Сөз сұлтаны: Атыраулық оқушы айтыста дес бермейді
Нұрғиса Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының ХІ сынып оқушысы Марсель Ерсайынов айтыс өнерінде талантымен танылып, ел назарын ерекше аударуда. Алғашқы өлеңін ІІІ сыныпта жүріп-ақ жазған ол бүгінде облыстық және республикалық деңгейдегі айтыстарда үздік шығып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жылдың өзінде Марсель 10 байқауға қатысып, барлығында жоғары нәтижеге қол жеткізген. Ол республикалық «Қола домбыра» және «Жыр алыбы Жамбыл» атты оқушылар айтыстарында Бас жүлдені жеңіп алса, Мұқағали Мақатаев оқуларының облыстық кезеңінде де үздік танылып, республикалық сында I орынды еншілеген.
Марсельдің өткен жылғы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. «Жыр алыбы – Жамбыл» жас ақындар айтысының облыстық кезеңінің жеңімпазы осы бәйгенің республикалық деңгейінде де намысты қолдан бермей, II орынды қанжығасына байлаған. Сонымен қатар, Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Арғымақтан туған Қазанат» атты облыстық ақындар айтысында Арнайы жүлдені жеңіп алса, Мұрат Мөңкеұлының 180 жылдығына орай өткен «Елім дейтін ұланбыз» аймақтық айтысында II орынға ие болған. Ал «Меңдекеш Сатыбалдиев оқулары» байқауының облыстық кезеңінде үздік танылып, I орынды иеленген.
– Бүгінгі басты мақсатым – айтыс өнерін терең меңгеріп, халқымыздың асыл қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге өз үлесімді қосу, – дейді Марсель Ерсайынов.
Атыраулық жас ақынның осынау жетістіктері оның айтыс өнеріне деген шынайы қызығушылығы мен еңбегінің айқын көрінісі. Марсельдің өнері болашақта ұлттық мұрамызды жаңғыртуға серпін берері сөзсіз.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА