Жарнама
Мәдениет

Қазақта кім білмейді Гүлмайданды…

Мұхит мектебінің ізбасары, аққу әуезді үні өзгеше әнші Гүлмайдан Сүндетова жаңа ғасырдың бастауында «елге қызмет етуім керек» деген ұстаныммен Жетісудағы жарқын жылдарын артқа тастап, туған өлкесі Атырауға оралды. Сол уақыттан бері ол биылғы маусымда 55 жылдығын атап өтіп жатқан Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншісі ретінде қазақтың ұмыт болып бара жатқан ескі әрі есті әндерін қайта жаңғыртуға үлес қосты.

Иә, елу жылға жуық өнер айдынында жүзіп, тыңдармандардың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Атырау облысы және Исатай ауданының Құрметті азаматы Гүлмайдан Сүндетова кезекті рет көрермендерімен жүздесті. Әншінің өзі «бұл жолғы шығармашылық кеште өткеніме қарайлаған өзіме және өнерімді құрметтеген халқыма есеп беремін» дейді. Расында, әнші-композитор ретінде жан[1]жүрегін тербеген иірімдерді сазға қосып, 20-ға жуық туынды шығарды. Ол әндердің барлығы халықтың көңілінен орын тапты. Кеш барысында филармония солистері мұзбалақ ақын Мұқағалидың, жыр жампозы Жұмекеннің, Нарынның наркескені Нұралының сөздеріне жазылған әндерді шырқады.

Сондай-ақ, елге келгелі тығыз шығармашылық байланыста болып, бірге біраз туындыны дүниеге әкелген Гүлзада Ниетқалиеваның, Бекемкүл Батырбекова, Асантемір Қаршығаның сөзіне жазылған композитордың бірнеше әні көрерменнің қошеметіне ие болды. Әннен шашу шашылған шарада Гүлмайдан Сүндетқызының «Өнеріммен өрілген өмірім…» атты кітаптың, әндер жинағы мен үнтаспалардың, фотобаянның және «Құмар» термесі бейнебаянының тұсауы кесілді. Өнер майталманына қолдау танытқан «Қазақстанның Еңбек Ері» Илья Жақанов ағамыз көсіле сөз сөйлеп, әншінің көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың алдында ән шырқап, көңіліне демеу бола білгендігі жөнінде тілге тиек етті.

– Гүлмайдан батыстың от-жалынды, құштарлық сезімі ыстық асқақ әндері, мысалы, Мұхиттың «Айдайлары», «Айнамкөз», «Паңкөйлек», тағы басқа әндерімен еркін шалқыта шырқай жүріп, Арқаның, Жетісудың ән мектебіндегі тамаша әндерді өз болмысымен сахнаға, эфирге шығарғанда оның кең тынысты әншілік мүмкіндігіне еріксіз таңғаласың. Бүгінгі концертте осыған тағы да көзім жетіп, іштей ықыласты болып отырмын, — деген өнер зерттеушісі Гүлмайданның әншілігі турасында сан-салалы сөз айтуға болатынын айтты.

Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов кеш кейіпкерін қазақтың дәстүрлі ән өнерін дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін халық қаһарманы Хиуаз Доспанова атындағы медальмен марапаттады. «Жетісудың Сарасы» атанған Гүлмайдан Сүндетқызының жеке орындауындағы «Ақмаңдай әжем», «Айбозым» әндеріне көрерменнің қошеметі ерекше болды. Өнерсүйер қауым дәстүрлі әншінің құлаққа жағымды үнін және оның әндерін сағынып қалған екен. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, Гүлмайдан Сүндетқызы шәкірт баптап, жастарды халық әнінің қыр-сырына үйретіп жүр. Бүгінде Абай атындағы оқушылар орталығында «Күміс көмей» атты дәстүрлі ән үйірмесіне жетекшілік етеді. Тәлімгердің өнер кешіне шәкірттері де құр келмеген.

– Бұл жеткіншектердің алар асулары, бағындырар белестері әлі алда. Бүгін сахнаға алғаш шығып, сіздердің алдарыңызда өнер көрсетсе, ертең еліне белгілі өнерпаз болады деп үміттенемін, — деген Гүлмайдан Сүндетқызы шәкірттерімен бірге халық әні «Ақ Айша» және Ғ.Құрманғалиевтің «Сәлем» шығармасын көрермен назарына ұсынды.

Кеш соңында өнер иесіне Атырау қаласы және Исатай ауданы әкімдерінің, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы ұжымының алғыс хаттары табыс етілді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button