ОТТЫ ЖЫЛДАРДЫҢ ӨШПЕС БЕЛГІСІ
Айта кету керек, бұдан ширек ғасыр бұрын орнатылған ескерткіш тозып, онда жазылған майдангерлердің есімдері де көмескіленіп, кете бастаған-ды. Жергілікті әкімдіктің бастамасымен, ауыл азаматтарының қолдауымен отты жылдардың өшпес белгісіне айналған нысанды жөнге келтіріп, жаңғыртудың сәті түскен-ді. Осылайша, жаңарған ескерткіш-тақтаның тұсауын соғыс ардагері Жардем Бекмағанбетов пен ауылдық округ әкімі Ұзақбай Байзуллин кесті.
Округ әкімі аппаратының бас маманы Ғалымжан Иманғалиевтың айтуынша, жаңадан ашылған тақта екі бөліктен тұрады. Біріншісі майдан даласынан елге қайтпаған боздақтарға арналған. Мұнда осы жерден ел қорғауға аттанып, ұрыс кезінде шейіт болған 75 майдангердің тегі мен аты-жөні тасқа қашалып жазылған. Екіншісінде ауылға оралып, еңбекке араласқан, бейбіт кезеңде қайтыс болған 23 соғыс ардагерінің есімдері көрініс тапқан.
Білгеніміздей, ескерткіш-тақтаның жобасын жергілікті сәулетші Марат Идрисов жасаса, құрылыс жұмыстарын жер-гілікті шеберлер Қойшығұл Жұмашев, Марал Қапизов жүргізген. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Муса Сұлтанғалиев, Еркін Бозов, қалалық мәслихат депутаты Ермекқали Юсупов демеушілік көмектерін көрсеткен.
Дәулетқали АРУЕВ.