қазіргі драматургияның кемшін тұстарын айта аласыз ба?

— Драматургтер көбінесе батырлардың қабағын түйгізіп қойып, жуан дауыспен сөйлетеді. Ал біздің олимпиада жеңімпаздарын көріңіз, олар да бүгінгі күннің батырлары, өздерін батыр етіп көрсетпейді ғой?! Тіпті, боксшы Бақтияр Артаев та кейде жымиған сәтінде қыз мінезді жігіт сияқты боп көрінеді.  

Тағы бір мысал айтайын, бір кейіпкер шығып алады да: «А-а, сіз ана ауылдың пәленше ақсақалдың баласының баласы екенсіз ғой» деп бүкіл биографиясын айтады. Келесі кейіпкер де солай. Екі адам отырып алып, миыңызды ашытып жіберсе, халық театрдан жалығып кетеді. Керісінше, осылардың бәрі қимыл-әрекетке құрылуы қажет. 

— Сонда өзіңіз не ұсынасыз?

— Өз басым, драматургияны Чеховтың көзімен қараймын. Оның шыққан биігі – айқай да жоқ, шу да жоқ, тып-тыныш, таза шеберлік үлгісін жасады. Жылжып аққан су секілді, айтарының астында неше түрлі ағыстар ағып жатыр. Меніңше, драмада текст мәселесін қайта қарау керек. Болат Атабаев осымен күресіп жүр. Сахнаға оңды-солды әдеби мәтінді әкеліп тықпалай беруге болмайды. Қажет болса, газет-кітап бар, қалаған адам содан да оқып алар.      

Жасы келген драматургтар қазіргі кездің махаббат тақырыбын жазғанда «Ой, қарындас сыртқа шығып таза ауа жұтайықшы» деп келтіреді. Сіздің жасыңыз нешеде? Сіз осы заманда өмір сүре отырып, менің заманымның тілімен сөйлемейсіз ғой? Яғни, бұрын «қарындас, сағат неше болды?» деп танысушы еді, қазір жастардың өзіндік сөз қолданысы, сленгтары бар.  Қытайда бір ақылгөй ағып жатқан өзен суына қарап тұрып айтады екен, «Мына су – сол су, бірақ басқа су…» деп (күледі). Уақыт өтіп жатыр, сол борсыған суға қарап тұра бермейсіз ғой, мәтін де өзгеріске ұшырайды.

Әңгімелер жазасыз, кино саласынан да мақұрым емессіз. Ұлттық арналардағы тіл мәселесіне көзқарасыңыз қандай?

— Рас, өнердің, әдебиеттің қай саласында да еңбектенген кездерім болды. Тағы да мысалға көшейін, шетелдің фильмін аударып көріңіз – аудара алмайсыз. Неге? Өйткені өзге елде сленгтер қалыптасқан. Орыстарды алайық, «я – реальный пацан», «жесть», «поймай тишину» дейді. Ал қазақ тілінде сленг қалыптаспаған. Келісесіз бе? Балаларымыз айтып жатады, «облом болды» деп, оның бәрі орыс тіліндегі сленгтер, орыс тілді қазақтардың сөзі. Ал, қазақ тілді қазақтар «е, қумаш, е-е, қудың ба не?» дейді. Америкалық фильмдердің сленгтері орыстардың аудармасына дөп түседі. Мысалы, «я тебя урою, урод!» деген сияқты. Ал атыс-шабыс, кримминалды фильмдерді аударғанда біздің тілімізде түрменің жаргондары тағы жоқ. Атырауда тек «махан-пахан» бар (жымиып). «Ксива» дейді орыста, оның аудармасы есіңізге бірден тарс ете түседі. Ол сөзді түрмедегі құжат немесе түрмеден келген хат деп былжыратып отырмайсыз ғой?..

— Көрермен демекші, белгілі бір көрермен шоғыры бар дегенді естідім. Әр өнердің өз көрермені бар деген сөз бе бұл?

— Иә, бар, театрал дейді оларды. Атырауға сонау Аюхановтар бастаған балет келеді, оған өз көрермені барады, Астраханнан опера келеді, Алматыдан Әуезов – олар үшін де солай. Бірақ келушілердің біразы «Тамаша» секілді әзіл-қалжың, ойын-сауық отауларына келеді, есік сындырып кете жаздайды. Көп ретте «Базар жоқ» келеді. Ал сондағы көрерменнің мәдениеті бар ма? Залда жүгіріп жүреді, тарс-тұрс кіріп-шығып телефонмен сөйлеседі, кілемде «кола», салонда сағыз, аяқ астында америкалықтардың «попкормы»… Ондайлар қасындағы көрерменді де, актер мен оның өнерін де сыйламайды. Көпке тапырақ шашпаймын, бірақ кей жастарымыз Ромео-Джулиетта сияқты қойылымдарға келгенде «Уа-а, красавчик!» деп ысқырып жібереді, тура басқа бір нәрсе күтетіндей (жымиып).

— Бізде спектакльдің бейненұсқасы түсіріле ме?

— Телеспектакль деген бар, бірінде сахнадан келіп тек көрермен жақтан ғана түсірсе, екіншісінде адамдарсыз репетиция үстінде түрлі ракурспен түсіреді. Бәрібір актердің көрушілермен тікелей тілдескеніне ештеңе жетпейді. Себебі актер сахнада сол уақытта сол күйді өз көрерменімен бірге кешті, шынайы өмір сүрді. Алматыда аздаған Иса Байзақов, Жамбылдардың түсіп қалған ленталары сақтаулы. Ал әр облыстың театрын кім түсіріп жүрді дейсіз? Қазір де бізде ондай мүмкіндік жоқ, ол үшін кәсіби тұрғыдан көп құрал-жабдық, «удочка», «журавль» дейді, дыбыс жазатын краны бар камералар, арнайы мамандар керек. Театр тек «бүгін, дәл қазір және осы жерде» деген ұстаныммен өмір сүреді. Актердің сол сәттегі  кешкен сезім күйі ешқашан қайталанбайды, әр кезде өзгеше шығып отырады. Мықты домбырашылар Нұрғисаның күйлерін нотаға көп түсіре алмайды. Нұрғисалар сол шабыты шалқыған кезінде ойнады, солай кетті… Мұны пластинкаға жабыстырып тастай алмайсыз.

— Театр табалдырығын аттағанымызда осы жердің бір жағымды иісін сезінеміз, соның өзі құдіреттей көрінеді кейде. Бұл турасында не дейсіз?

— Дұрыс айтасыз. Біздің театрға Чапай ағаларымыз жасы жетпістен асса да келіп, араласып тұрады, сіз айтып отырған иісті иіскеп кетеді. Бірде Алматыда таксиге отырсам, жүргізуші ұйғыр жігіті «күн сайын кәрі шешемді көкбазарға алып-келіп жүремін» деді. Сөйтсе, анасы көп жыл сол жерде сауда жасаған, базар өзінің «стихиясы» екен...

Бұл  енді декорация, әлде гриммнің иісі болуы мүмкін, әйтеуір әр кәсіптен аңқитын бір өзіндік иіс бары рас, ол өте нәзік дүние. Бұл басқа тақырып болса да, айта кетейін, қазіргі кримминалистиканың дамығаны соншалық, қылмыс болған жердің иісін немесе үстелде сіздің бас киіміңіз тұр ғой, соны алып пробиркаға салып қояды. Кейін сіздің осы жерде болғаныңызды бірден тауып алады. Иіс саусақтың табынан да, шаштан да мықты болып тұр ғой шамасы.

— Кримминалистика деп атап кеттіңіз, детектив жанры театрда қолданыла ма?

— Бәріміз де сол Эдгар Подан бастадық қой. Ол жанр бар, бірақ театрда сирек кездеседі. Өйткені эффектілер, атыс-шабыс, жарылыс дегендеріңіздің өзі бір төбе.  Сол жағы қиындық келтіреді. Алайда сахнаның тілін тапса, қоюға болады.

— Алдағы күніңізді жоспарлайсыз ба? Шабытқа қарай көсілесіз бе, әлде ол сізге көсіле ме?

— Олай деуге болмас, сірә. Режиссер да адам баласы, мен ештеңені жоспарламаймын. Біз негізінен суретшілерге қызығамыз, оларға ой келді, қағаз-бояуды сатып алады да бөлмесіне тығылады. Әрі кеткенде 10 немесе 30  күнде кенепке салып, бітіреді. Ал мен болсам, ойымды қырық актерға жеткізуім керек, сахнаға шығарып, музыкант, суретшілерімді табуым тағы бар.

Жалпы институтта сабақ беріп жүргенімде жас болса да еңбекқор, өмірі суреттерінен айырылмайтын суретшілермен көп араласатынмын. Ақсаусақтарды ол кезде  алма, жүзім жинауға жібереді. Сонда суретшілер жұмысына да үлгеріп, тау көріністерін, пейзажды да салып отырады. Сондағы айтатыны: «Аға, сіз алманы тістегенде дәмі келеді ғой аузыңызға, біз де бояудан сондай ләззат аламыз».  

Өнерде «исполнитель» және «творец» деген ұғымдар бар. Суретшілер кейде музыканттарға күле қарайды, «они – исполнители» деп. Расында да, композитор жазып берді, дирижер тактісін көрсетіп тұр, орындаушылар тек нотадан оқиды. Егер шын талант болса, актер сол орындаушы деңгейінен шығып кетуі керек. Ол да мықты домбыра секілді құрал, өзінің тамыр қағысы, жүрек соғысы, дауысы, үні бар. Міне, сөйтіп жан сарайына салып әдемі образдар шығарады. Тұлғалық дәрежеге көтеріледі. Сол кезде актердің жаны кедей, пластикасы қатып қалған болса, бәрі құрыды дей беріңіз. Домбырашы көп, Қаршығалар аз.

— «Бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек» дейсіз ғой?

— Әлбетте. Болат Атабаев қазір талант көп дегенді айтады. Ол күліп айтқан сөзі. Сізге керемет тамаша таланттысыз десем, соған мәз боласыз ба? Құдай берген талант оқусыз, еңбексіз, теориясыз тек сол «талант» күйінде ғана қала береді. Ізденбесе, актер тоқырайды, қайталауға ұшырайды.

Мысалы, көп еңбектенсе, әңшілердің дауыс мүмкіндігі өте ғажап келеді. Шегі жоқ десе де болады. Мен «Хабарда» жүргенде Бибігүл апайдың үйінде болдым. 70 жасқа келген кезі ғой, ал дауысы әлі сыңғырлап тұр. Өйткені ол кісі фортепианода даусын үнемі жаттықтырып отырады. Сол сияқты Ермек ағалардың даусы жас жігіттердікіндей саңқылдап тұрады. Жұмыс істей берген сайын дауыс ашыла түседі. Ал, дауыс қою – өте қиын нәрсе. Мықты педагогтар да оны қоя алмайды. Гауһар жасау үшін оны қырлап-сырлайды, дәл солай құдай берген дауысты да күту керек, ол ешқашан қартаймайды. Назар аударсаңыз, қазір радио, теледидарда кей жастардың даусы қарлығып шығып жатады, күшеніп сөйлейді. Неге? Себебі сөздік қоры аз, айтуға сөз таба алмай қиналып жатқан күйі бұл. Әбіш ағаларды қараңыз, қалай төгілтіп жазса, солай еш қиындықсыз сөйлейді.

— Танымал болуға құштар емес көрінесіз? Танымалдылық кейде тоқмейілсітіп жіберсе, кейде шабыт, қуат береді. Бұған не дейсіз?

— Біздегі (театрдағы) жастардың да өз табынушылары, фанаттары бар екен, интернетте шығып, жазысып отырады. Бізде жан-жақты актерлар көп. Танымалдылыққа келсек, 13-14 жаста гимнасткалар олимпиада жеңімпаздары болып жатады. Кейін 18 жасқа келгенде спорттан оларды біржола ығыстырады. Далада қалған олар теледидар шулап жатқан соң, жай жаттықтырушы болып қалғысы келмейді, сөйтіп өмірден түңіліп те кетеді. Бірақ шын талант болса, Шәкен, Абайлар сияқты өле-өлгенше халық аузында болады, өлгеннен соң да ұмытылмайды.

 Станиславскийдің керемет сөзі бар, сені 40 адам мақтап, бір адам ғана сынаса, сол біреуін тыңдау керек. Керісінше оны біз жау көреміз. Біреулер жер баспай кетеді ғой, ақыл мен бойдағы нәпсіні жеңуге байланысты шығар, асылы. Бәрі де айналып орнына келеді ғой түбінде. 

— Актер екінші қызмет болса алып жүре ала ма?

— Оның өнері талан-таражға түсіп жатса, өзінің бақыты. Мәскеудің белгілі актерлары жүгіріп барып спектаклін ойнап тастайды, телевидениеде бес-алты программаны бірден жазып тастайды. Бізде де солай, ұлттық арналар келіп жүргізушілерді жазып кетеді. Жеті-сегіз бағдарламаның әрбіреуіне жоқ дегенде 300 доллардай қаражат төленеді. Ондай шәкірттерім ауқатты тұрады, той басқарады, шоумен болып жүргендері де бар. Режиссерға байланысты, «нан жеп отырған жерің бұл, киноға түспе» деп актердің бағын байлауға, оны өсірмеуге болмайды. Бұл Алматы, Астананың әңгімесі ғой, ол жақта театрдан кеткендер бар. Өйткені киноға барғысы келеді, халық таниды, аудиториясы үлкен. Театр милиион адамдық аудиторияға есептелмеген, онда тек 600 адам отырады. Тек барлығы кәсіби деңгейде болса, жасандылыққа, ақша жисам деген мақсатқа жалғасып кетпесе болғаны.

Ресейдің Безруков, Меньшов, Меньшиковтары бәріне де үлгеріп жүр емес пе? Нагиев те ток-шоуларын керемет жүргізеді. Верник деген жігіт Мәскеуде оқып жүргенімізде қарапайым студент болатын, ал Константин Райкиннің балалары барлық жерде жүр.

— Сіз Теменовтер секілді жоғарыда айтып кеткенімдей, танымалдылыққа құлшынбадыңыз, мұны қалай түсіндіресіз?

— Олар ертеректе танылып, үлкен аренаға шықса, біз аймақтарды аралап қалдық. Он жеті жыл дәріс бергеннен соң «Хабарға» кеттім, «Хабар-2»-де бас редактор, «Қазақстан» ұлттық арнасында продюссер, газеттерде бас редактор болдым. Әркімнің өз жолы бар. Құдай сенің ойлағаныңды емес, қажет десе, ойламаған жерден бере салады емес пе? Көп жазушылар сұрайды, осыған дейін қайда болдыңыз деп. Бала оқыттым деймін, мүмкін жазушылыққа әлі піспеген шығармын ол кезде.  Құдайдың бергеніне ризамын. Дауыл соқса, күн суып кетті деп біреулер ренжиді. Оған бола ренжуге болмайды. Солай болған екен, ендеше болуы тиіс деген сөз. Қолыңыздан келмейтін іске несіне күйіп-пісесіз? Ол Құдайдың қолындағы нәрсе, ұят, күнә болады.

Қазір бізге уақыт жетпейді. Қаншама роман, повесть, пьесаларымды бастап қойдым, әлі аяқталмаған. Шынымды айтсам, солар үшін кейде жүрегім ауырады.  Мен жазғанда бірнешеуін қатар жазамын, үнемі төгіле бермейсің ғой, тоқтайсың. Сондайда қызықты өмір көріністеріне куә болып, идея туып кетеді. Мен осы жерге жақын үйде тұрамын. Кешке жақын терезе алдында қозғалмай бір қыз тұрады келіп. Кейін ұмытып кетемін де, кешке тағы көремін. Сөйтсем, ол қызға ұқсайтын гүл екен. Міне, О.Генридің әңгімесінен әңгіме тууы ғажап емес. Бір әңгіменің шетін тіпті бастап жазып та қойдым, тыңдап көріңіз.

…Байдың дуалмен қоршалған үлкен үйі болады. Өтіп бара жатқан жарлы жігіт әлгі үйдің терезесінен өзіне бір қыз қарап тұр деп ойлайды. Бірақ жақындап бара алмайды, дуал тым биік. Сөйтіп ақша жинап, бинокль сатып алады. Қараса, ол – гүл екен (күледі).

— Иә, аға, қазір ондай қиялшыл жастар жоқ сияқты. Аруларымыз түсінде миллион гүлден гөрі миллион долларды көреді.

 — Тауып айттың. Осы жерде айта кететін бір жайт, пысықай, қу адамдардан өнер адамы шықпайды. Актер бір нәрсеге сенгіш, арманшыл, романтик болуы шарт. Жұрттың бәрі жаман деп жатса да, ол жақсылыққа сенуі қажет. Бәрі де Алла-тағаланың қолында. «Пассионарность» деген Гумилевтің термині бар. Берді ғой өз заманында алаштың арыстарын – Жүсіпбек, Ахмет, Бейімбет, бесаспап Халел мен Шоқандарды. Арада бір тыншу болатыны рас. Кейін төгіп тастайды. Арал тартылып кетті деп зарлайды, артынан табылды ғой астынан, сақ па, қола дәуірінде ме, жерленген адамдардың сүйегі. Демек, ол жерде бұрын адамдар тұрған. Әйтпесе су түбіне апарып адам көнбеген шығар?..

— Сіз сонда бүгінгі қоғамнан орын алып жатқан теріс құбылыстарға сабыр сақтап отырасыз ба?

— Олай емес, біз қазір суицид жөнінен алдыңғы орынға шығып кеттік. Ең жаманы – болашаққа сенбеу. Бұл – қауіпті, қорқынышты дерт. Қазір жастар тез ашуланшақ, психологиялық тұрғыдан әлсіз келеді. Болмашы нәрсеге мазасы кетеді. Менің немерелерім күні бойы теледидар, болмаса компьютер алдында отырса, түнімен ұйқысы қашып, шошып оянады. Ал далада жүрсе, керемет ұйықтайды. Міне, неше түрлі құбыжық фильмдер де бала психикасын бұзады.

– Өткенге бір сәт болса да оралғыңыз келмей ме?

– Әлбетте! «Көнені көкседіңіз» дей көрмеңіз, бірақ өткеннен өнеге алатын тұстар баршылық. Мысалы, социализмнің артықшылығы, оған мұсылмандардың қасиетті кітабы – Құранның 20 қағидасы енген. Олардың ішінде бабадан балаға мирас болып келе жатқан қарияларды құрметтеу, кішілерге көмектесу, жоққа жомарттық таныту, барға қанағат қылу сияқты асыл амалдар да бар. Мұның бәрі мықты тәрбие құралдары болып табылады.  

Социализмнің екінші артықшылығы сол, азаматтардың тапқан табысы бір-бірінен артық не кем болмады. Жас отбасылардың өмірін жеңілдету үшін үй беру, жұмыс табу секілді ауыртпалықтарды үкіметі өз мойнына алған еді. Мәдениет қайраткерлері де қаржылай қолдау тапты. Бұл өнермен өмір бойы айналысуға серпін берді.

Мұны неге айтып отырмын? Себебі, Лениннің өзі қоғамды басқару мүмкін еместігін айтып кеткен. Сол сияқты, мың адам он адамның жетегіне оп-оңай еріп кетуі ғажап емес. Міне, осындай топтасудан толқу туады. Сондықтан, төңіректің тыныш болуы үшін адамдар арасында тепе-теңдік сақталуы тиіс. Бір кездері қорасында бір қойы барлар мен мың қойлы байларға бірдей салық салынды. Содан қос таптың арасында келіспеушіліктер орын алды. Оны шешу үшін Ислам діні қажет болды.   

– Ал, қазір сол дінді әлдекімдер теріс мақсатта, дәлірек айтқанда, бұқараны билікке қарсы қоятын қару есебінде қолданып отырғаны ащы да болса шындық. Келісесіз бе?

– Рас, бүгін де балақ қысқартып, сақал ұзартқан ерлер мен қара жамылған әйелдер көбейді. Әсіресе, дені жастар екеніне ішім удай ашиды. «Қой терісін жамылған қасқырлар» қаптады. Жас біткенді жарға жыққан жат ағымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жайылып кетті. Сайып келгенде, бұл дін мәселесімен ғылыми түрде айналысатын уақыт жеткенін көрсетіп отыр. Оны кейінге қалдыруға болмайды. Өйтпеген жағдайда кеш болады.

– Осы сіз о дүниеге, жұмақ пен тозақтың барына сенесіз бе?

– Күндердің күнінде жер бетін топан су басатыны немесе ақырзаман орнайтыны жөнінде түсінік бар. Меніңше, бұл бір күнде бола қоятын нәрсе емес. Яғни, ол қазірдің өзінде әр күні әр жерде орын алуда. Жер-анамыздың бір бөлігінде су тасып, ал, келесі жартысында қанды қырғын болып жатқаны жасырын емес қой. Ендеше, ақырзаманның бүгін де өз белгілері бар деген сөз. (Сол сияқты, оған ерлердің әйелше, әйелдердің еркекше жүріс-тұрысын қосыңыз. Авт.) 

Әйтеуір, ақирет ойға оралған сәтте жұмақ пен тозақ та ауызға түсе қалатыны бар. Ол екеуінің де осы өмірде екенін ойға алып көрмедіңіз бе? Мысал келтіріп түсіндіріп көрейін. Айталық, көңілі кірлеген адам ұзақ ғұмыр сүрсе де, ағайынмен араласпай, адамгершіліктен алыстаған күйі «тірі өліктің» кебін киіп жүреді. Ниеті қаралар жалқау, жемқор келеді. Ондай тірлік тозақпен тең. Ақыры өзінен өзі жиіркеніп, ажалын күтумен күн өткізеді. 

Ал, біреулер жатты жақын тартып, кедейге көмектесіп, жоққа жомарттық танытады, олардың екі дүниеде де жүздері жарқын. Жанары жаздай жайнап, жұмақта жайраңдап жүргендей. Бақұлдасар сәтте де ауырмай-сырқамай, жаны қиналмай қоштасып кете барады. Мәселен, осы отырыстың өзі бағасыз бақыт емес пе? Он екі мүшеміз сау, маған сызу, сізге жазу бақыты бұйырған. «Жүзі жақсыдан түңілме» дейді халық даналығы.  Ендеше, дәл қазір жұмақ бағында сырласып, салиқалы сұхбаттасып отырмыз деп түсініңіз.

– Сіз үшін өмір несімен қызық?

– Өмірдің өзі қызық қой. Кейде біреу сені алтынмен аптап, күміспен күптеп, аспаннан ақша жаудырып жатса да, оған көңілің құламайды. Сол сияқты, сыртынан қарағанда сұп-сұлу адамдар болады, бірақ түсі суық. Ал, біреулер бар, тектілігімен тартып тұрады, олар үшін ойланбастан қолдағы барды бере саласың.

Бір адамдар «тағдыр ғой» деп сәтсіз сәттерін ақтап алып жатады. «Онда тағдырдың сыйын күтіп отыра бер» деп «кеңес» беремін оларға. Рас, пешенеңе жазылғаны болады. Бірақ жетістікке жету үшін адамның өзі де талпыныс танытып, тырысып-бағуы керек қой. Әйтпесе, «Құдай жатқанға берсін» деп қол қусырып отыра берсек, ештеңе өнбейді.

Кезінде «қайта құрыған» «қайта құрудың» қиындығына шыдамай, өнерді орта жолда қалдырып, сауда мен саттықтың етегіен ұстай жөнелгендер бар. Қазір қарасам, солардың бірде-бірі өнерден де, өмірден де ойып орын алмаған. Бірқатары отбасыдан да жұрдай. Айтайын дегенім, қу дүние ешкімді өзіне жеткізбейді. Ал, адамгершілік пен еңбек – бәрін де жеңбек. Сол сияқты, өнер де – мәңгілік мұра. Маңдай терін төгіп, адал еңбек етсең, армандағаның алдыңа өз аяғымен жорғалап келеді. Сондықтан мен үшін бұл өмір ұлы өнермен қызықты.

Сұхбаттасқан: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button