Өре мен өрлік тоғысқан…
Шырайлы Шымкентте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Атырау қаласының Құрметті азаматы, көрнекті жазушы — драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған театр фестивалі өтті.
Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театры мен қоса өңірдегі жеті өнер ұжымы драматургтың шығармаларын жоғары деңгейде сахналады. Өнер тойына Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан бастаған делегация арнайы барып қатысты.
— Шығармашылық интеллигенция — қазақ айнасы. Шымкентте Рахымжан Отарбаевтың драматургиясына арналып үш күн бойы өткен «Театр көктеміне» қатысып, айнаға қарап, өзімізді көрдік. Қоғамның бейнесін көрдік. Ойландық. Түсіндік. Руxанитазардық. Руxани тазару — руxани жаңаруға бастағай. Адам ауырса, дәрігер емдейді. Қоғам ауырса, кім емдейді? Театр емдейді. Жақсы шығармалар емдейді, — деп, Шыңғыс Жұмабекұлы театр фестивалінен алған әсерін жұртшылықпен бөлісті.
«Театр көктемі» үш күнге созылып, киелі сахнада өнер көрсеткен ұжымдардың ішінде үздіктер анықталды.
Күнгейдегі өнер көктемі
Бiздiң қуанғанымыз, өнер бәсекесiне театр ұжымдары үлкен дайындықпен келiптi. Бiр ұжымның қойылымынан екiншiсi асып түсiп жатқанда, көрермен қауым демiн iштерiне алып, зал сiлтiдей тынды. Қойылымдардың заманауи стилi, пластикалық бояуы, декорациядағы жаңаша әдiс-тәсiлдер көздi арбап, сананы сергiттi. Театрлардың марғаулықтан арылып, шығармашылық жағынан өскенiн көргенде, бұған қосымша көрермен мәдениетiнiң қалыптаса бастағанын сезiнгенде төбемiз көкке жеткендей болды.
Осы үш күнде көрермендер алуан түрлi күйдi басынан кешiрдi. Облыстық әзiл-сықақ және сатира театры тұңғыш рет өз қалыбынан шығып, Р.Отарбаевтың «Қараша қаздар қайтқанда» драмасын сахналады. Қойылым режиссерi Мақсат Айтжановтың тар сахнаны ұтымды пайдаланудағы тапқырлығы, оқиғалар өрбуiнiң тұтасып кетуiне мүмкiндiк жасағаны тәнтi еттi. Түркiстан қаласының сазды-драма театрының «Мұстафа Шоқай» қойылымы мен облыстық орыс драма театрының «Двойник» комедиясы өзгеше мәнерiмен есте қалды. Ал, Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры сахналаған «Бас» комедиялық драмасы туралы әңгiме бөлек. Қойылым режиссерi Қуандық Қасымов уақыт кеңiстiгiнен аттап өтiп, Махамбет пен Исатай батырларды бүгiнгi күннің кейiпкерлерi еткен. Астарлы диалогқа құрылған комедиялық драманың «Сыймайды екен қалыпқа, Ұлы боп туған iрiлер. Таласып жүр даң-қына, Соңында қалған тiрiлер» деп сәттi аяқталуы режиссерлiк шешiмнiң ұтқырлығын аңғартты.
Фестивальдiң жабылуы мен марапаттау рәсiмiнде сөйлеген сөзiнде Рахымжан Отарбаев:
— Оңтүстiк етектi ел, ескi жұрт екенiн танытты, сол үшiн басымды иемiн! Театрда, кинода болсын, жалпы мәдениетте өнердiң жүгiн иықтарымен нық көтерiп келе жатқан театр пайғамбарлары – Асекең (А.Әшiмов) мен Есағаңа (Е.Обаев) басымды иемiн. Кезiнде аштан бұратылып, өзегi талған халық қиналғанда Оңтүстiк өлкесiне жетiп жығылған. Исi қазақтың ат байлар алтын қазығы да осы – Оңтүстiк! Соншама талантты өнер ұжымдарын көрдiм. Сол өнердi биiк құрметтейтiн ел-жұртты көрдiм. Жетi бiрдей шығармамды қойған жетi ұжымның барлығы да ғажап ойнады, ешқайсысының ойынын кем дей алмаймын. Мен қиналдым, қазылар алқасы менен де қатты қиналды. Бiреу барлығынан бередi, бiреу нарлығынан бередi. Менiң барлығымнан емес, Ақжайығымның нарлығынан әкелген жалғыз көлiктi жетiге бөле алмай қиналғанымды көрсеңiздер. Сондықтан, ешкiмдi ренжiткiм келмедi. «Абай» операсын көрдiм, Абайдың әруағын аттап кете алмадым. «Қадiрлi басым, қайратты жасым. Айқаймен кеттi, амал жоқ» деген поэзия пайғамбарына басымды иiп, облыстық опера және балет театрына өз атымнан автокөлiктi сыйлаймын, — дедi.
Сонымен, «Ең үздiк қойылым» номинациясымен (1 000 000 теңге) Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры, драматург Р.Отарбаевтың арнайы жүлдесiмен (жеңiл автокөлiк) облыстық опера және балет театры марапатталды. Облыстық орыс драма театрының режиссерi И.Вербицкий «Ең үздiк режиссура» (500 000 теңге), облыстық әзiл-сықақ және сатира театры «Актерлық ансамбльдiк тұтастық» (500 000 теңге) номинацияларын иелендi. Түркiстан қаласының сазды-драма театры – «Тарихи тақырыпты үздiк меңгергенi үшiн», облыстық қуыршақ театры «Патриотизмдi үздiк бейнелегенi үшiн» номинациясына (300 000 теңгеден) лайықты болды. Қ.Жандарбеков атындағы Жетiсай драма театрының актерi С.Әрiпхановқа – «Ең үздiк ер адам», облыстық өзбек драма театрының актрисасы Д.Халметоваға – «Ең үздiк әйел адам» номинациясы (200 000 теңгеден) бұйырды. Ал, облыстық өзбек драма театрының актерi Ұ.Насыров – «Екiншi пландағы ер адам», Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актрисасы А.Нұртазина – «Екiншi пландағы әйел адам» номинациясын (100 000 теңгеден) қанағат тұтты.
* * *
Айта кетейік, өнер сайысына КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері – Асанәлі Әшімов, театртанушы Қазақстанның халық әртісі, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, профессор – Есмұқан Обаев, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, Халықаралық Ш.Айтматов клубының вице-президенті – Бусурман Одуракаев, әдебиетші, сыншы, профессор, Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ-і жанындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры – Құлбек Ергөбек, Жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты – Мархабат Байғұт, Германиядағы Қазақтар қауымдастығының төрағасы – Сүлеймен Шадкам, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы – Жұмабай Шаштайұлы қазылық етті.
Үмiтхан АЛТАЕВА.
Талантқа бас иген халықты көрдік
Оңтүстік Қазақстан облысына театр көктемі келді! Алайда, бұл көктем тек шымкенттіктер үшін ғана емес, күллі өнер әлемі үшін жөні де, жосығы да бөлек айтулы оқиғаларға толы болуымен көп есінде қалды. Биылғы сахна думанының ерекшелігі сол – фестиваль толығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналды.
Рахымжан Отарбаев – соңғы кезде прозадан бөлек, драматургия жанрында да өндіртіп жазып, ақсүйек жанрдың жоғын түгендеп жүрген санаулы суреткерлердің бірі. Жазушы тудырған кейіпкерлер өзінің ойлылығымен, ұлттың үнін, қоғамның небір түйінді түйткілдерін тарқатуға, мән-мағынасын ашуға ұмтылуымен көрерменін бейжай қалдырып көрген емес. Суреткер қаламына іліккен кейіпкерлердің қай-қайсысы да ұлттан, қазақ деген елден өзін бөлек алып көрген емес, қазақы қалпымен, дағды-дәстүрімен бірге тыныстайды, бірге жасайды. Сахнадан көрермен өзін көреді, жоғалтқанын табады. Бастысы – адамы азып, пиғылы тозған қоғамның тоз-тоз келбетіне өнер биігінен көз тігеді. Өзінше ойланып, өзінше толғанады.
Рахымжан Отарбаев – көркемдік қуаты мықты талғампаз қаламгер. Әр сөзінің астарында мазмұнға бай мағына мен батпандай ауыр салмақ тұрады. Драматургтің суреткерлік сұңғылалығының сыры сол – адам жанын қозғай, айналасын қаузай жазуымен құнды. Суреткер әлемі сұлулыққа, тазалыққа һәм сағынышқа толы. Үш күн Шымкент сахнасын шын мәніндегі өнер думанына айналдырған Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық шеруінен біздің сезініп-түйсінгеніміз осы.
Фестиваль шымылдығын облыстық Қуыршақ театры автордың «Сағыныш шөбі» хикаясымен ашты. Көрермендердің патшасы – балалар аудиториясына арналған шығарма Бейбарыс сұлтанның балалық шағынан сыр шертеді. Жусан арқылы Отанға, елге деген сүйіспеншілік пен сағыныштың сырын ұқтыруға ұмтылады. Сол арқылы кішкентай көрермендерді туған жердің қадірін түсінуге, ұлтын сүюге, Отанына адал болуға үндейді. Қойылымның мақсаты түсінікті болғанымен, екінші бөлімінде көрерменнің жас ерекшелігі ескерілмегенін ескертуге тиіспіз. Әйгілі «Бейбарыс сұлтан» драмасын балалар танымына сай барынша ықшамдауға тырыс-қан режиссер жұмысынан осы олқылық анық байқалып қалып жатты. Көркем де кітаби, мағынасы балалардың қабылдауына қиындау сөздердің, әрекеттердің сахнада шектен тыс көрініс беруі – бүлдіршіндердің қабылдауына қиындау тигенін жасырмаймыз.
Ал, Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық драма театры режиссер Қуандық Қасымовтың қолтаңбасында қойған «Бастың» бәсі бәрібір биік. Оқиғаның барлығы сахнаның ортасынан ойып орын алған жарық жарты бастың айналасында өрбиді. Осы көрініс арқылы режиссер образды түрде бүгінгі қоғамның боямасыз бет-бейнесін алдыңызға жайып салады. Драманың негізгі оқиғасы – халқының азаттығы үшін бас көтерген қазақтың әйгілі ақыны Махамбет Өтемісұлының бас сүйегінің тағдыры жайында өрбиді. Ұзақ жылдар бойы ақынның бас сүйегіне зерттеме жасаған жас антрополог ғалым өзге елге көшуіне байланысты ұлы ақынның басын қауіпсіз жерге қалдыруды көздеп, мекемедегі қалың креслода отырған шенеуніктердің қолына тапсырғысы келеді. Алайда, өз қарабасының қамын ғана күйіттеген пақырларға Махамбеттің басы тұрмақ, күллі тарихтың құны көк тиын болып шығады. Махамбеттей марғасқа тұлғаның қу басын допша дөңгелеткен қоғам басында отырған басшылардың осындай парықсыз әрекеті арқылы драматург бүгінгі қоғам дертін аяусыз әшкерелейді. Драматург пен режиссердің сәтті үндескен тандемі сахнаға көркемдік қуаты мықты, айтар ойы өткір, бастысы – көрерменін ойлантатын осындай сәтті қойылымды әкеліпті.
Әзіл-сықақ және сатира театрының «Қараша қаздар қайтқанда…» тарихи драмасы тақырып ауқымдылығымен өзіне бірден баурап алды. Бір ғана алтын сағаттың айналасында өрбитін шығарма өткен күндердің қиын да қасіретті сәттерін көз алдыңызға әкелу арқылы келешек ұрпақты тауқыметті тарихымыздың қадіріне жетіп, бағалауға үндейді.
Ал, Өзбек драма театрының «Әбутәліп әпенді» пьесасының негізінде ұсынған «Аяулым Анфиса» комедиясы өзінің жандылығымен, актерлік ойынның қызықтылығымен, жалпы спектакльдің динамикалығымен есте қалды. Әйтсе де, костюм мен декорациядағы тұрмыстық деңгейден аспаған қарабайырлық Анфиса (Дильдора Халметова), Итемген (Ұлықбек Насыров) сынды үздік актерлік ойынға, жалпы, қойылым сапасына өз салқынын тигізбей қоймады. Осы тұрғыдан келгенде, Өзбек драма театрына сахналық эстетиканы игеру мәдениетінің жетіспей жатқандығын байқауға болады. Есесіне, бұл олқылықтың орнын облыстық орыс драма театры ұсынған «Егіздер» трагикомедиясы бір-ақ сәтте толтырды. Режиссер Игорь Вербицкийдің сахнаны оқу мен оқиғаны сөйлету сұңғылалығы, мизанценаны құру эстетикасы мен актерлерді ойнату техникасы шын мәніндегі өнер деп айтуға тұрарлық, төрт құбыласы келіскен, көркемдік қуаты жоғары, тамаша қойылымның куәсі етті. Сәтті үндескен музыка мен спектакль атмосферасы сәтті қабысып, өнердің үлкен мерекесін тарту етті.
Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының «Нашақор жайлы новелла» шығармасының желісі бойынша қойылған «Түнек торы» драмасы бүгінгі замана зарын, қоғам дертін, нанымды жеткізуімен есте қалды. Жетісай театрына дейін еліміздің түкпір-түкпіріндегі ірілі-ұсақты бірнеше театрдың дәл осы шығармаға сахналық ғұмыр сыйлауы – пьесаның өзектілігін, тақырып тереңдігін танытса керек. Драматургтің шеберлігі сол – оқиғаны дәл өзі сол ситуацияның ішінде жүргендей нанымды баяндайды. Сондықтан да, қойылымды бей-жай отырып тамашалау мүмкін емес. Бүгінгінің індеті – есірткінің қаншама жастың ғұмырына балта шауып, жауқазын өмірін жайпап жатқаны шынайы бейнеленеді. Режиссурадағы тырнақалды туындыларын бәйгеге қосып, бақ сынатып жүрген Еркебұлан Қабдылдың аталған жұмысынан түнек торға шырмалған тұманды тағдырлардың шыр-ғалаңға толы өмірін берудегі бейнелік шешімдері, ұтқыр мизансценалары атап өтуге тұрарлық. Әйтсе де, оқиғаның эпилогын тым шұбалаңқы етіп жіберуі мен спектакльдің аяқталар тұсын әсіре драмаландыруы, қойылым сапасына өз салқынын тигізгенін де ескермей қала алмадық. Ал, Жалқытайды кейіптеген С.Әріпханов ойыны өзінің шынайылығымен есте қалды.
Мұстафа Шоқайдай ұлт боздағының тарихи бейнесін сахнаға әкелудің қаншалықты маңызды һәм азаматтық салмағы зор жауапкершілік екенін айтып жатудың өзі артықтау, біздіңше. Әйтсе де, Түркістан қаласы сазды-драма театрының Рахымжан Отарбаевтың драматургиясы негізінде сахналаған «Мұстафа Шоқай» драмасы өзінің тарихи салмағының тереңдігімен, тарихи деректік дәлдігімен, оқиғаны нанымды өрбітіп, шебер жеткізуімен көңілге құрмет орнықтырды. Әсіресе, сахналық декорацияның оқиға атмосферасын, замана келбетін шынайы көрсетуі мен Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Шоқай, Т.Рысқұлов сынды ұлт қайраткерлерінің портреттік ұқсастықтарының сәтті табылуы, спектакльдің салмағын арттыра түсті. Айдар Наурызбаевтың ұтымды режиссерлік шешімдері мен ұтқыр сараптаулары, біз тамашалаған «Мұстафа Шоқай» драмасының салмағына салмақ үстеді. Сахнада ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы атмосфера шынайы көрсетіліп, сәтті ұштасқан оқиға желісі бір сәтке ұлылар бейнесімен қауыштырғандай әдемі әсерге бөледі.
Шымкент шаһарына өнердің үлкен жәрмеңкесін тарту еткен жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған «Театр көктемі –2016» фестивалі осылайша өз мәресіне жетті. Тұтас бір облыстың рухани өмірінің айнасына айналған 7 бірдей театрдың өнерін бір автордың қолтаңбасында тамашалап, Оңтүстік Қазақстан өңірінде бұрын-соңды болып көрмеген тарихи өнер оқиғасының куәгері болдық. Жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтің «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!» — деген әйгілі өлең жолы өнер думанының өтуіне тікелей себепкер болған драматург Рахымжан Отарбаевқа арналып айтылғандай. Иә, біз бүгін өз ұлын қастерлеп, талантына бас иіп, төбесіне көтерген дархан халықты көрдік, елін рухани азықтандырып, өнеріне өріс сыйлаған шығармашылық иесінің талантына бас идік.
Назерке РЫМБЕКҚЫЗЫ.