Шетелге шақырылған театр
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры халықаралық, республикалық театр бәйгелерінде бас бәйге алып жүрген, ресей театр сыншыларының арнайы шақыруымен үздік спектакльдер көрсетіліміне қатысып, театр мамандарының жоғары бағасына ие болған театр. Атырау жастар театры, Махамбет театрының режиссері Мұқан Томанов, суретшісі Тимур Қоесов болып, актерлік құрамы да Махамбет театрының жастарынан құрылып, бөлек шығып, жаңа өнер шаңырағын көтеруі де Махамбет бабамыздың атындағы театрдың тамырын тереңге жіберіп, жапырағын жайғанының көрінісі. Осы театр маусымында Данияр Базарқұлов, Жұлдызбек Жұманбай сияқты белгілі режиссерлер шақырылды. Данияр Базарқұлов Мариус фон Майенбургтің абсурд элементтері бар «Көріксіз» (Урод) гротеск жанрындағы пьесасын сахналаса, Жұлдызбек Жұманбай жазушы Бейбіт Сарыбайдың әңгімелері негізінде «Кішкентай ауылдың үлкен махаббаты» спектаклін дайындап жатыр. Қыркүйек айында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық театрының режиссері Елік Нұрсұлтан шақырылып, тарихи драма сахналанбақшы екен… Махамбет атындағы Атырау академиялық қазақ драма театры Н.Птушкинаның «Таптым-ау сені» мелодрамасын сахналады. Ол Ресей театрлары сахнасында жиі қойылатын пьеса. Екі мыңыншы жылдардың басында Олег Янковский, Ирина Купченко, Екатерина Васильева сияқты белгілі театр және кино актерлары ойнаған қойылым. Махамбет театрындағы қойылымның режиссері – Жанат Телтаев, суретшісі – Темірбек Мұхтаров. Атырау театрының директоры – Сағынтай Көпжасаров, көркемдік жетекшісі – Темірбек Мұхтаровтардың арнайы шақыруымен барып, спектакльді талдау үстінде режиссер, актерлармен пьеса жанры туралы пікірлестік, ой бөлістік. Режиссер пьесаға біраз өзгеріс енгізіпті. Қолына ұзын сапты орақ ұстаған қара киімді – Жаналғыш, спектакль басталарда дәлізде жүретін екі электрик, ақ қанатты періштелер, терезенің ар жағынан көрінетін жастар – режиссердің өз қиялынан туған кейіпкерлер. Режиссердің драмалық материалға кейіпкер қосуына, алып тастауына құқы бар екендігін айта кетейік. Әңгіме ол «Жолдыбай кейіпкерлердің» спектакльге қалай қызмет етуінде. Спектакль басталғанда көпқабатты үйдің кіреберісіндегі электр сымдары пәтерден пәтерге тарайтын, қабырғаға жапсырылған темір жәшікті бір ашып, бір жауып жүретін екі электрик (Сағыныш Мақсотов, Ерасыл Ертілеуов) спектакль басталар алдында жиналған көрермендердің назарын аударып, шымылдық ашылып, негізгі әрекет басталғанша алдарқатып тұратын рольге ие. Ұзынтұрасы билеп те қояды. Орта бойлысы жәшікті ашып бірдеңелер жасаған болады. Көрермендер жылы қабылдаған бұл екеу алға қарай нақтылы қимыл-әрекет тауып, ойындарын шағын оқиғаға құрса деген ой айттық. Қолында орағы бар, қара плащ киген ажал-кейіпкер (Асқар Жангелдиев) спектальдің екпін-ырғағын ара-арасында ұршықша шыр айналдырып, оқиғалар арқауын иіріп отыруға, комедиялық реңк беруге сеп болып тұр. Пьеса оқиғалары кәрі қойдың жасындай ғана жасы қалған София деген өлмелі кемпір, оның елуге келіп қалған кәрі қызы және бұларға кездейсоқ тап болатын Игорь деген жігіт ағасы арасында өтеді. Пьеса авторы оқиға өтетін мезгілді Жаңа Жыл қарсаңында деп белгілеген. Осымен-ақ – Жаңа жыл алдындағы қарбалас, мерекелік күйбең, адамдардың келер жылдан әлдебір үміт күтуі сияқты әдемі әсер тудырып, шығарма жанрын белгілеп қояды. Тоқсанға келіп, кебінін дайындап отырған кемпір, жасы келіп,
күйеуге шығу үміті өшкен оның қызы Таняда қайдағы арман, қайдағы үміт дерсіз. Алайда, автордың шеберлігі де сонда – бір-біріне демеу болып, сүреңсіз өмір кешіп отырған екі әйелдің өмірі күрт өзгереді… Ол өзгерістің аты – Игорь. Сахна шымылдығы ашылғанда көпқабатты үйдің бір бөлмесін көреміз (пьесада оқиғаның өтер орны Мәскеу қа ласы делінеді. Алайда, сюжет Мәскеуге байланбаған, оқиға әлемнің кез-келген қаласында өтуі мүмкін). Суретші Темірбек өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңындағы КСРО заманының тұрмысын кинофильмдегідей ұсақ — түйек детальдарына дейін тәптіштеп, мұқият бейнелепті. Серіппелі темір кереует, радиола, қабырғаға ілінген маралдардың суреті бар мақпал кілемше, сервантта қаз-қатар тізілген фарфор сазан формасындағы бөтелке, стақандар, жарға ілінген фотосуреттер (ол суреттердің бірі, шамасы София кемпірдің марқұм күйеуі болуы керек – кексе ер адамның фотосуретіне Махамбет театры ашылғалы өмірінің соңына дейін осында қызмет еткен инженер – Виктор Борисович Князьевтің фото сын іліпті. Бұл да театрдың техникалық жағынан мінсіз болуына зор еңбек сіңірген Князьевтің аруағына деген құрмет). Таня шешесінің қасы мен қабағына қарап күтіп, бағады. Осы бір кәрі қыздың шешесін мейіріммен үбектеп, үстінен шыбын ұшырмауы, кемпірдің қызына «сенің бағыңды байладым-ау, отырып қалуыңа мен кінәлімін…» деген сияқты көңілжықпастықпен айтатын сөздері шынайы көрінеді. Сахнада Сәуле Бәйменова мен Айнагүл Мұқтарова өз кейіпкерлерін шебер сомдапты. Пьеса бойынша Таня шешесі Софияға Чарльз Диккенстің шығармасын оқып отырғанда кенет есіктің қоңырауы шыр ете түседі. Режиссер пьесада айтылатын Чарльз Диккенстің мәтіндерін алып тастапты және София кемпірдің қабырғадағы иконаны алып, Таня мен Игорьдің некесін қиятын сәті сахнада көрсетілмейді. Пьесада кемпірдің икона орнына Чарльз Диккенстің портретін алғаны көрсетіледі. Таня барып есікті ашса, алдында қолында бір шоқ гүлі, шампаны бар орта жігіт ағасы тұрады. Ол жігіт – Игорь еді. Игорь – кеңес заманының кино шедеврі – «Ирония судьбы или с лёгким паром» кейіпкері – Женя Лукашинді еске түсіреді. Режиссер экранға фильм финалындағы Женя Лукашин (Андрей Мягков) мен Надя Шевелеваның (Барбара Брыльска) құшақтасып тұрған кадрын көрсету арқылы өз спектаклі мен фильмнің арасына параллель тастайды. Әрі фильм мен спектакль жанры ұқсастығын да белгілей кетеді. Бұл орынды табылған ұтымды режиссерлік шешім. Сонымен, Мәскеудің шағын аудандарындағы көпқабатты үй мен пәтердің нөмірі сәйкес келіп тек, «Б»-сы мен «А»-сын шатастырып алған Игорь қырық тоғыздағы Танямен танысады. Қолында гүл шоғы, шампаны бар Игорь жиырмадағы ғашығымен кездесудің орнына мүлдем бөтен әйелдің үйінде қалады… Спектакль оқиғасының тартысы, шиеленісуі де осы сахнадан басталады. Игорь Таняның телефонынан (ұялы телефон жоқ кез) жас ғашығына қоңырау шалады. Жиналыстамын, қазір барып қалам дейді. «Адасып, бөтен әйелдің үйіне кіріп кеттім» деп айта алмайды. Түскен қоңыраудан телефон нөмірін анықтайтын аппараты бар ол ғашығы Таняның үйіне өзі қоңырау шалады, телефонды Таня алады, Игорьдің өтірігі ашылады… Жас ғашығы да телефонның ар жағынан Игорь байғұсты тілдеп бітеді (Игорь мен жас қыздың арасындағы «мысығым», «қояным», «тышқаным», «кірпім» деген қазақ айтпайтын сөздерді, аудармай-ақ «зайка», «котик», «мышонок», «ёжик» деп орыстардың әдетімен айта берген дұрыс сияқты). Игорь (актер Ержан Жұматов) өзі аяқ астынан тап болған ыңғайсыз ситуацияда нанымды өмір сүре біледі және партнерларын да ойын талабына сай үйіріп алып кетеді. Игорь – Ержан, Таня – Айнагүл сахналарындағы автордың қолдан құрастырған, өмірде қисыны келе қоймайтын жағдайларға көрерменді сендіру үшін актерлік техника сақадай сай болуы керек. Актерлар сәт сайын өзгеріп отыратын ситуацияларға, аттракцион каруселі сияқты бірде көкке шапшып, бірде құзға құлдилайтын бас айналдырар ойнамалы оқиғалар ыңғайына жығылып, асау атқа бас үйреткен сейістей әбжіл шеберлік көрсете білді. Спектакльде «жас ғашығыма тілің тиді» деп Игорьдің Таняны шапалақпен бір тартатын жері бар. Еркектен өмірінде әйел болып бірінші рет шапалақ жеген 49-дағы Таня үшін бұл зор қуаныш – актриса Игорьдің шапалағы тиген бетін алақанымен басып, «бақыттан басы айналып» ұзақ тұрып қалады. Әйел жаны күрделі ғой, «күйеуім болса екен, мен де «жұрттың қатыны» сияқты әйел болып анда-санда күйеуімнен шапалақ жеп тұрсам» деген отырып қалған қыздың ирониялық нотада ойналатын сахнасы бір жағынан бүгінгі біздің қоғамдағы ушығып тұрған әйел мен ерінің арасындағы кикілжің мәселесіне тосылған әзіл-оспақпен жауап та сияқты…
Спектакль Таня мен Игорьдің бір-бірін табуымен, ерлі-зайыпты болып қосылуымен аяқталады. Режиссер спектакльдің орта шенінде экраннан мексикалық «Просто Мария» сериалынан кадрлар көрсетеді. Бұл әдіс арқылы режиссер оқиға болып жатқан заманның белгісін көрсетумен қатар, пьеса авторының өмірде қиыса қоймайтын жайттарды саусағынан сорып жазған шығармасына деген өз ойын ирониямен білдіріп өтеді. София кемпірдің пьесада сөз арасында қызы Таня мен Игорьге «Мен өлемін…» дейтін жерлерде орақ ұстаған Жаналғыш бөлмеге ентелеп кіріп келеді. Кемпір оған қарап:
«Үш күннен кейін өлемін…» дейді. Ыза болған Жаналғыш қолын бір сілтеп шығып кетеді. Аппақ болып киінген, қанатты періштелер де – Райымбек Каден, Дінмұхаммед Серікұлының ойындары спектакльге көрік беріп тұр. Екі періште гитарамен ән салады, дау-ыстары жағымды екі актер спектакльді қосымша көркемдеуде, жастары келіп қалған кейіпкерлер оңашада тағдырлары туралы ойланып, толғанғанда ішкі монологтарын ашуда орынды қызмет етіп тұр. Эпизодтық кейіпкер, нотариус – Нұршат Аралбай өз образын гротеск жанрында көріпті. Нұршат әсіреленген сырт келбеті, неке қиюшылардың дауысын шарждап сөйлеуі сияқты трактовкасымен спектакль жанрын дөп басқан. Екі-ақ рет кіріп-шығатын роль болса да Дина-Жұлдыз Балбақова саңқылдаған ашық дауысы мен, уытты юморымен көрермендерді күлкіге қарық қылып т аст айды. Актерларға кей сәттерде жанрдан ауытқып, трагедия, драма үнімен сөйлеп кететіндері жайында, әлі де сахнада жеңіл қозғалып, өзара қарым-қатынасты жеңіл иронияға құру туралы, Таня мен Игорьдің арасында пайда болуы тиіс құштарлық сезімді әлі де нақтылай түсуді, Таняға Игорьдің алдында әлі де қылықты бола түсуді, басты кейіпкерлерді сомдайтын актерлерге пластикалық жеңіл қимыл-қозғалыс қосуды ұсындық. Автор «Пока она умирала» деп атаған спектакль «Таптым-ау сені…» деген атпен қойылыпты. Спектакль финалында осы тақырыптағы ән айтылады. Отыз жылдан кейін табысқан жандардың тағдырын бұл ән аша түскендей. Спектакль аяқтала келе София кемпір «Мен әлі де бес жыл өмір сүремін!..» дейді күліп. Спектакль басталғалы сахнаға бес-алты рет кіріп-шығып, өмірсүйгіш кемпірдің бұл дүниеден түңілер сәтін күтіп, үй сыртында торуылдап жүрген орақ арқалаған Жаналғыш күйеу баласы мен қызының ортасында мәз-мәйрам болып отырған кемпірдің осы сөзінен кейін бұлқан-талқан ашуланып, қолын бір сілтеп, сахнадан шығып кетеді. Спектакльдің идеясы, айтпақ ойы да осында – «Мына қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-біріңе сүйеу болыңдар, бақытты өмір сүріңдер! Бақыт бар жерде Ажалға орын жоқ!». Театрдың бас режиссері Жанат Телтаевтың бұл сахналық туындысын көрермендер жылы қабылдады. Спектакльде «Шапалақ берді…» деген сөз бірнеше рет айтылады. Қазақтың «шапалақ бермейтіні, шапалақпен тартып жіберетіні» белгілі ғой. Аудармашы бұл сөзімізді ескерер… Театрдың өзінің екі режиссері бар. Актерлардың бір жылда алты бірдей режиссердің мектебінен өтіп, әртүрлі жанрда жұмыс істеп, ұлттық және әлем классикасын сахналап үйренуі өнердің жауы таптаурындықтан құтқарады, үнемі өсіп отыруға бастайды. Махамбет театры Шапай Зұлқашев, Рахымжан Отарбаев атындағы республикалық театр фестивалін өткізді. Театр мамандарын шақырып, республикалық дәрежеде конференциялар, шеберлік сағаттарын ұйымдастырып келеді. Бұл – театр ұжымы тынбай ізденісте, өсу үстінде дегенді білдіреді.
Асылбек ИХСАН,
режиссер