ӨРІС ЖАЙҒАН ӨРКЕНДІ ӨНЕР
Екі сағатқа созылған кеште күй төгіліп, атыраулық көрермендер мың бұралған бишілердің биіне, күміс көмей әншілердің өнеріне тәнті болды.
— Атырау мен Шымкентті шекара қоспағанымен, адамдары байланыстырып жатыр. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы кеңінен тойлануда. Егер оңтүстік пен батыс байланыспағанда, хандықтың бір астанасы төстіктің төріндегі рухани астана – Түркістан, екінші астанасы киелі Сарайшық болмас еді. Еліміздің мемлекеттік Әнұранының сөзін Жұмекен Нәжімеденов, әнін Шәмші Қалдаяқов жазбас еді. «Ақ алтын» терген оңтүстік пен «қара алтын» өндірген мұнайлы Атыраудың арасында географиялық ұқсастық та бар екен. Қазақтың сары даласының ұлы өзені – Сырдарияны оңтүстік еміп отырса, аялы ақ Жайықтан батыс өңірі нәр алуда, — деген Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан екі өңір арасындағы рухани ұқсастықты атап өтті.
Осыдан үш ай бұрын Атыраудың Оңтүстік Қазақстан облысындағы мәдениет күндерінің гала-концерті қасиетті Ораза айының алғашқы күнімен тұспа-тұс келген еді. Енді Оңтүстік Қазақстан облысының мұнайлы өлкедегі мәдениет күндері Құрбан айт мейрамымен қатар тойлануын жақсылыққа жорыған Атырау облысы әкімінің орынбасары шағын автобустың кілтін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Айтахановқа тарту етті.
Ал, оңтүстік өнерпаздарын бастап келген облыс әкімінің орынбасары Ерлан Қуанышұлы Елбасының тапсырмасымен қалыптаса бастаған мұндай үрдіс үш жылдың ішінде дәстүрге айналып, бір-бірімізді танып, тарихымызды біліп, тәжірибе алмасуға кең өріс ашқанын айтып өтті.
Кеш барысында Ерлан Айтаханов Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жуырда шыққан «Ұлы Дала өсиеті» атты елу дана кітапты Атырау облысының кітапханаларына сыйға тарту етті. Сонымен қатар, өлкеде соңғы бес жыл ішінде жүзеге асырылған игілікті істер жайында баяндайтын «Өркендеген, көркемденген Оңтүстік» атты кітапты да сый ретінде табыстады.
Бұдан бөлек облыста бес жыл бойы «Қазыналы Оңтүстік» атты көптомдық шығып келеді. Соның жуырда 311 томы жарық көрген екен. Бұл кітаптар да Атырау жұртына табысталды. Ал, мұражайларға Түркістандағы Қ.Яссауи кесенесі бейнеленген тоқылған гобелен мен Арыстан бабтың кесенесі бейнеленген арнайы кілемді де ұсынды.
Гала-концерт шымылдығы ҚР Мәдениет қайраткері Ғалия Жомартованың дирижерлығымен «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы «Думанды дәурен» күйімен ашылды.
Әншілер Мәдіхан Дүйсеев, Ақмарал Биназарова, Мағжан Әлтенбаев, Айнұр Нұрашева, Оразкүл Дәулетова, Өсербай Бөріханов қазақ әндерінен попурриді оркестрмен бірге тамаша орындады. Ал, Шыңғыс Исаев, Аида Жұрманова, Ләззат Мырзаева, Фаина Мыңғазова, Өмірбек Қонысбеков, Баян Ендібаева, Жандос Аппазов түрлі аспаптарда ойнап, Шәмші әндерінен попурри ұсынып, атыраулық көрермендерді бір серпілтіп тастады.
Сондай-ақ, оркестр Сүгірдің «Аққу», Е.Үсеновтің «Майра» шығармаларын, Н.Тілендиевтің «Махамбет» симфониялық поэмасын орындап, қошеметке ие болды. Бұдан да басқа композиторлардың шығармаларын асқан шеберлікпен көрермен назарына ұсынған оркестрдің өнері атыраулықтарды тәнті етті. Қобызшылар ансамблі, аспаптық трио, «Семсер» тобы, Ш.Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясы әртістерінің өнері де көрермендерді бейжай қалдырмады. Сонымен қатар, «Қазына» би тобы мен «Тұмар» фольклорлық ансамблі кеш шырайын одан әрі асырып, көрермен жүрегіне жол тапты.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.