«Операның өз дауысы болады…»
LA SCALA, METROPOLITAN OPERA, OPERA GARNIER, SYDNEY OPERA HOUSE… БҰЛАР ТЕҢДЕССІЗ АРХИТЕКТУРАЛЫҚ КЕЛБЕТІМЕН ҒАНА ТАНЫМАЛ ЕМЕС, ОПЕРА СЕКІЛДІ САФ ӨНЕРДІҢ ШАМШЫРАҒЫ САНАЛАТЫН ӘЛЕМДІК САХНАЛАР. ӘРҚАЙСЫСЫНЫҢ ТАРИХЫ ТЫМ ТЕРЕҢДЕ.
ӘР ҚОЙЫЛЫМЫНА АСЫҒАТЫН МЫҢДАҒАН КӨРЕРМЕННІҢ ӘЛЕМНІҢ ӘР БҰРЫШЫНАН АРНАЙЫ КЕЛУГЕ ТЫРЫСАТЫНЫ ДА ӨНЕР ҚҰДІРЕТІ ЕКЕНІ СӨЗСІЗ. ОПЕРА – КҮРДЕЛІ ЖАНР. ОЛ МУЗЫКА ҒАНА ЕМЕС, БІРТҰТАС ҚОЙЫЛЫМ. МУЗЫКА, ТЕАТР, ПОЭЗИЯНЫҢ СИНТЕЗІ. ӨНЕРДІҢ БҰЛ ТҮРІ АДАМЗАТ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ЕҢ ЖОҒАРЫ МӘДЕНИ ЖЕТІСТІГІ ДЕП ТҮЙІНДЕЛЕДІ. ЛИБРЕТТО, АРИЯ, ПАРТИЯ, РИГОЛЕТТО, КАВАТИНА СЫНДЫ СЫРТ КӨЗГЕ ТАҢСЫҚ ТЕРМИНДЕРДІҢ БІЗДІҢ КЕЙІПКЕРІМІЗГЕ ДЕ ЖАТТЫҒЫ ЖОҚ. АЯУЛЫ АРМАНЫН ӘЛДИЛЕП, АЛЫС АУЫЛДАН АЛМАТЫҒА АТТАНҒАН ҚАРШАДАЙ ҚЫЗ ҚАЗІР ҮЛКЕН САХНАДА ӨНЕР КӨРСЕТІП ЖҮР. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДОДАЛАРДА ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ДАҢҚЫН АСПАНДАТЫП ЖҮРГЕН АЯЖАН ҚУАНШАЛИЕВА – ОПЕРА ӘНШІСІ. ҮЛКЕН ӨНЕРГЕ ЕНДІ ҒАНА ҚАДАМ БАСҚАН ЖАС МАМАННЫҢ ЖЕТІСТІГІ АЗ ЕМЕС. АЛЫСТАҒЫ АТЫРАУЛЫҚ, КҮМІС ДАУЫСТЫ ТАЛАНТТЫ ЖАСПЕН БІЗ ДЕ АРНАЙЫ ӘҢГІМЕ-ДҮКЕН ҚҰРҒАНБЫЗ.
12 ЕЛДЕН КЕЛГЕН ҚАРСЫЛАСТАРЫМНЫҢ ОСАЛЫ ЖОҚ
– Өткен жыл өзіңіз үшін табысты болғанынан хабардармыз. Алдымен, Түркістанда ткен халықаралық «Қазақ Романсиадасы-2022» вокалистер байқауының бас жүлдесі, кейін Мәскеудегі жас романс орындаушыларының халықаралық додасында да топ жарып, бірінші орынды еншіледіңіз. Бұл байқаулардағы халықаралық талаптар мен қарсыластарыңыз туралы оқырмандар білгісі келеді…
– Айтуыңыз өте дұрыс, өткен жыл мен үшін жетістіктер жылы болды. Келесі жылға да сенімім мол. Халықаралық конкурстардың талабы өте қатал. Жалпы, мамандығымыздың өзі жеңіл емес қой. Мұндай конкурстарға бірнеше күн емес, бес-алты айлап дайындаламыз. Концертмейстерім бар, ұстазым, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дəуірбаевамен бірге дайындаламын. Гүлзат Бейсенқызы театрда да қызмет атқарады, үйренерім мол. Қараша айының басында Түркістанда өткен конкурста Гран-при иегері атанып, Мəскеуге жолдама алған соң, Ресей астанасында 12 елден қатысушылар арасында өткен халықаралық сайыста Қазақстанның намысын қорғадым. Бұл сайыс алғаш рет 1997 жылы ұйымдастырылып, содан бері дəстүрлі түрде өтіп келеді. Жеңімпаздарының көпшілігі бүгінде əйгілі əртістерге айналған.
Биыл бас жүлде 23 жастағы өзбекстандық Дониёр Алимовке бұйырды. Менімен бірге жеңімпаздар қатарында Армениядан Виктория Мелконян жəне ресейлік Кирилл Панкевич болды. Сонымен қатар, көрермен көзайымы секілді бірнеше аталым иегерлері анықталды. Олардың қатарында Ресей, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Əзербайжан, Беларусь елдерінің өнерпаздары бар. Қарсыластарымның қай-қайсысы да мықты болды. Негізі, мұндай конкурстар өнер адамын өсіреді. Мен үшін үлкен тəжірибе, шыңдау болды.
– Жалпы, ән айту блек те, опера әншісі болу – мүлдем бөлек таңдау. Бұл салаға қалай ден қойдыңыз? Музыка мен сахнаға деген махаббат қалай басталды?
– Музыкаға деген махаббат бала кезімнен-ақ бойымда бар. Бірақ, атаанама кеш айттым. Жоғары сыныптарға көшкен кезде интернеттен қарап, оқу орындары туралы іздендім. Алматыдағы Жүсіп бек Елебеков атындағы республикалық эстрада жəне цирк колледжін таңдап, ХІ сыныпты бітірер кезде бағымды сынамақ болған ниетімді анам да қолдады. Содан арман қуып, Құрманғазы ауданындағы Жыланды ауылынан Алатау баурайына келдім. «Жеке əн салу» бөліміне құжаттарымды тапсырдым. Дауысымды тыңдаған соң, грантпен оқуға қабылдандым. Зор үмітпен 17 жасымда келген Алматыға тұрақтағаныма да сегіз жылдан асып барады.
ӘН АЙТҚЫМ КЕЛСЕ ДЕ, АЙТА АЛМАДЫМ…
– Алыс ауылда опера әншісіне дайындалуға мүмкіндік болмағаны да белгілі. Икеміңізді, бойыңыздағы талантты ең алғаш байқап, бағыттаған кім еді?
– Иə, шынында да ауылда опералық саланы дамытуға мүмкіндік болмағаны рас. Екіншіден, кішкентай кезімде дауысымның классикалық, опералық, академиялық екенін білмедім. Бірақ, музыкаға іштей ерекше құштарлығым болды. Əн айтсам болды деген оймен жүрдім. Алайда, қызығы сол, қарапайым əндерді айта алмайтынмын. Эстрадамен əн айтуға тырыссам да, айта алмаймын. Оны өзім түсінбеймін. «Қалайша, менің əн айтқым келеді ғой» деп, басымды қатыратынмын. Себебін кейін білдім. Операның өз дауысы болады екен. Ауылдағы музыка мектебінің мұғалімі Мақпуза Бабакиева апайым «Аяжан, сенің дауысың ерекше, осы салаға бет бұрып, оқысаңшы» деген ұсынысын айтып, мені қанаттандырды, қолдады. Сол үшін де апайыма алғысым шексіз. Əлі хабарласып тұрамын.
– Қазіргі қызметіңіз – театрда. Көптің арманына арналған сахна, үлкен мәдени орта. Ендігі меже қандай?
– Иə, екінің бірінің қолы жетпейтін Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера жəне балет театрында жұмыс жасаймын. Енді ғана қадам бастым. Жоспар көп, алдымызда спектакль, концерттеріміз бар.
– Әлемдік қай сахнада, кіммен дуэт айтқың келеді?
– Əрине, əлемдік сахнада қазақтың операларындағы арияларын шырқау жəне əлемдік опера əншісімен бірге дуэт айту – ерекше армандарымның бірі. Алайда, қазір Абай атындағы Ұлттық опера жəне балет театрында қазақтың майталман мамандарымен, өнер қайраткерлері, аға-апаларыммен бірге бір сахнада ойнап жүргенімнің өзі – зор мəртебе, баға жетпес дəріс, өмірлік сабақ. Жалпы, театр – өмір, ол адамды есейтеді екен!..
Осы сауалдың аясында жоғарыдағы жауабымды да толықтыра кетейін, ендігі межемнің бірі – əлемдік деңгейдегі мастер-кластарға бару. Дауысымды дамытып, шынықтырғым келеді
ДАУЫС – ТІРІ ИНСТРУМЕНТ
– Бір шығарманы дайындап, сахнаға алып шығу үшін қанша уақыт кетеді?
– Кез-келген шығарманы сахнаға алып шығу үшін біраз уақыт қажет. Мəселен, опера, театрдағы партиялар болса, қысқа бір партияның өзін жаттау бір айға созылады. Ал, басты рольдердегі партиялар болса, екі-үш ай қажет. Өйткені, тек сөзін жаттаумен роль дайын болмайды. Оны нақышына келтіріп, образын шығару қажет. Сонымен қатар, партия сенің дауысыңа «жатуы» керек, яғни сіңуі тиіс. Бұның бəріне уақыт керек.
Оның үстіне, дауыс – тірі инструмент. Оған тіпті, даладағы ауа райы да, психологиялық жағдайың да, физикалық ахуалың да əсер етеді. Біз мамандығымыз арқылы спортшыларға бір табан жақынбыз. Күнделікті дайындық қажет. Тіпті, бір-екі күн үзіліп қалғанның өзінде, қайта қалыпқа келу үшін біраз тер төгеміз. Ал, концерттегі ария, романстарды орындауға сəл аздау уақыт керек. Бірақ, бұл жерде де бір-екі орындап, сахнаға шыға саламыз деген сөз емес. Оған да біраз уақыт жұмсалады. Ең алдымен, жеке өзім жұмыстанамын. Кез-келген шығарманы алып шықпас бұрын онымен мұқият танысып, авторын зерделеймін. Содан кейін концертмейстеріме айтып, бірлесе жұмыстанамыз.
– Сонда күніне неше сағат жаттығасыз?
– Шамамен күніне 5-6 сағат дайындаламыз. Оның ішінде партия жаттау, конкурстарға, концерттерге дайындық бəрі кіреді.
– Дауысты сақтап, күтудің өзіндік құпиясы бар ма? Мәселен, өзіңе ғана тән дәстүрлі емес тәсілдері де бар ма?
– Дауысымды күтудің өзіндік құпиясы жоқ. Бірақ, спектакльдің алдында бір күн бұрын сөйлемеуге тырысамын. Спектакль, концерт алдында тағамдарды қатты шектеймін, күтінемін.
– Сахнадағы алғашқы роліңіз қандай? Жалпы, кәсіби қоржыныңызда қанша кейіпкер бар?
– Маған кəсіби қоржыным деп айтуға əзірге ерте шығар. Былтыр Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіріп, енді ғана үлкен сахнаға шыққан жас маманмын. Театрда ойнаған ең алғашқы партиям – Джузеппа Вердидің «Травиаттасындағы» Аннина ролі. Екі актілі операдағы роль мен үшін өте ыстық. Қазір үлкен партияларға дайындық үстіндеміз.
– Мамандығыңызға өз айналаңыз қалай қарайды?
– Ең алдымен, айналам кім? Бірінші, достарым қалай қарайтынына келсек, Алматыда жүргеніме сегіз жыл болғанын жоғарыда айттым. Ортамның өзі – өнер адамдары. Ал, отбасым бастапқыда қарсы болғандары жасырын емес. «Өнер жолы ауыр, қыз балаға қиын болады» дегенді де айтты. Рас, оның да жаны бар. Алайда, қазір бəрі өзгерді. Əр жетістігіме қуанып, конкурстарға барсам, тақымдарын қысып отырады.
БІЗ СПОРТШЫ СЕКІЛДІМІЗ…
– Таланттың үлесі аз, талпыныстың мысы басым дегенге келісесіз бе? Сіздің жағдайыңызда да солай айтуға бола ма?
– Иə, талант бір пайыз, қалғаны еңбек деген шын. Өйткені, дауыс берілгенімен себепкер болған ұстаздарымның арқасында еңбектеніп келемін. Дауысымды дамытып, шыңдау жолында бірлесе жұмыстанамыз. Күн тəртібін сақтау да біздер үшін аса маңызды. Жоғарыда да айттым, спортшылар секілдіміз. Біздің мамандықтың қаншалықты қиын екенін қарапайым адамдар байқай бермейді. Əдемі образ, жылтыр көйлектің артында айлар бойғы, тіпті жылға созылған дайындық жатқанын білмейді. Шындығында да маңызды конкурстарға бір жыл бойы дайындалатын кездеріміз болады. Шығарма адаммен бірге өседі. Бір образ, бір опера болғанымен, əркім өзінше жеткізеді. Мақсатымыз да сол – халықтың жүрегіне жету үшін жүректен шығарып орындау. Ал, жүрекке жетуі үшін кəсібилік керек. Оған жету, яғни, өз ісінің маманы болу үшін күнделікті жаттығу қажет. Сондықтан, еңбектің үлесі зор екені ақиқат. Бұған қоса, ең бастысы мамандығыңа деген махаббат болмаса, жетістікке жету де қиындай түседі.
– Сахнаға басқа қырынан қарайықшы. Өзіңіз қандай көрерменсіз, нені жақсы көресіз?
– Балетті жақсы көремін. Бұл өнерді ерекше бағалаймын, үнемі барамын. Соңғы кездері драмалық театрға да жиі барып жүрмін. Жалпы, достарым өнер адамдары болғандықтан, мəдени нысандарға көп бас сұғамыз.
ПЛЕЙЛИСТІМДЕ ДЕ – ОПЕРА
– Опера әншісінің музыкалық таңдауы қандай екені де қызық болып тұрғаны. Яғни, плейлистіңізде қандай әндер тұр, әлде құлаққап киген кезде де опера тыңдайсыз ба?
– Күлуіңіз мүмкін, бірақ, расында менің плейлистімде де классикалық, опералық шығармалар. Үнемі ізденісте жүремін. Тек театр табалдырығын аттаған кезде ғана жұмысты қолға алып, басқа кезде басқаша өмір кеше алмаймын. Қолым бос уақытта да, жолда да опера тыңдап, өзімді жетілдіруге тырысамын. Бұл шығарманы басқа əншілер, əлемдік өнер иелері қалай орындады екен дегенді де ізденемін. Дауысты қалай қойды, қалай алып шықты екен деп те ізденемін, тыңдаймын. Жасыратыны жоқ, достарыммен бірге той, өзге де басқосуларға барған кезде хит əндерді білмей отырамын. Кейде ешкім сенбей, «қалайша?» деп əзілдеп жатады. Бірақ, эстрадалық əндерге əуелден əуестігім жоқ. Қызықпаймын да…
– Ауылға келіп тұруға мүмкіндік бола ма?
– Ауылға жиі барамын деп айта алмаймын, оған уақыт та бола бермейді. Бірақ, ыңғайы келса, барып тұрамын. Жұмысым бар, оған қоса Башқұртстандағы Загир Исмагилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтының магистратурасында оқып жүрмін. Ал, қатты сағынып кеткен кезде анамды Алматыға алып келгім келеді.
– Ашық әңгімеңізге рахмет, Аяжан. Жерлестеріңіз, атыраулықтарды ғана емес, күллі Қазақ елін қуантатын сүйінші хабарларыңыз кп болғай!
Гүлжан ƏМІРОВА