Жарнама
Мәдениет

САҒЫНЫШҚА АЙНАЛҒАН ӘУЕНДЕР

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында облыстық Н.Жантөрин атындағы филармонияның ұйымдастыруымен өткен ретро-фестиваль Мақат, Махамбет, Құрманғазы, Индер аудандарынан және қаладан қатысқан жиырмаға жуық жезтаңдай әнші мен түрлі музыкалық аспап орындаушыларының басын біріктірді. Ретро-әндер фестивалінің қатысушылары арнайы жүлделі орындар үшін емес, халықтың сағынып жүрген ескі әндерін жаңғырту, өздерінің орындаушылық қабілеттерін көпшілікке кеңінен таныту мақсатында өнер көрсетті.
Олар Кеңес Дүйсекеев, Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуов, Сейдолла Бәйтереков, шетелдік Крис Кельми, Петлюра, Игорь Николаев сынды композиторлардың туындыларын орындап, көрермен қауымды бір марқайтты. Бүгінгі аға буын сағынышқа айналған ескі әндерге шөліркеп, көңілдері жадырап, күміс көмей әншілермен сүйікті әндерін бірге қосылып шырқады.
Фестивальға әуесқой және кәсіби музыканттардан құралған тоғыз ансамбль қатысты. Өнер ұжымы мүшелерінің көпшілігі музыкамен бос уақытында айналысатынын айтады.
— Бұрын Мақат, Махамбет ауданында жиі өтетін осындай ән фестивалі соңғы кезде қалада дәстүрлі өткізіліп жүр. Жиі өтіп тұрса, бүгінгі эстрадаға дендеп енген фонограмма әдісін жоюға септігін тигізер еді. Ескі әндерді есімізден шығармай, жаңа патриоттық жырларды жаттап жүруге тырысайық, — дейді Мақат ауданынан келген «Мақат әуендері» атты ансамбльде бас гитарада ойнайтын әуесқой музыкант Самат Неталиев.
Бұрындары көшеде гитарамен ән айту сәнге айналғанын көпшілік біледі. Сол дәстүрді қалада әлі күнге дейін жалғап келетін бірден-бір топ — «Ностальжи». Топтың бас гитара, соло гитара, дауылпаз, музыка батырмасы (клавиш) аспаптарында ойнайтын алты мүшесі бар.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.
Суреттер
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВТІКІ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button