САХНА САРДАРЫ
Кішкентай үйірмеде өнерімен танылған өнерпаз Құрманғали Ысқақұлы Доғалақов кейін еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуда айтулы орны бар тұлғаға айналады. Театр сахнасында қырық жыл қызмет етіп, облыстық театрдың іргетасын өзі қалаған. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағына да ие болды. Ол 1913 жылы 20 тамызда Ақмола қаласында дүниеге келген. 1929 жылы Гурьев қаласына келіп, әртүрлі қызметтерді атқарған. 1937 жылы Гурьев театр үйірмесін бітірген соң, сол кезде жаңа ұйымдасып жатқан Гурьев драма театрына жұмысқа орналасады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, танк бригадасының механик-жүргізушісі болды. 1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталған соң елге оралып, Гурьев облыстық қазақ драма театрындағы қызметін қайта жалғастырды.
Еңбек жолында 119 сахналық қойылымда кейіпкерлердің образдарын сомдады. Соның ішінде М.Әуезовтің «Түнгі сарынында» Тәнеке, «Айман-Шолпанында» Жарас, «Қобыландысында» Көбікті хан, «Қарагөзінде» Нарша бейнелерін орындады. Көрермендер ол сомдаған У.Шекспирдің «Асауға тұсау» қойылымында Гортензия, М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбетінде» Жәңгір хан, Ш.Айтматовтың «Арманым-Әселімде» Бектемір образдарын жылы қабылдады. Ал, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Б.Тәжібаевтың «Ана жүрегі», Ә.Тәжібаевтың «Той боларда» мен «Көңілдестер» пьесаларын сахнаға дайындауы, оның режиссерлік қабілетін де ашты.
Қ.Доғалақов Ұлы Отан соғысы жылдарында «Германияны азат еткені үшін» медалімен, 1963 жылы Казақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, 1965 жылы «Ұлы Отан соғысының 20 жылдығы» төсбелгісімен, 1970 жылы «В.И.Лениннің туғанына – 100 жыл» медалімен және көптеген мадақтамалармен марапатталды.
Әртіс Қ.Доғалақовтың өмірі театрдың қайнаған қызу тірлігімен өрілген. Оның жұбайы Қазақ КСР-інің Халық әртісі Алма Ахметова да, ұлы Нұрлан Доғалақов та театрдың дыбыс режиссері болып өмірінің соңына дейін осы театрда еңбек етті. Ал, келіні ҚР Мәдениет қайраткері Аннета Шәріпқызы Баетова Махамбет атындағы қазақ драма театрының белді әртісі болып қызмет жасайды.
Қырық жылдан астам уақытта театр ұжымы 200-ден астам спектакльді сахнаға шығарса, Доғалақовтардың әртістер отбасы соның көпшілігіне қатысып, сан алуан образдарды жасады.
Өзіне тән өнер дарынымен көрермен-көпшілікке танылған актер Құрманғали Доғалақов небір сахналық мінез-кейіптер галереясын жасаумен бірге жас сахна шеберлерінің мүмкіншілігін ашып, тәрбиелеу ісіне де белсенді түрде атсалысты. Міне, сахна шеберінің дарынынан туған сол бейнелер мен тұлғалар, сахналық рөлдерінің фотосуреттері топтастырылып, бүгінде Атырау облыстық мұражайында «Сахна сардары» атты экспозициялық көрме арқылы жастарға кеңінен таныстырылуда.
Нұргүл ҚАМИЕВА,
облыстық мұражайдың өлке тарихын ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі.