Жарнама
Мәдениет

Қанатты домбырадан  қалықтап ұшқан күй

Заман тынысын қос ішекпен бейнелеп, алуан күй тудырған Құрманғазы Сағырбаевқа арналған «ХІХ–ХХ ғасырлардағы Атырау тарихы мен мәдениеті» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференцияға жиналғандар  төкпе күй дәстүрінің тамаша жетістіктері ең алдымен Құрманғазының есімімен байланысты екенін айтты. Күй мәдениетіндегі ерекше тұлға дәстүрлі домбыра өнерін жаңа жетістіктерге жеткізгеніне ерекше тоқталды.  

Кәсіби музыкалық зерттеулер аз

Нарын құмында дүниеге келіп, қара шанақтан төгілткен күйімен жұртты ұйытқан Құрманғазы бабамыз – музыка әлеміндегі сөзсіз ұлы тұлға. Филология ғылымдарының докторы, Айтматов академиясының академигі  Ғарифолла Әнес Құрманғазының күй ғұмырын, тарихтағы орнын безбендей келе «Құрманғазы» тұлғалық энциклопедиясының түзілу принциптеріне тоқталды.

Оның айтуынша,  энциклопедиялық жоба негізінен «Ғұмыр-дерек» және «Күй-дерек» деп аталатын қос үлкен тарау-тармақтан тұрады. Алғашқы тарауда күй атасы хақында қолда бар барша өмірбаяндық мәліметтер қамтылады. Оның тармақты шежіресі, отбасы, тұрғылықты жерлері, ұрпақтары жайында нақты ақпараттар келтіріледі. Архивтік материалдар негізінде оның ғұмырбаянына қатысты айтылып жүрген мифтер, мәселен, Үркітке (Сібірге) жер аударылды, бүгінгі біз білетін Алатау мен Сарыарқаны көзімен көрді дегендей, т.б. ұшқары пікірлер жоққа шығарылады.

Ал, екінші тарауда әліпбилік ретпен оның қанатты домбырасынан қалықтап ұшқан, ұлттық күй өнерінде төңкеріс жасаған 60-қа жуық күйі жеке-жеке мақала түрінде талданып, талқыланады. Домбыра мен күй өнеріне қатысты музыкалық терминдерге ұғымдық түсінік беріледі. Әр күйді таратып талдаған тұста бірнеше әуенді QR-код пайдаланылады. «Күй-деректегі» тың мәліметтер күй өнері мамандарына қосымша әдістемелік құрал, сондай-ақ жалпы білім беретін мектеп оқушыларының таным көкжиектерінің кеңеюіне септесетін, ұлттық музыканың тарихын танып-білем деген өрелі жандарға зор пайдасын тигізетін әмбебап анықтамалық болып табылады.

Ғарифолла Әнес әрі қарай «Құрманғазы» энциклопедиясының «Қосымшалар» тарауында библиография, күйді жеткізушілер, орындаушылар мен Құрманғазы оркестрі, зерттеушілер мен насихаттаушылар, Құрманғазы есімінің ұлықталуы жөнінде де бірқатар жазба барын баяндай келе қазақ тіліндегі кәсіби музыкалық зерттеулердің аздығы, төл терминдер жүйесінің жұтаңдығын сөз етті.

Жауының мысын басып, халқының намысын қайраған

Құрманғазы Сағырбайұлының алдында және замандас күйшілердің қалың тобы,  өнерін ұштаған ұстаздары бола тұрса да, халық не себептен оған «Күй атасы» деп айдар тақты? Неліктен Құрманғазы күйлері «Сары арқа», «Серпер», «Адай», «Кішкентай», «Балбырауын», жеке орындаушылар репертуарындағы «Байжұма», «Теріс қақпай», «Машина», «Жима», «Қайран шешем», «Аман бол шешем» т.б. күйлерінің республика бойынша кең таралуының себебі неде? Талантты ұрпағы арқылы сан ғасырлар бойы оның күйлерінің республика шеңберінен асып, әлемге  танылуының құпиясы неде?

Бүгінгі таңдағы күйші шығармашылығын зерттеу мәселесі қандай деңгейде? Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Карима Сахарбаева осынау сұрақтарға жауап беріп, Құрманғазы Сағырбаев шығармашылығының зерттелуі хақында ой тербеді.

– Дара қасиетке ие Құрманғазы күйшінің өскен ортасы, шығармашылық келбетіне келсек, қарапайым шаруа Сағырбай отбасында дүниеге келіп, байдың қозысын бағып, жоқшылық көріп, табиғатпен етене таныса жүріп, бала кезден иен далада домбырасын ермек етіп, күймен шерленген, шыңдалған тағдыры, оның шынайы тұлғалану мектебі болды. Сәби дүниеге келгенде: «Әкесі Сағырбай баласын көтеріп тұрып: Бүгін Құрман айт екен, сенің атың Құрманғазы болсын» деп айналадағыларға жариялады», — деп келтіреді А.Жұбанов. Осы құрман айтта туған мәліметіне байланысты өлкетанушы Қ.Жұмалиевтың 1823 жылдан 1998 жылға дейінгі  құрман айттың айларын белгілей Құрманғазының жылын анықтап, қауыс айында туғаны жөніндегі тізбесі «Атырау ән-күй мұхиты» жинағымызда жарияланды. Алайда, әлі күнге күй атасы саналған күйшінің туған жылын нақтылай алмауымыз елдігімізге кешірілмейтін сын және бұл үрдістегі зерттеу  жұмысының жүйесіздігін танытады. Күйшінің (1806, 1818, 1819 және 1823 ж.) төрт түрлі туған жылы бүгінде деректерде  Қазақ энциклопедиясы, Батыс Қазақстан және Атырау облысы энциклопедияларында, А.Жұбанов бастаған ғалымдар мен күйтанушылар еңбектерінде, осыған орай оқулықтарда да әртүрлі келтірілген. Құрманғазының 175 жылдығы 1818 дерегімен 1993 жылы  Алматы, Атырау қалаларында тойланып, ол Атырауда күйшілер сайысына жалғасты. Ал, 1923 жыл болып нақтылануына себеп, құрманғазытанушылардың Астрахан  мұрағатынан табылған құжаттағы күйшінің 1882 жылы жандарымға (надзиратель) берген жауабында жасын 59-да деп көрсеткендігі және  өлкетанушы М.Жолжанның тарихи деректермен жүйелеген «Құрманғазы» мақаласы және Ұ.Рахметуллин, Қ.Жұмалиев, И.Кенжалиевтердің т.б. басқа да пайымдық, құжаттамалық дәлелдері бар. 

1996 жылы олар бұл құжаттарды  Ғылым академиясына тапсырады.  ҚР ҰҒА мүшесі, ө.т.д. Б.Ерзакович, филология.ғ.д. ҚР ҰҒА академигі С.Қасқабасов, ө.ғ.д, Б.Қарақұлов,  филология ғ.д. А.Тарақтылар қатысқан мәжілісте 13 маусымдағы 99-4/908 хаттамасымен, жоғарыдағы аталған зерттеушілердің құжаттарын сараптап,   Құрманғазының  туған жылын 1823, ал өмірден өткен уақытын 1896 жыл деп бекіткен. Осы бекітілімнен кейін Құрманғазы мүрдесі жатқан Ресейдің Володар ауданы, Алтынжар ауылында кесенесі ашылып, оның маңдайында туған жылы 1823 деп жазылды. 1998 жылы күйшінің 175 жылдығына орай мемлекеттік деңгейде екінші рет Алматы, Астана, Атырау қалаларында концерт, конкурс, конференция сынды шаралар ұйымдастырылды. Осы бекітілімнен кейін Құрманғазы туралы көптеген еңбектерде туған уақыты 1823 жыл болып жазылған, — деп дәлелдермен дерек келтірген профессор, туған жылына қатысты қарсылықтардың болғанын жасырмады. 

– Кейбір облыстар  2023 жылы 200 жылдығын қайта тойлайтынын да айтқан болатын. Академик А.Жұбанов өзінің «Құрманғазы» жинағында композитордың қолға түсіре алмай жүрген кейбір күйлерін атап, «Әрине, күйші жөнінде әлі талай ауызша, жазба деректер табылады. Біздің айтқандарымызға әлі талай өзгерістер енер, бірақ қолда  барды жариялай беруді дұрыс деп таптық» дегеніне құлақ аспай, 1818 жылға тұрақтады. 1823 дерегіне жоғары тарап елең етпеді. Мүмкін 18-жыл дұрыс шығар, дәлелдеу керек еді. Зерттеу жүйесіндегі үлкен кемшілігіміз осындай. Сондықтан Ұлттық академияда академиктер бекіткен, дәлелденген деректер бойынша  Құрманғазы Сағырбаев туылған 1823 жылды неге қайтармасқа? —  деген Карима Сахарбаева өз ойын ортаға салды.  Одан әрі күйші шығармашылығы жөнінде айта келе, оның 100-ге жуық күйінің бәрі бірдей жұртшылыққа жетпегеніне өкінішін білдірді.

8cd1b33a ce25 45da 94bd 88bf34e0e061

Жиделі құмының ұлы

Халқымыздың күй өнерінің жарық жұлдызы, елімізді екі шекті аспабымен ендіктер мен бойлықтардың бәріне танытқан дәулескер орындаушы Құрманғазы жайлы арғы-бергіде аз жазылған жоқ. Осыдан ғасыр жарым уақыт бұрын әскери журналист Н.Савичевтен бастап, кешегі-бүгінгі жазушы-журналистер, ғалымдар, өнер иелері толғаудай-ақ толғады. Бірақ олар қалай толғады, қай қырын көрсетті, мәселе сонда.

Жиын барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғизатолла Халидуллин баяндағандай, Құрманғазының күйшілік қыры біршама зерттелді де өмірбаяндық жолы әлі бір ізге түскен жоқ. Соның салдарынан ол бір әдебиеттерде Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған деп есептелсе, енді бірінде Батыс Қазақстанның Жаңақала ауданы аумағында дүниеге келген деп жазылады. Олардың қайсысы да академик Ахмет Жұбанов пен тарихшы-ғалым Исатай Кенжалиевтің нұсқалары. Ал, Ғизатолла Халидуллин күйші Құрманғазы ауданының Жиделі құмында туған деген пікірде.

 – Бөбек деген жерде Сағырбай қыстауының (Құрманғазы емес), сондай-ақ 6 жасынан Шақбала, Өтешқали байлардың қозысын бақса, олардың қыстау орындары әлі бар. Бұл туралы А.Жұбанов өзінің «Құрманғазы» атты монографиясында «Қаншама жақсы көргенімен, қанша еркін өсуін көксегенімен, басқа амал, айла құрығасын, алқа біраз тартысты да ақыры Сағырбайдың айтқанына көніп, кішкене Құрмашты 6 жасқа жаңа келгенде қабырғасын қатырмай, бұғанасын бекіттірмей жатып-ақ сол өңірдегі Шақбала деген байдың қозысының соңына салып қоюға мәжбүр болды» деп жазады. Кейін артынан қудалау көбейіп, түрме төріне көбірек қонақтаған соң қоныс өзгертіп, Жаңақаланың 16-ауылына қарасты Көктерек деген жерінде біраз тұрады да, соңынан аз ғана уақыт Шортанбайда, одан Астраханның Сахмасына көшіп кетеді. Өйткені, онда Құрманғазының Жиделісінен қоныс аударып, балық кәсіпшілігіне араласып кеткен ауылдастары және тұрмыстағы бір қарындасы да өмір сүріп жатқан.

Күйшінің мұндай шешімге келуіне оның Астрахан түрмесінен қашып шығып, Мақаш әкімнен басына бостандық алуға көмек сұрап баруы себепші болады. Мақаш оған «Сіз енді Жиделіні ұмытыңыз, өйткені, Ордада әлі күнге жабылмаған ісіңіз жатыр. Сондықтан ол жаққа аяқ бассаңыз тағы да ұстап, қамайды. Қалған өміріңізге қолайлы жер Астраханның теңіз бетіндегі мың аралдың бірі, туыс, ауылдастарыңыздың арасы – Сахма болып табылады. Керек болса, мен Уақытша кеңестің басшысы, генерал-губернатор Лазаревскийден «Құрманғазы енді ешкімге де зияндық істемейді. Өзім кепіл боламын» деген анықтама алып берейін» деген ұсынысы еді. Осыған сай күйші аталған XIX ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шенінде көшіп келіп, жиырма жылдай өмір сүреді. Алғашында бір жерге үш күн отырып, қонысын аудара беретін күйші кейін кәдімгідей тұрақтап, жаңа жерде біраз жыл ғұмыр кешеді, — дей келе осы жайларды болашақта нақтылап, жүйелеу, нүктесін қою керектігін баса айтты.

Әйтпесе, әлі күнге Құрманғазыны атыраулықтар бізде, ал батысқазақстан-дықтар болса өздерінде туған деп есептейді. «Бірақ Жаңақалада жүрген қызылқұрттардың ел құрып, су құрып, Астраханның әр жағы, теңіз қолтығына тығылып несі бар еді, одан суы, нуы бар Көктерегі мен Фокейінде жүре бермей ме? Қазанын өзінен бұрын Астрахан бойында балықшылық қызметке орналастырып, өзі ту анау Манаштың Есенқұлынан қыз алып, түтін түтетіп қайтеді? Оған қоса ел қариялары аузында Құрманғазы әбден қартайып, әлі бітіп, күші азайған тұста алыстағы Алтын жардан жер түбіндегі қандастарына

Қошалақ, Бесшоқы мен Жиделілер,

Мені де не дейді екен елдегілер.

Мекенім осы күні Сахмада,

Дұғай сәлем ата-жұрт пенде білер, — деп сағыныш саздарын жолдапты деседі.

Ойлап көріңізші, жаңа қаланың Жиделісінде дүниеге келген Құреқең  болса, бір жақтағы Қошалақ пен Бесшоқыны жырға қосып, сағынатындай несі бар?! Көрдіңіз бе, осының бәрі, тағы да қайталаймыз, әлі нақтылап, әлі жүйелеп зерттеуді қажет етеді. Өйткені, бұл Ұлы Құрманғазының, қазақ домбырасының тарихы», — деп сөзін қорытты.

Профессор Ғ.Халидуллин Құрманғазының күйімен қоса ол шығарған әндерді де («Сұрасаң менің атым…») зерделеу қажеттігіне тоқталды. Құрманғазы туралы зерттеулердің аздығы сол,  ол Шөкең сынды Адайдың қызымен айтысып, өз басына қатысты көп жайларды өлең жолдарымен жеткізген. Бұл ойлар оның ақындығы да болғанын дәлелдейді. Одан басқа қаншама өлеңдері болғаны бізге белгісіз. Ел ішінде күйшінің көріпкелдігі, аздаған тәуіптігі де бар емші болғандығы да айтылады. 

Мұралары жаңа ізденістерге жетелейді

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мұрағаттық корында Құрманғазы туралы ауызша жазылған үнтаспалар жетерлік.  Тіпті, бұрын-соңды шықпаған жаңа күйлері, қолдағы бар күйлердің өзгеше нұсқасы және сол күйді жеткізуші домбырашылардың өзінің төл туындылары да табылыпты. Бұл туралы өнертану ғылымдарының кандидаты  Айнұр Қазтуғановадан білдік.

Оның айтуынша, ондағы алты күйшінің есімі Атырау өңірінде кең танылғанымен, республикалық деңгейдегі көпшілікке бейтаныс. Олардың орындауындағы күйлердің бірі жинақтарда жарық көрсе, кейбіреуі мүлдем айтылмаған, жазылмаған. Мысалы, Сапар Оразовтың орындауында жеткен Құрманғазының «Сырым сазы» күйі «Домбыра сазы» жинағында халық күйі деп берілсе, осы жолы табылған «Амандасар» мен «Сарыарқа» күйлері бұрын тартылып жүргенінен өзгеше, басқа нұсқа екендігі айқындалды. Ал, «Көркем ханым» мен Сапарғали Жұмағалиевтің орындауындағы «Қосалқа» (ІІ түрі) Құрманғазының шығармашылығы бойынша табылған жаңа күй болып есептеледі. Себебі бұрын күй мұндай атпен тек Дәулеткерейдің туындыларында кездескен екен.

– Тарихи деректерге сүйенсек, екі дүлділ күйші күй алмасу үдерісінде бірнеше күй шығарғаны анық және олардың туындыларында аттас күйлер бұрыннан кездеседі. Бұл туралы академик А.Жұбановтың еңбегінде берілген Дәулеткерейдің «Бұлбұл», «Жігер», Құрманғазының «Бұлбұлдың құрғыры», «Жігер» күйлері осы сөзімізге дәлел бола алады. Ал, олардың ұзақ мерзім бірге жүргендігі туралы академик: «Дәулеткерей өзінің әкімшілік жұмысын жиып қойып, енді біраз уақыт Құрманғазымен бірге ел аралап, күй тартып жүреді», — деп жазған. Бұл кездесуден кейін шығармашылық тәжірибе алмасу кезінде 2 күй ғана шығарылды деген факт шындыққа жанаспайды. Суырып-салмалық дәстүрін жетік меңгерген дарабоз күйшілердің әрбір шығармашылық кездесулерде, яғни күй тартқан сайын біріне-бірі әсер етіп, бірін-бірі байытып отырғандығы сөзсіз. Сондықтан Құрманғазының шығармашылығындағы «Қосалқа» күйінің бірнеше нұсқасының (мұрағатта Құрманғазының «Қосалқа» күйінің ІІ нұсқасын Досмұхамбетов Мәжит орындауында сақталған. Бұл туындыны 1965 жылғы іссапарда Т.Мерғалиев жазып алған), «Көркем ханым» күйлерінің кездесуі заңдылық», — дейді ол.

Бұл деректердің өзі күмән тудыруы мүмкін екендігін ескеріп, аталған туындыларды талдау барысында Құрманғазының қолтаңбалық ерекшеліктерін айқындау жұмыстары жүргізіліпті. Бұл ретте Құрманғазы күйлерінің басым көпшілігінде кездесетін өлшем тұрақтылығы, орындаушының қағыс алысында нақтылық және жігерлік, дыбыстар арасында глиссандо тәсілдерінің кездесуі, кіші сағадан үлкен сағаға көтерілу жолдары, екпіні мен әуен иірімінің желісінде адуындылық аңғарылады. Осының негізінде 2020 жылы іске асырылған «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының 2-томына Құрманғазы Сағырбайұлы шығармашылығы 3 тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде, таңдаулы күйлерінің ноталық жазбасы аудиоверсиясымен сәйкестікте тұңғыш рет аймақтық жүйе аясында күйшілік дәстүрдің маңызды бөлігін құрайтын рухани құндылық тұрғысынан ұсынылған екен.

Конференция кезінде ғалымдар, өлкетанушылар мен тарихшылар күйші ғұмырнамасының ақиқатын, күйлерінің шығу тарихын, шығармашылық-қайраткерлік болмысын сипаттайтын тұшымды ойлар мен пікірлерімен, тарихи зерттеулерімен бөлісті.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суреттерді түсірген Әнуар Әбілғазиев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button