ӨНЕРЛІ ӨРГЕ ЖҮЗЕДІ…
Музыка мектебінің басшысы Қуаныш Кипиевтің айтуынша, конкурс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тапсырмасы бойынша өткізіліп, «Музыка мектебін бітірген түлектер кейін музыка колледжінде оқуын жалғастырады», — дейді ол. Қалалық байқауда Дамбы, Атырау, Еркінқала саз мектептерінен барлығы 66 үміткер бақ сынады.
Ермұрат Үсеновтің «Түрік әлемі», Абылдың «Нар ату», Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйлерін нақышына келтіріп орындаған Әлихан Нығимов №33 мектептің музыка бөлімшесінде 9-сыныпта оқиды. «2012 жылы Қазан қаласында өткен халықаралық «Виктория» фестивалінде жеке орындауда ІІ, дуэт бойынша І орынды иелендім. Ал, былтыр «Сәлем, Астана!» атты республикалық байқауда Гран-при жүлдесін жеңіп алдым» дейді жас домбырашы.
Әділқазылар алқасы шешімімен өнер көрсеткен жеті ансамбль де жүлделі орындарға қол жеткізді. Соның ішінде І жүлдені Қайыршақты балалар саз мектебінен домбырашылар ансамблі мен ұлт-аспаптар оркестрі өзара бөлісті. Ал, жекелей алғанда, қатысушылардың 14-і – бірінші, бесеуі екінші орындарды иемденді. Енді олар 25-26 ақпан күндері өтетін облыстық сайысқа қатысады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.
Сурет автордікі.