Сұраған Рахметұлы: “Ақын – өткен рухтың бүгінгі сөзі…”

16c9ecae 2b62 4ba4 927d aa8d3c40f974 Мәдениет

Сұраған Рахметұлы – шекараның арғы бетінде өмірге келгенімен, қазақ поэзиясының қайнарынан қанып ішіп, өлеңдеген әлемге өзіндік жаңалығы, парасатты пайымымен келген ақын. 

Тереңдік, қиял, тың теңеу, тұжырым, ой тұнған жауһаржырлар – болмысы бөлек ақын талантының көрінісі. Оныңөлеңдерінде ойлылық, мөлдірлік, жаңашылдық бар. Ақынның бір ерекшелігі – қазақтың ескі сөздік қорын терең білетіндігі және ақын ғана емес, журналист те, тарихшы және әскери маман да…

 Жуырда Атырауда өткен іс-шараға қатысқан Сұраған ақынмен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Белгілі жазушы Рахымжан Отарбаев сізді елге көшіріп аламын деп біраз жұмыстанған екен. Ендеше, алғашқы сұрағым – осы жолы елге  біржолата келдіңіз бе? 

– Сұрағыңызға рахмет. Рахымжанның «Ақ Жайық» деген журналы болып еді, «сол журналда қызмет етсең… және Атырауға келсең, үй алып беремін» деген әңгіменің болғаны рас. Бірақ, сол кезде жұбайым қайтыс болғандықтан сәті түспеді. Түркияға екі жылға шығармашылық қоныс аударғанмын. Ақыры қадірлі аға, қазақтың ұлы жазушысы өмірден озды.  Осындай себептермен бара алмадым.

Мінекей, Елордаға қоныс аударғалы  бір айдың жүзі болды. Әрине, жайлаудан күзеуге, күзеуден қыстауға, қыстаудан көктеулікке түсу оңай емес. Көштің өз салтанаты, өз қиындығы бар. Енді 3000 шақырымнан келіп, шекара берік, тәжтажал алқымнан алған тұста көшу дегеннің машақаты көп екен. Соған байланысты әртүрлі қиындықтарды уақытша бастан кешіріп жатырмыз. Аманшылық болса, балаларымыз қызметке тұрады. Қазір азаматтық алу үшін барлық құжатты дайындаудамыз. Біздің мақсатымыз – қазақ тәуелсіздігіне, жас мемлекетке шетелдегі қандастардың тарапынан қолдау көрсету, ел іргесін бекемдеуге өз үлесімізді қосу. Рухани салада және де әлем әдебиетіне бейімделген қазақ әдебиеті, қазақ поэзиясының жақсы жақтарын насихаттау.  

– Қазақ ақындарының шет ел ақындарынан кемшілігі неде, артықшылығы қандай?

– Артықшылығынан бастағанымыз жөн шығар. Қазақтың сөзінің қоры бай. Біз білмейтін мыңдаған көне архаизм бар. «Бес ғасыр жырлайдыны» оқысақ, бұрынғы Бұқар, Доспамбет, Шалкиіз, Кете жырауға дейінгі жыраулардың әр сөзін испан тіліне аударсақ, біз айтып жүрген әртүрлі«измдер» – постмодернизм,  абстракционизм, модернизмдердалада қалатындай. «Бес ғасыр жырлайдыдан» Абайға дейінгі әдебиеттің әлем деңгейіне шығуына қазақтың өзінің берекелібиігі, киелі ойы, санасы бар. Ең үлкен артықшылығы осы. 

Кемшілігі – кеңестік социалистік реализм дер едім. Бұл жағдай кезінде кейбір жазушыларды өшірді, кейбірі өзі өшті. Кейбірін сол жүйе өзі көтеріп, өсірді. Идеологиялық мақсатта пайдаланды. Бұған қарамастан қазақ әдебиеті өміршең. Мысалы, шетелдік бір жазушының бір шумақ өлеңін қазақ тіліне аударсақ, біздің қазақ сөзі сол ақынның бір шумақ өлеңіне өте кең көлемде келеді. Яғни, сол ақынның өлеңіқазақ сөзінің ішіне сіңіп, жоқ болып кетеді.  Бір жастағы балаға 30 жастағы адамның киімін кигізгендей… 

–  Сізді жұртшылық ақын,  әдебиетші ретінде таниды. Қазіргі қазақ әдебиеті туралы не айтар едіңіз?  Кімдерді оқисыз? 

– Мен  осы 60 жасыма дейін «Бес ғасыр жырлайды», эпостар, социализм кезінде Абайдан бастап «Я» әрпінен басталатын есімдер аралығындағы барлық ақын-жазушының күллі еңбегін оқып шықтым.  Мұны, жалпы, екі кезеңге бөлуге болады. Біріншісінде – барлығын оқыдым, екіншісінде – талдап оқыдым. Яғни, жақсылап, таңдап, сүйіп оқитын ақындарым  көп. 

Қазақ поэзиясына өзіндік өрнегін салған, елдің елдігін, өзгенің қуанышы мен қайғысын бірге көтеріп, кешегі «зарзаман» ақындарындай заманның кертартпа кезеңін, әділетсіздігі мен жоқтығын тілге тиек етіп, поэзия әлемінде шоқжұлдыздай жарқыраған ақын Жұмекен Нәжімеденов, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар, хас шебер жазушыларымыздың бірі Мұхтар Мағауин, қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі әлем әдебиетінің тарихынан өз орнын айшықтаған тұлға Оралхан Бөкей, қабырғалы қаламгер, ойлы драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев, белгілі жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменов, тағы басқаларын атар едім.

Тыныштықбектің өлеңдері ұнайды. Ол жаңа ғасырдың идеограмматикалық үн ауанына өзгеше бір леп әкелді. Әр буын өкілдерінің өз ерекшеліктері бар десек, оның ұйқасты ой, мағыналы ғибраттары келесі бірнеше буынға серпін бергендей. Өркениеттің өзгеше дауасын өлеңінің өн бойына аса шеберлікпен кестелеп енгізе алған шедевр өзінше жылқы-ғұмыр кешіп келеді. Қоғамның аумалы-төкпелі аласапыранында бағытынан жаңылмаған, не түрлі зіл менқызғаныштардың төмпештеуінен өтіп келе жатқан ақын, құбылыс. 

– Ақын деген кім? Өлең қандай болуы керек? 

Ақын дегеніміз – өткен рухтың бүгінгі сөзі, бүгінгі сөздің ертеңгі иесі. Ол – қазақ руханиятының ішінде кезіп жүрген ұлы әуен. 

«Өлең деген не, поэзия деген не?» деген сұрағыңа  әдебиет сыншылары, әдебиет зерттеушілері, әлемдегі ұлы жазушылардың әртүрлі афоризмдері бар, бұған жауап сол. Ақын – тұтас әлем. Ақында қаншама бояу бар, бірақ ақынның ғұмыры екі бояудан тұрады. Бірі – қара, екіншісі– ақ. Ақ-қара бояудың қосындысы – ақын.  

– Ақын ретінде «мойындалу» үшін мүсінге айналу керек пе? 

– Торғай қонатын тас тұғырға айналғанымды қаламаймын(күліп). …Біз Махамбет пен Абайды көрген жоқпыз. Бірақ, олардың өлеңдері мен істері арқылы санамызда олардың қайталанбас бейнесі, мүсіндері қалыптасқан. Сондықтанадамның жүрегіне жол тапқан ақынға одан артық құрмет жоқ.

– Атажұртты аңсаған ағайындар елге келе бастады. Оның ішінде өзіңіз де барсыз. Бұл тәуелсіздіктен бастау алған Ұлы көштің  толастамағанын білдіреді. Бұған да 30 жыл толып отыр. Әңгімеміздің соңында   Қазақ мемлекетінің   болашағынан не күтетініңізді  айтсаңыз?

– Қазақ елінің қолында  үлкен алтын бәйтерегі бар.  Оның аты – Тәуелсіздік!  Сол бәйтеректің тұғырын бекемдеу, оны аялап мәпелеп өсіру, Қазақстан мемлекетінің табанының астындатұрып  көк байрағын мәңгілікке   желбірету – міне, бұл бүгінгі ең басты мәселе.

Қазақстанда байлық көп, ақша   көп, барлық мүмкіндік бар. Ендеше Алла берген сол байлықты бағалай білу,  ұрпаққолына аман-есен аманаттау – біздің буынның мойнындағыауыр жүк деп санаймын.

Сұхбаттасқан

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз