Жарнама
Мәдениет

Қаройдың жады

(эссе)

Егер рас болса, ең күшті жад Жер-Ананың жады дейді. Мен бұған сенемін. Сенгім келеді!..

Жылына бірнеше мәрте мазасыз жанымды Қарой жазығына сүйрейтін де осы сенім, осы құдірет. Алтындай сары селеуі желмен ызыңдап, үнемі азалы зар күйін шертіп тұратын осы жазықтың санаға сыймас бір тылсымы бар. Бітпейтін бір гөй-гөйі бар. Сенбесеңіз тыңдап көріңізші. Шынымен түк естімедіңіз бе?.. Мүмкін емес!

Жоқ, олай емес, құр мағынасыз құлақ түрудің мүлде керегі жоқ. Әуелі, өз түйсігіңізбен оңаша қалып байқаңыз. Сосын ойша сәл кері шегініңіз…

Жұрттың бәрі білетін сол бір оқиғаны сіздің де естігеніңізге сенемін. Тіпті бас шайқап қатты опынған болуыңыз да әбден мүмкін. Ең бастысы, сіз бұған тарихи хронологияның бір парағы, қазақтың басынан өткерген көп қасіретінің бірі деп қарамауға тиіссіз. Біздің иен байтақ даланың әр тұсында маңқиған момақан балбалдар мен мелшиген тас обалардың өзіне ғана тән жеке қайғысы, сұңғыла сыры бар. Олар бәрін көрген, олардың жадында бәрі сақтаулы. Олар ешкімге ақтарылғысы келмейді. Салтанатты шақтарын да, сартап сағынышын да, аһ ұрған өкінішін де бәрін, бәрін мәңгіліктің құндағына қымтап тастаған. Олар тірілерді менсінбейді…

Қарой жазығы да солай… Бұл жерде таң рауандағанда айналаны жым-жырт бейкүнә тыныштық әлдилеп жатады. Ол тыныштықты бұзса, титтей бозторғайдың шырылы ғана бұзар… Сәлден соң алтынды күймесін жегіп күн көрінер… Алтынды тәжі жарқырап, баппен жүзіп тас төбеңе дейін көтерілер… Бірақ, бұл жаймашуақ ұзаққа созылмайды. Дәл түс мезгілінде жаңағы тыныштықтың быт-шытын шығарып, дауыл симфониясы ойнайды. Әлдеқайдан көтерілген тентек құйын әп-сәтте топырақ суырып, әлсіз селеудің нәзік басын жұлқылап, ішегін тартып әлде аш бөрінің, әлде бір азалы жан иесінің ащы өкінішімен сарнай жөнеледі. Ылғи солай…

Қарой жазығын жақсы білетіндер бұл жайттың үйреншікті құбылыс екенін айтып қалады. Тіпті, әлденеше жылдан бері Махамбет мазарында өткізілетін жиын атаулының бәрін түскі сағат бірге дейін аяқтап тастауға асығады ұйымдастырушылар. Өйткені, біледі!.. Бұл мекеннің жазылмаған жекеменшік заңы бар. Түйсігі бөлекке ғана тұтамдап тыңдатар тылсымы бар…

…Мен кескекті ердің сойымын,

Кескілеспей бір басылман…

Бүкіл болмысы шамырқанған рухтан, шарқайрақ намыстан тұрған Махамбет ақынның осы бір шумағы өз тағдырына жасалған сәуегейлік болды ма деймін… Туған халқын соншалықты өлермендікпен сүйген, оның азаттығы үшін басын ажалға тіккен қайран ердің сол халқының ортасынан жанына жалау болар жер таппай Қаройдың қара жазығына аз ғана күнге аялдап, мәңгілікке қалып қойғанын айтсаңшы… Табанының бүрі жоқтарға бетін берген опасыз дүниенің батырға келгенде теріс қарағанын айтсаңшы… Қазанның қара суығында дәрменсіз қатын-баланың алдында бақи кешкенін айтсаңшы… Тірісінде жанға бастырмаған асқақ кеудесінен ғазиз басының абайсызда ажырап қалғанын айтсаңшы… Ақынның қанын төгуге шімірікпеген жендеттерінің арсыздығын айтсаңшы… Ей, жалған-ай!..

Мынау Қарой соның бәріне куә болды ғой. Енді ол сарнамағанда кім сарнайды?..

Қарой бәрін көрді… Батырдың бассыз кеудесін құшақтап қалған ағайынның оны осы жерге жерлегенін де көрді. Кейін бажасы Асаубайдың Баймағамбеттің жылқышыларынан сұрау салып, ақы беріп кесілген басты тауып әкеліп, тәнінің үстіне көмгенін де көрді. Арада жылдар өткенде жаны жәннатта болғыр Дінмұхаммед ақсақалдың ұлы Құрақты ертіп әкеліп, өткен күндерден баян шерткенін де көрді. Қария қамшысының тобылғы сабын Махамбет моласының басына батыра көмгенін де көрді. Көрді де тынды…

Арада жеті жыл уақыт өткенде академик Қажым Жұмалиев пен ақын Тайыр Жароков Махамбет зиратына іздеу салатынын ол кезде кім білген?.. Жаңағы Құрақ арғы атасы Бектұрғаннан өз әкесі Дінмұхаммедке дейін көздің қарашығындай сақтаған қазына сырын осы жерде ақтарды. Арада жүз он екі жыл уақыт өткенде, Қарой өз құпиясын ашты. Алты алашқа рух болған дауылпаз ердің мәңгілік мекені анықталды. Бір жылдан соң – елу тоғыздың қарашасында батырдың басына биіктігі екі жарым метрден асатын ескерткіш белгі орнатылды. Сонымен бәрі бітті дейсіз бе? Жоқ!

Арманда кеткен арыстанның рухы артындағы ел-жұртына әлі де тыным бермеді. «Қызғыштай болған есіл ердің» тірлігіндегі мазасыз сапары жиырмасыншы ғасырда тағы да жалғасын тапты.

«Қақақулап шақырып, қанды көбік түкіріп, қабағына қарыс сүйем мұз қатқан» қайран ердің тірісіндегі келбетін көз алдына келтіріп, ол кешіп өткен қанды жорықтан арқаланып қаншама ақын жыр жазды?! Махамбеттің отты толғауларынан оймақтай ой түймекке қаншама ғалым қаламұшын кемірді?! «Еске алсаңыз біздерді, мың рахмет сіздерге» деп кейінгіге үміт артқан ұлы ақынның біз көріп, танып жүрген бүгінгі бейнесі қалай жасалғаны туралы хикая-сыр осы тұстан бастау алады.

Қазақтан шыққан тұңғыш антрополог-мүсінші Ноэль Шаяхметовтың Махамбеттің тірі кездегі бейнесін жасауға деген талпынысы оны 1966 жылы қияндағы Гурьев облысына алып келеді. Бұдан кейінгі дерек-намамыз белгілі махамбеттанушы, айтулы ғалым Қайыржан Әбисатовтың жазбаларының арқасында жалғасын таппақ. Хоош!..

Сонымен Жайық жағасына тұңғыш рет ат басын тіреген мүсіншіні осы елдің перзенті Қайыржан аға күтіп алып, сол кездегі Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы, белгілі мемлекет қайраткері Сағидолла Құбашевқа алып келеді. Сұңғыла басшы ғалымның ізгі мақсатына қолдау білдіре отырып, көкейкесті күдігін айтпай кете алмайды. Ол күдік егер шынымен ол жерде Махамбеттің мүрдесі жатқан болса құба-құп, ал егер Құрақ қария қателессе ше, алты алаштан сүйіншілеген хабар жалған болып шықса ше дегенге саяды. Бірақ, «Нар тәуекел – ер ісі» деген Шаяхметов райынан қайтпақ емес. Сөйтіп бір үміт, бір күдікпен олар Индерге аттанды. Мұнда арнайы жиын өткізіліп, Махамбет зиратын қазу жұмыстарына қатысатындардың тізімі жасақталды. Ауданның бірінші хатшысы Жәрдем Кенжетаев бастаған он бес шақты адам 1966 жылы 9 шілде күні түскі сағат бірлерде батырдың бейітіне келіп жетеді. Көз сүрінер қара жоқ, көз ұшында сағым билеген Қарой жазығында сәлден соң Махамбет қабіріне күрек салынады. Әрі қарай осынау маңызды оқиғаның басы-қасында болған Әбисатовтың өз сөзімен жалғастырғанды жөн көрдік:

«…Лақаттың үстінен екі күрек бойы тереңдіктен (40-50 см) түйенің бас сүйегіне тап болдық. Қандай себеппен бұл сүйектің лақатта жатқаны бізге белгісіз. Мүмкін, Махамбеттің басына алып келіп мүрдесінің үстіне қойғанда ағайын-жолдастарының қаралы жиынға сойған түйесінің басы болар деп топшыланды. Тағы да 20-30 см тереңдегенде лақаттың орта шенінен күрек бір қатты нәрсеге тиді. Осыдан кейін Ноэль екеуміз қазылып жатқан шұңқырға түстік. Ноэльдің қолында үшкір пышақ пен сыпыртқы кисточка болды. Ал менің қолымда – темір шелек.

Ноэль қолындағы құралдарын баппен пайдаланып, күрек тиген қатты нәрсені топырақтан босата бастады. Ол адамның бас сүйегі болып шықты. Бас сүйектің желке жағы жоғарыға, ал бет жағы төмен қарап жатыр екен. Қарақұс сүйегінің үстінде бірінші мойын омыртқа мен екінші мойын омыртқаның жартысы жатты. Бас сүйектен төрт терең жарақат көрдік. Екеуі шеке сүйекте, екеуі жонылған жарақат жақ сүйегінің және қарақұс сүйегінің төменгі жағында болды. Шекедегі екі тілінген жарақаттан 6-7 см көлемінде бас сүйегі жарықшақтанып, бастың ми орналасатын жағына қарай ойыстанып жатыр екен. Жағында үш тісі жоқ, біреуі жоғары азу, екеуі төменгі азу тістер. Бас сүйекті түгел топырақтан ажыратып алғаннан кейін Н.Жұмабайұлының қатыңқы қабағынан қуаныш сезімі байқалды. Ол бізге:

«Аса қымбатты жолдастар! Бұл денеден бөлек жатқан бас сүйегіндегі жарақаттар және тістерінің санына қарағанда, біріншіден, бұл айуандықпен мерт болған адамның басы, екіншіден, бас денесінен шабылып алғаннан кейін шабылған, үшіншіден, шамамен жасы 40 пен 50 арасындағы адамның сүйегі. Осы мағлұматтарға қарағанда, бұл Махамбеттің бас сүйегі деп айтуымызға болады», — деді. – «Ендігі жерде қазу жұмыстарын әрі қарай жалғастыру арқылы дене сүйектеріне жетуіміз керек. Егер де денесімен бірге бас сүйегі болмаса, онда бас та, дене де бір адамдікі екендігі анықталады», — деді де, Ноэль қолындағы пышағымен топырақты омырып, тышқанша арт жағына қарай сыпырғышымен сыпырып отырды да, мен босатылған топырақты шелекке қолыммен салып, сыртқа беріп отырдым.

Тағы да екі күректің бойындай топырақты алғаннан кейін өрнектелген және қызыл бояумен боялған киіз үйдің сықырлауығының жарықшақтарына тап болдық. Ағаш жұп-жұмсақ үгілмелі болып қалыпты. Оның жарықшақтарын біртіндеп топырақтан босатып алып, күнге кептіруге бердік. Сықырлауық астындағы лақаттың орта шенінен адамның қол сүйектеріне тап болдық. Сәл төменіректе жамбас, ұршық, бел омыртқаларына тап болдық. Жамбас пен сегіз көзді омыртқаның сүйектеріне қарап Ноэль бұл сүйекті «ер адамның сүйегі» деген тұжырымдама жасады. Осыдан кейін біртіндеп түгелдеп, денесінің барлық сүйектерін қалың топырақтан босатып алдық. Бірақ денесі жатқан жерден бас сүйек табылмады.

Ал мүрденің омыртқаларын түгендегенімізде, баспен бірге табылған екінші мойын омыртқаның жарты сынығы дене сүйектерімен бірге жатқаны анықталды. Сондықтан да бұл жерге бөлектеп жерленген бас пен дене – бір адамдікі. Бұл оның Махамбеттің сүйегі екендігіне күдіксіз толық сенім туғызды…»

Академик Әбисатовтың «Махамбеттанудың беймәлім парақтары» атты еңбегінен еш өзгеріссіз алынған осынау естеліктің тарих үшін құндылығында шек жоқ.

Бастарын нар тәуекелге байлай отырып, бұл маңызды іске бел буған азаматтар ұрпақ алдында үлкен миссия атқарды. Кейінірек Ноэль Жұмабайұлы осы жұмыстың нәтижесімен қазақтың алдаспан ақыны Махамбеттің бет-бейнесін сомдап шықты. Арманда кеткен батырдың қазасына арада ғасырдан астам уақыт өткенде сот-медициналық сараптама жұмыстарын жүргізу барысында ол бұл іске қатысты барша архив деректерін, қанды оқиға куәгерлері Махамбеттің екі әйелінің берген жауаптарын, жендеттер Ж.Өтеулин, М.Нұралин, Т.Тұрымов, Ы.Төлеевтердің айтуымен жазылған Баймағамбет сұлтанның жолдама хаты, Махамбеттің көзі тірісінде Хиуада жүріп елге жазған хаты секілді деректерді толық негізге алды. Сөйтіп, Махамбеттің бет-бейнесін сомдап қана қоймай, оның бойының 167,8 сантиметр, ал ми қуысының көлемі 1593 текше сантиметр болғаны анықталды.

Сонымен, астыртын жендеттердің қолынан қапыда мерт болған марғасқа Махамбеттің қасіретті оқиғасын зерттеу жұмыстарымен бәрі тынды деп ойлайсыздар ма?.. Жоқ!

Нағыз сергелдең әлі алда болатын. Өз жұмысын мінсіз атқарған ғалымнан ғазиз батырдың сүйегін қабылдап алар жан болмады. Тірлігінде

«Азамат ердің баласы,

Аз ұйықтар да көп жортар.

Дұшпанға кеткен кегі мен

Барымтаға түскен малы бар» деп, өз еркімен басын азапқа тіккен алдаспан ақынға ХХ ғасыр да өз «тартуын» дайындап тұр екен… Бар-жоғы 46 жыл ғұмыр кешіп, оның жартысынан көбін ат үстінде өткізген аруақты ердің мүрдесін қайта жерлеу жұмысы бақандай он жеті жылға созылады деп кім ойлаған?.. Сегіз жыл Алматының жертөлесінде, тоғыз жыл Гурьевтің қойма-мұражайларында шаң басқан жәшік ішінде сарылып жатады деп кім ойлаған?..

Өкінішке қарай, Кеңестік бюрократияның томырық саясаты, жекелеген кресло иелерінің немқұрайдылығы, сұрқылтай заманның жалтақ-жаутаңкөз психологиясы осыны дәлелдеді. Тек 1983 жылы ғана Гурьев облыстық партия комитетінің бюросы оны Қарой даласына, мәңгілік мекеніне қайтаруға шешім қабылдады. Сол жылы мамырдың 15-інде Махамбеттің сүйегі жер қойнына тапсырылды.

Бұйырмашы айыпқа,

Тым тереңнен шақырғанда қиянға Ай,

Тас санама терең-терең ой салшы!

…Махамбеттер жасын жуған Жайыққа

Мен де үңілем ұялмай! –

Құдайдың қорлығын қойсаңшы!..

Бұл – «Алаштың Айтманы» атанған Светқали Нұржанның жан сөзі. Светқали сынды Махамбетті өзінің құбыласына санайтын барша рухты қазақтың көкірек күрсінісі. Махамбет мүрдесінің 17 жылға созылған жербетілік сергелдеңіне біздің бәріміздің қатысымыз бар. Надандықтың дүлей шоқпарлары Жүсіптер мен Ықыластар сол ғасырда қалып қойды деп кім айтты? Олар тірі! Олар – біздің арамызда. Араға жылдар аралатып «Ақын өлтіру» ойындары әлі де өз репертуарында жүріп тұрады.

Қарой жазығын бетке алсаң сонадайдан күмбезі күнге шағылып, дулығадай қасқайған Махамбет мазары қарсы алады. Кеудеңді сағыныш та, салтанат та, өкініш те – барлығы қатар билеп, жұдырықтай жүрегің тулап кетеді сондай сәттерде… Алқымыңа бір өксік тығылады сондай сәттерде… Әділетсіз дүниенің әдемі дидары көз алдыңа келеді сондай сәттерде… Сақылдаған аяр күлкі, қыстыққан еңіреулі үн құлақ тұндырады сондай сәттерде…

Қыста көр мейлі, жазда көр, ажары қату,

Баяғы Қарой бүктүсіп бозарып жатыр.

Сән-салтанаты келіскен күмбез астында

Қазақтың көрген қисапсыз азабы жатыр…

Иәә… Дәл солай!..

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,

ақын, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button