Жарнама
Мәдениет

Ш.Аймановтың әйгілі комедиясы Атырауда сахналанды

Атырау облыстық Жастар театры көрермендеріне ерекше көңіл-күй сыйлады. Қазақ киносының алтын қорына енген Шәкен Аймановтың әйгілі «Тақиялы періште» туындысы алғаш рет жастар театрының сахнасында музыкалық комедия жанрында қойылды.

img 2296
Screenshot

Премьералық қойылым көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әзіл мен эмоцияға толы спектакльді тамашалауға келген атыраулықтар ұлттық өнердің жаңаша түрленгенін жоғары бағалады.

img 2301
Screenshot

Қойылымды сахнаға әкелген – еліміздің театр өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар режиссер, «Құрмет» орденінің иегері, «Махамбет» сыйлығының лауреаты Мұқанғали Томанов.
Қоюшы суретші – Қ.Шериев, музыкасын өңдеген – «Gazhap band» вокальдық-аспапты ансамблі. Балетмейстер – Э.Машаева, хормейстер – М.Нұрлыбекқызы.

«Тақиялы періште» – қазақы болмыстың, салт-дәстүр мен махаббат құндылықтарының айнасы. Спектакльде басты кейіпкер Тайлақтың аңғал мінезі, ұяң махаббат іздеуі, сондай-ақ ананың перзентіне деген шексіз мейірімі нәзік юмор мен музыкалық көріністер арқылы жеткізілді.

img 2296 1
Screenshot

Басты кейіпкер Тайлақ — жас, ұялшақ, үнемі тақиясын тастамайтын, жүрегі таза жігіт. Оның аңғал да періште мінезі айналасындағылардың көңілін бірде баурап, бірде күлкіге қарық қылады. Бірақ Тайлақтың өмірінде бір үлкен арман бар — өзін шын сүйетін жар табу.

Ал оның қасында әрдайым қамқоршы, бірақ кейде тым белсенді анасы Тана жүреді. Ұлының бақытын ойлаған Тана кейде оқиғаларды өз қолына алып, күлкілі, тіпті ойламаған жағдайларға тап болады.

Осылайша, Тайлақтың махаббат іздеудегі оқиғасы көрерменді бір сәтте күлкіге қарық қылып, екінші сәтте толғаныс тудыртты.. Бұл – қойылымның басты ерекшелігі.

Басты рөлдерді сомдаған актерлер көрермен көңілінен шықты. Көпшілік сахналарға жастар театрының жас актерлері қатысып, қойылымның әсерін күшейтті.

img 2302
Screenshot

Қойылым соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов жас өнер иелеріне алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.

– Бүгінгі қойылымды ерекше ықыласпен тамашалап, үлкен өнердің куәсі болдық. Бұл – Жастар театрының екінші маусымының ашылуы. Театр әртістері айрықша құрметке лайық. Осы премьера үшін барлық шығармашылық ұжымға алғысымды білдіремін, – деді ол.

img 2295
Screenshot

Айта кету керек, «Тақиялы періште» – тек комедия емес, ол – ата-ана қамқорлығы, шынайы сезім мен қазақы өмір салтының бейнесі. Атыраулық Жастар театры сахнасында жаңа тыныс алған бұл қойылым алдағы уақытта да тұрақты репертуардан орын алмақ.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button