Жарнама
Мәдениет

Сарайшықта алғаш рет көрхана табылды

Атырау облысындағы Сарайшық қалашығында үш ай бұрын басталған археологиялық қазба жұмыстары барысында алғаш рет ерекше құрылымдағы көрхана мен оған апаратын баспалдақ табылды. Бұл – қаланың ортағасырлық кезеңіндегі жерлеу мәдениеті туралы тың деректері бар маңызды жаңалық.

Археологиялық кешеннің жалпы көлемі – 225 метр. Қазба жұмыстары кезінде ортағасырлық қыш бұйымдар мен әйнекпен қапталған сырлы ыдыстар табылды. Ыдыстардың бетінде өсімдік пен жануарлардың бейнелері салынған. Ислам дәстүріне сәйкес, адам бейнесі кездеспейді.

Сарайшықтың Азия мен Еуропаны байланыстырушы ретіндегі тарихи рөліне байланысты қалада өз ақшасы – монеталары соғылғаны белгілі. Қазба кезінде табылған Алтын Орда дәуірінің тиындарында араб жазуы, соғылған жылы және тиын шыққан дәуірдегі ханның есімі көрсетілген. Сонымен қатар өзге елдерден әкелінген тиындар да кездескен.

Қолөнердің жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейтін тағы бір жаңалық – әшекейлі тұрмыстық бұйымдардың табылуы.

— Біздің әжелеріміз 70 жыл бойы мыс самаурынды сүртіп, оған айнадай қарап келген. Себебі сол уақытта әйнек тапшы болатын. Қазбадан әр әйелдің күнделікті тұрмысында қолданған қолайна табылды, — дейді археолог Марат Қасенов.

Сонымен қатар, қазба кезінде суды көтеруге арналған үлкен диірмен, құмыра, ағаштан жасалған шығыр және шырағдан, биіктігі жарты метрге дейін жететін тұғыр табылған. Керамикалық бұйымдардың барлығы жергілікті өндірістен шыққан.

— Мұндай балшық қазір табылмайды. Олар екі түрлі технологияны қолданған: біріншісі — қолдан илеу, екіншісі — шығырмен айналдырып жасау әдісі, — деп толықтырды зерттеуші.

Бастапқыда зерттеушілер аркада орнатылған мұржаны түтін шығару үшін жасалған деп ойлаған. Алайда кейін ғимараттың жерлеу мақсатындағы көрхана екені және онда бір отбасы жерленгені анықталды. Ескі наным-сенімге сәйкес, қайтыс болған отбасы мүшелері жатқан жерге кейіннен келетін марқұмдарды кіргізу үшін арнайы баспалдақ салынған. Ал мұржаның мақсаты – ғимарат ішіне таза ауа кіргізіп тұру болған.
Кірпіштер ерекше сазбалшықтан жасалып, сапасы өте жоғары болғаны атап өтілуде. Бұл көрхана алдағы уақытта жерасты музейі болып жасақталуы мүмкін.

Қазба жұмыстарын Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали Кипиев басқарып отыр. Ғылыми жетекшісі – тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов, ал отряд жетекшісі – археология магистрі Мейір Әбдіғалиев.

Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button