«Қойылымды жоққа шығарғым келмейді…»
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры сексен алты жыл бойы көрерменнің мәдени-эстетикалық талап-талғамын өтеу жолында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан республикамыздағы белді театрларының бірі екені даусыз. Осы мерзім ішінде театр ұжымының жинақтаған өнер тәжірибесі, өзіндік сыр-сипаты, дәстүр жолы бар екендігі көпшілікке белгілі. Бүгінгі заман тақырыбындағы шығармалармен жаңартуға ұмтылған театр ұжымы осы жарты жылда бірнеше жаңа қойылымды көрермен алдына ұсынған еді.
Көрерменге тарту
Театрдың директоры Сағынтай Көпжасаров пен көркемдік жетекшісі Темірбек Мұхтаров екеуі шығармашылық ізденістерді жандандыру мақсатында әр премьераға бір-бір сыншы шақыртып, оның көркемдік сапасын сарапқа салып, талқылаулар жүргізіп отырулары өте құптарлық іс. Ендігі жерде сол айтылған пікірлерді есепке алып, нәтиже шығарып отырса деген тілегіміз бар.
Сонымен, Атырау көрермендеріне тарту еткен спектакльдердің басым көпшілігі қазіргі уақыттың көкейкесті мәселелерін сөз етеді. Таңдалған шығармалардың тақырып аясының кеңдігіне қарап, репертуарлық диапазон көңілге қонымды екенін айтуға болады. Неміс, орыс драматургиясы, кешегі ауыл өмірі түгел қамтылған. Биылғы маусым жабар премьерасы да сол ауыл өмірінің тыныс-тіршілігінен көрініс береді. Яғни, театрда жаңаша сахналық суреттің тұсаукесері өтіп, репертуар қоржыны тағы бір жаңа қойылыммен толықты. Жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Мейірім» әңгімелерінің желісімен «Кішкентай ауылдағы үлкен махаббат» атты спектакльді қойған – өзін қалың жұртшылыққа еңбекқорлығымен танытып жүрген, талантты режиссер Жұлдызбек Жұманбай.
Мұндай қазақы туындыларға режиссер бірінші рет барып тұрған жоқ. Бұдан да күрделі ұлттық шығармаларға барып, тапқыр тәсілдерімен қуантып жүрген ізденімпаз режиссер. Бұл жолы да отандық дүниені мансұқ тұтып, қазақ жазушының «Бейкүнә күнәһарлар», «Мейірім», «Деканыңа сәлем айт», «Естелік», «Хат», «Тауық жайлы», «Жалғыздың жыры», «Қаңғыбас шоколад», «Айман-Шолпан» секілді шағын әңгімелерді сахна төріне шығарды. Қойылымның өн бойында Бейбіт Сарыбайдың басынан өткен бала махаббаттары сөз болады. Әр жаста ғашық болған көңіл толқыныстары, сезім күйлері суреттелетін әңгімелерді режиссер сахнаға көркем жинақтай алған. Бала арманының стандартты сәттерінде қызды ұнатуы, ғашық болып қалуы, қол ұстасып жүргісі, қосыла күлгісі келетіндігі, бірақ сәтсіздікке тап бола беруі сәтті шыққан.
Театр талабына келіңкіремейтін тұс
Жалпы айтар болсақ, режиссердің жұмысы бір қарағанда әдемі үйлесім тапқанын аңдадық. Ал, жалқыға келер болсақ, театр талаптарына келіңкіремейтін көріністер кездеседі. Мысалы, тақырып бар да, оның сахналық шешімі деген бар. Автордың әр әңгімеде айтпақ болған ой-идеясы сахнада қалай көрінді? Әрбір образды жарқыратып көрсету үшін режиссер қандай тәсілдерді іздеп тапты? Осындай қарапайым сауалдар қойсақ, осы қойылымнан соған жауап таба алмайсыз. Өйткені, мектеп оқушының ой-армандарына тұнып тұрған әңгімелердің сахналық шешімінен тұтастық көрінбейді.
Спектакльдің режиссурасында негізгі оқиға мен тартыстың басын біріктіріп тұрарлық сахналық шешімнің болмағанын ашып айту керек. Оның басты себебі, бір автордан шығатын сөзді бес актерге бөліп берген, оның бесеуі де баяндаушы рөлінде жүр. Бес актер бір-бірінің варианттары, көлеңкелері сияқты. Шынтуайтына келгенде, олардың мінездерін, бейнелерін даралап тұратын көркем штрихтер аз. Сахналық шиеленістер аз болғаннан кейін, әрине, басынан аяғына дейін баяндауға, айтары аз эпизодтарға ұрынады. Толық бір әңгімені сахнаға лайықтаса, бәлкім бедерлі бейне шығар ма еді?
Айтпайын десең де…
Бұл жерде үзік-үзік әңгімелердің қосындысы болғандықтан көбірек «Жайдарманға» (КВН) ұқсас болып кеткен. Өнер туындысында композициялық бүтіндік болмай тұр. Өмірлік оқиғалардың өзара байланысуы, өрбуі, өрістеуі кемшін. Мұндай жағдайда режиссерге тағар мініміз жоқ емес. Бірнеше тақырыптан тұратын әңгімелердің сахналық нұсқасын жасауда драмалық шарттарды берік ұстануы керек еді. Сахна талаптарына сай келмеген соң, кейіпкер мінез-құлқын ашатын тартыстар тапшы болып қалған. Ал, «Өнердегі өмірлік тартыс – көркем шығарманың идеялық мазмұнындағы үзілмес желі, көген, арқау, керек десеңіз күллі өнер туындысына тіршілік беріп тұрған жұлын, жүйке» деп академик З.Қабдолов айтқандай, кез-келген шығарма сюжеті тартысқа құрылмаса – бәрі бекер. Әрине, түрлі әңгімелердің болмысын жайдақ, жалаңаш түрде емес, тартыс үстінде ашылатын кесек адам бітіміне әкелу қандай қиын екенін жақсы білеміз.
Тартысты шиеленістіріп апарып, шырқау биігіне жеткізу үшін жазушыдан да (драматург), режиссерден де үлкен суреткерлік шеберлікті талап ететіні белгілі. Ол шеберлік Жұлдызбектің бойында жоқ емес, бар, тек шығарма арқауында болуға тиіс кезең-кезеңдерді есте ұстамаған. Бірақ, оқиға үшін логикалық, бейне үшін психологиялық дәлдіктер кем болса да, актерлер өз кейіпкерлерінің қыр-сырын ашуға ұмтылып жүрді. Солардың ішінде көзге айрықша түскен өнерпаздар бар. Олар: «Деканыңа сәлем айт» әңгімесіндегі әкесі – С.Қожабеков, «Қаңғыбас шоколад» әңгімесіндегі Шоколад – М.Макулов, «Хат» әңгімесіндегі Ақын және Қораз кейпіндегі Б.Зинуллиннің бейнелері қызықты шыққан. Сонымен бірге, бір авторды кескіндеп жүрген жас актерлердің ойындарын да атап айтуға тұрарлық.
Басты сыншы – көрермен
Жанры жазылмаған, анықталмаған бұл қойылымды жоққа шығарайық деп отырған жоқпыз. Рас, әңгімелерде бозбаланың, ержеткен жігіттің адал достығы, кіршіксіз сезімі, сағынышы, мұңы, әзілдері жеңіл екпінмен көңілді өтіп жатады. Жоғарыда айтып өткендей, тоғыз тақырып бөлек-бөлек тарқатылып жатса да, спектакльдің тартымдылығы бар. Келген көрерменнің көңілі де шат. Көрерменнің қабылдауына қарап «Біздің сыншымыз – көрермен. Көрермен қабылдаса, болды» деп театр басшылары да қайта-қайта айтып жатты.
Көрушінің көп болғанына қуанып айтылған сөздеріне біз де қосылып отырдық. Өйткені, көрермен жақсы қабылдап жатса, өнер ұжымының еткен еңбегі сонысымен жемісті, сонысымен мәнді. Әйтсе де, жұртты жинау үшін кассалық қойылым керек деп көрерменнің жетегіне еріп кетуге тағы болмайды. Сөзімізді нақтылар болсақ, көрерменнің деңгейіне түсіп жүрміз бе, әлде түсіріп жүрміз бе? Мұны да бір сәт ойлап қойсақ артық болмас.
Сонымен, көрермен қауымның көңілінен шыққан «Кішкентай ауылдың үлкен махаббаты» спектаклі барған сайын сахнаға кіріге түседі, актерлердің кейбір тая соққан жерлері түзеле береді деп сенеміз. Сәттілік тілейміз!
Айзат ҚАДЫРАЛИЕВА,
театртанушы, республика Театр сыншылары одағының мүшесі
Тараз қаласы