
Сарай қалам

Ел бірлігі жарасқанда, сондай тату,
Халқына мейірім төкті Сарай-Бату.
Жау біткен жапырылып басын иді,
Алтын Орда айбарынан, қабақ қату.
Басыңа құйылғанда құт-берекең,
Әлемге атың шықты Сарай-Беркем.
Алтыннан орда соғып, асқақтадың,
Түркі жұрты ұйығанда бір тілекпен.
Ұлы хандар сүйіп өткен халқын ғана,
Тұрғызып бекзаттықпен алтын қала.
Қос қаланың інісіндей Сарайшығым,
Бой көтердің осы екеуінің артын ала.
Жеті ғасыр дәл бұрын, Сарайшығым,
Басына жарқабақтың қалай шықтың?!
Жауһар көркің көз құртын жеумен өтті,
Әлемдегі Патша-книязь, талай Шахтың.
Түлкінің қызылындай көзді тартқан,
Сәулетің іш күйдірді-ау алтындатқан.
Ақыры алып тынды тұрмастай қып,
Тағдырыңа құрылған алып қақпан.
Бірліктен айрылғанда Қазақ-Ноғай,
Жауыңа жем болдың-ау тез-ақ оңай.
Қан-қасап қырғын көрді бейбіт елің,
Қиратып, сені жауың тонағанда-ай!
Жеті хан жан тапсырды өзіңе кеп,
Билер айтты еш уақыт көз ілме деп.
Қапыда кеткен есең келтіріп тұр,
Қырандай ұшқын атып, көзіме кек.
Ақ Жайық сені алған жамбасына,
Алып ұрып салатындай су астына.
Жарға біткен Қожанасыр моласындай,
Жаныңды сақтап тұрсың жар басында.
Салтанатың жарасқанда Сарай қалам,
Тарихыңды жырға қосты талай қалам.
Жайық шайып кетсе егер, тұқылыңды,
Мен сені жер бетінен қалай табам?!
Қанапия Омарханов, Астана қаласы
Республика Мәдениет қайраткер