
Қоңыр үнді домбыра – қазақтың рухы
Шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Бұл мереке қазақтың рухын жаңғыртып, ұрпақтың бойына ұлттық өнерге деген құрметті сіңіретін айтулы күнге айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мерекеге орай халқымызды құттықтап, домбыраның ұлт болмысындағы ерекше орнын атап өтті.
Президент жастардың төл мәдениетке бет бұрып, домбыраға ықыласпен қарауын нағыз отаншылдықтың көрінісі екенін айтты. Қара домбыра – ата-бабамыздың үні, ұлттың рухы, қазақтың жаны. Қос ішектен төгілген қоңыр күйде халқымыздың тарихы да, тағдыры да бар. Домбыра – бізді тамырымызға қайта жалғайтын киелі көпір. Бүгінде ауылда да, қалада да домбыра үйренуге ынтық балалардың көбейгені қуантады. Себебі күй тартқан бала тек өнер үйреніп қана қоймайды, ол сабырды, тәртіпті, ұлтқа деген сүйіспеншілікті бойына сіңіреді. Домбыра – ұрпақтың рухани тәрбиесінің бір бөлігі. Осы орайда Ұлттық домбыра күні қарсаңында елімізде “Күй керуені” челленджін бастап, бір уақытта халық күйлерін орындау дәстүрін қалыптастыру – ел рухын көтеретін тамаша бастама болар еді. Әр шаңырақта қара домбыраның үні өшпесе, әр баланың жүрегіне ұлттық рух дарыса, қазақтың ең үлкен жеңісі сол болмақ. Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Қасиетті қара домбыраның күмбірі мәңгілік естіліп, халқымыздың рухын асқақтата берсін!
Балғаным ХАСЕНОВА,
Құрманғазы аудандық аналар кеңесінің төрайымы