
«Қазақфильм» отбасылық демалыс орталығына айналады — Аида Балаева
Республика Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» киностудиясын дамыту жоспары жайында айтып берді, — деп хабарлайды kaz.inform.kz.
— Президент қол қойған заңда «Қазақфильм» енді киноиндустрияны дамытуға бағытталған қаражаттың 30%-ын тікелей қаржыландыру түрінде алуға құқылы деген норма қарастырылған. Бұл студия үшін қаржылай тәуелсіз болып, өз киножобаларын жоспарлап, жүзеге асыруына үлкен мүмкіндік береді, — деді Мәдениет министрі Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Қазір «Қазақфильмді» отбасылық демалыс орталығына айналдыруға көмектесетін инвестор іздеу жұмыстары жүріп жатыр.
— Сол жерде жеке кинотеатр, жабық жазғы кинотеатр салсақ, «Қазақфильм» музейін құрсақ, арнайы тақырыптық дүкендер мен басқа да нысандарды ашсақ дейміз, — деді А.Балаева.
Сонымен бірге, министр «Қазақфильмнің» жерлері сатылмайтынын немесе үшінші тұлғаларға берілмейтінін атап өтті.
— «Қазақфильмнің» жерлері тек осы ұйымды дамыту үшін ғана пайдаланылатын болады, — деді Аида Балаева.