Жарнама
МәдениетСарапTime

«Онлайн-айтыс» ойды жеткізе ала ма?

КАРАНТИН ЖАҒДАЙЫНДА КӨП САЛА, СОНЫҢ ІШІНДЕ МӘДЕНИ ШАРАЛАРДЫ ДА ОНЛАЙН НҰСҚАМЕН ӨТКІЗУ ӘДЕТКЕ АЙНАЛЫП БАРАДЫ. ҚАЗАҚ ҚАЗАҚ БОЛҒАЛЫ БІРГЕ ЖАСАСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ДӘСТҮРЛІ АЙТЫС ӨНЕРІ ДЕ СОЛАЙ. БІРАҚ, БАСҚА САЛА БОЛСА БІР СӘРІ, КИЕЛІ САХНАНЫ «ҒАЖАЙЫП ҒАЛАМТОР» АЛАҢЫ АЛМАСТЫРА АЛА МА? БҰЛ ТУРАЛЫ АТЫРАУЛЫҚ АҚЫНДАР НЕ ОЙЛАЙДЫ ЕКЕН?

«Ғажайып ғаламтор»

Таңдай қақтырар технология жетістіктерін мәдениеттің сан саласына қолдануға болар, тек айтысқа емес. Біз тілдескен атыраулық айтыскер Әнуарбек Садықовтың пікірі осыған саяды.

– Айтысты ғаламторлық нұсқаға ауыстыруға, бәлкім, бүгінгі күннің талабы мәжбүрлеген шығар. Оған қатысушылардың дені жастар болғандықтан, әрине, құптарлық іс. Өкінішке қарай, қазір ел үшін, жер үшін емес, бас жүлде үшін айтысатындар бар. Жыр бәйгесіне тігілетін жүлде қоры аз болса, аламаннан бас тартатын ақындар да баршылық. Ал, «Атырауда жергілікті телеарналардың бірінен онлайн-айтыс ұйымдастырылады» дегенді бұрын да естіп едім. Анық-қанығы әзірге белгісіз. Қалай болғанда да, сахнада өтетін «жанды» айтыстай болмайды ғой. Кешегі айтысты бүгінгімен салыстыру қиын. Біздің өңірден өзіміз секілді жастарға үлгі болар қаншама айтыскер түлеп ұшты десеңізші. Мәселен, Саадат Нұрманов, Шынарбек Қабиев, Салауат Исақаев, Жәнібек Садыров, бұл тізімді жалғастыра берсе көп-ақ. Әрқайсысын халық қатты құрметтейді. Себебі, олар сыйлық алуға емес, халықтың мүддесі үшін айтысты, мұқ-мұқтажын жеткізуге асықты, – дейді ол.

Желі де жауапкершілік жүктейді

Жергілікті жас ақын Асылбек Есжанов керісінше, заман ағымынан қалмаған дұрыс деп санайды. Өйткені, ғаламтордағы айтыс – бар болғаны тәжірибе алаңы ғана

– Әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде сөз жарыстыру да оңай шаруа емес. Бұл да айтыскерлерге зор жауапкершілік жүктейді. Яғни, мұндай айтысқа жастар бірнеше күн бойы барын салып дайындалады. Есесіне үлкен сахнаға шықпас бұрын аз да болса тәжірибе жинап алады. Осындай жаңа жобалардың бірін белгілі айтыскер Ринат Зайытов жүргізіп жүр. Ол онлайн-айтыстан кейін кім қай жерден қандай қателік жіберді, кімнің сөзі орынды кімдікі орынсыз айтылды, соның бәрін сарапшы мамандармен бірге сарапқа салады. Халықтың сүйіктісіне айналған ақын сынын көтеруге болады деп ойлаймын. Бұдан жастардың сағы сынбауы тиіс, – дейді ол.

Ақынды танымал қылатын телеарна да, ғаламтор да емес – көрермен. Халықтың батасын алмай елге танылу мүмкін емес. Дүбірлі додаға енді қадам басып келе жатқан Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының түлегі Фариза Жетпісбаева осылай ойлайды.

– Өзім әлеуметтік желіде айтысып көрмеппін. Сондықтан, бұл жөнінде нақты пікір айта алмаймын. Егер халықтан сұраныс түссе, неге айтыспасқа?! Бірақ, әрине, мұның тәрбиелік мәніне де көңіл бөлген жөн. Айтысу мәдениетін сақтау керек. Өзім шақырған жерден қалмауға тырысамын. Облыстық айтыстардың жүлдегері болып та үлгердім. Небәрі 17 жасымда Жүрсін Ермановтың айтысына шығып, арнайы сыйлыққа ие болдым. Бұл – мен үшін үлкен жеңіс. Көбінесе, ұлтжандылық тақырыбында жыр тербегенді ұнатамын, – дейді ол.

Жаһандануға жұтылмасақ…

Біз жергілікті жазба ақындардың да пікірін білмек ниетпен республикалық жыр байқауларының лауреаты Нәзира Әшімге сауал жолдағанбыз. Сонымен, ғаламтор ғажайыбы сахнадағы сөз сайысын алмастыра ала ма?

«Рас, әлеуметтік желіде аудиторияны кеңейту үшін өнер өкілдерін «жерден алып, жерге салатын» бағдарламалар өте көп. Мұны заманауи тілде «хайп» немесе «пиар» дейді. Өкінішке қарай, жаһанданудың бұл белгісі айтысты да айналып өткен жоқ. Шын мәнінде, ұялы телефон камерасының алдында отырып айтысу – киелі өнерді келеке ету деп түсінемін. Екіншіден, ғаламторда айтысамын деп сөзден сүрінгендерді бейнемонтажбен кесіп алып, «ютуб» желісіне жүктейтіндер бар. Тіпті, өнерде оң-солын әлі танып үлгермеген жастардың кем-кетігін жасырудың орнына, оларды «балақтан тартатын» тісқаққан ақындар да табылады», – деп жауап қайтарды ол

Түйін

Ұлы Абай да «Өлең – сөздің патшасы…» деп бекерге айтпаған ғой. Сөзден жыр құрау қиындықпен қатар зор жауапкершілік те жүктейді. Өйткені, отыз екі тістен шыққан сөз сонша рулы елге тарайды. Сондықтан, карантиннен кейін, яғни, алдағы уақытта айтыскерлер киелі сахнаның сәнін келтіріп айтысқаны дұрыс болар. Ал, әлеуметтік желіні болашақ ақындарды психологиялық тұрғыда айтысқа дайындау үшін сынақ алаңы ретінде ғана қолданған жөн секілді. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Әділет ҚАНАТҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button