Жарнама
Мәдениет

Он бірінші ауылдың Қылышбайы

Жуырда әдебиеттанушы-ғалым, эссеист Мақсат Тәж-Мұраттың «Он бірінші ауылдың Павлик Морозовы» атты жаңа кітабы қолымызға тиді. Осы баянды (повесть) оқып шыққаннан кейін пікірімізді білдіргенді жөн көрдік. Негізгі идеясы – бас кейіпкерінің құлқы қазіргі «Адал азамат» қағидасымен үндес келетін бұл кітап бір демде, яғни сүт пісірім уақытта оқылады. Шынында да оқырманды өзіне еріксіз тарта түседі.

Бір сөйлемін ғана айтайық:

«…ал ауыл еңбеккерлері үшін кейін бұлтсыз күні найзағай ойнатқандай бір сторис жүріп өтті: осындағы он жылдық мектептің 6-класының старостылығына Қылышбай Құлжанов сайланды» — дейді. Әрі қарай не болады?! Өзі итермелеп алып бара жатыр.

Сондай-ақ кітаптың аяқталуы да өте жақсы. Оған да дәйек келтірейік:

«Бұлт астынан булығып Күн жарқырай шықты. Ноқтасыз, ерке Күн.

Әкелі-балалы екеу жанарлары қарыққандай, еріксіз көздерін қалқалады…».

Кітаптағы осы түйіндеу де, әке мен баланың ынтымақтастығын, өмірдегі үндестігін көрсетеді деп есептейміз. Кітап өте жеңіл оқылады, тілі шұрайлы, адамға қонымды. Әсіресе, қазіргі жастардың оқып алуына өте жақсы. Постмодернистік бағытта жазылған тың туынды. Осы кітап қолымызға түскенде, жалпы шетелде шығатын кітаптар туралы жазылған пікірлер есімізге түсіп отыр. Шағын форматты кітап әуежайда, теміржол вокзалында, метрода өзіңізбен бірге алып жүріп оқып, қол сөмкеңізге сала қоюға болады. Әрі осындай форматтағы кітаптар қазіргі жастарға түсінікті, кинематографиялық тілде жазылады. Кітаптың  осындай болып шығуы да көңілге қонымды.

1947 жылы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын жас сыншы Темірғали Нұртазин қатаң сынға алған екен. Сол сындарының біріне тоқталсақ: «Мұхтар Әуезовтің сөздері өте ауыр, бір сөйлемі деген жарты бетті, кейде бір бетті алып кетеді. Ал, Сәбит Мұқановтың шығармаларындағыдай жеңіл емес, дастарханның үстіне шашып тасталған бауырсақ сияқты ала беріп, оқи бермейсің, оқылуы өте қиын» деген екен. Бұл сынға ұлы Мұқаң былай деп жауап беріпті: «Сәбит мендей жазу үшін, әлі он жыл оқу керек».

Біз де Мақсат Тәж-Мұрат ағамыздай әдеби шығарма жазу үшін біраз еңбектенуіміз керек шығар, дегенмен азды-көпті сыни тұрғыда пікірімізді білдірсек:

– Біріншіден, кітаптың атауы кішкене тіксінтіп тастады. «Он бірінші ауылдың Павлик Морозовы»! Қазақты әркіммен салыстыра беру сәнге айналды ғой.  Қазақтың Пушкині, қазақтың Лермонтовы, қазақтың Байроны деп…

Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген М.Құл-Мұхаммедтың жазбаларында да кездесті. Ұлы жазушы М.Әуезовті «қазақтың Шолоховы» деп бағалаған орыс жазушылары болған екен. Ал, «Абай жолы» роман-эпопеясында 16 983 сөз қолданған жазушыны Шолоховқа теңеу қисынсыз болар. Нобель сыйлығының лауреаты болғанмен, Шолоховтың тілі М.Әуезовке қарағанда қарабайырлау екендігі түсінікті ғой. Қазіргі педагогика ғылымында баланы басқа баламен салыстыру қисынсыз деп жатады. Біз баланы салыстырсақ, қазақтың данышпандарымен салыстырғанымыз дұрыс.

«Атырау» газетінде жарық көрген Өтепберген Әлімгерей жөніндегі Илья Жақанов мақаласына «Атыраудың Әлкейі» деп тақырып қойыпты. Сондықтан да «Он бірінші ауылдың Қылышбайы» деп қойса да болады. Қылышбайдың кім екендігін білу үшін, осы кітапты қалайда оқиды.

– Екіншіден, кітаптың 102-ші бетіне келгенше, староста Қылышбай, тазалық секторы, монша, бит, т.б. сол жөнінде баяндалған екен. «Автор Қылышбай Сүндетұлының да басқа қырларына неге тоқталмады екен?» деген ой келді. Әктіп жиналысына қатынасқан әрбір адам ауылдың әлеуметтік-саяси, қоғамдық-саяси, тұрмыстық-саяси жағдайын ашып берген екен. Сонымен қатар моншаға керекті құрал-жабдықтарды, әлемдегі моншаның тарихын, адамның қалай жуыну керектігін, тіпті альфонс биттердің минутына жиырма үш сантиметр жорғалап өтетіндігін де білу автордан терең білімдарлықты талап етеді.

Сондай-ақ әрбір сөйлеген маман, әрбір сөйлеген  адам ауылдың тұрмысын, этникалық бір-бірімен туысқандығын барлығын анықтап, айқындап беріп отыр. Сол себепті бұл ой бізді жайландырды.

– Үшіншіден, кітаптың аңдатпасында «Қылышбай тумысынан пассионар, жасампаз, жаңалық атаулыға жаны құмар болып жаратылған тосындау бір жан» деп көрсетеді.

Шындығында да, Қылышбай ағамыздың пассионарлық қырлары өте көп. Өзі декан болып тұрған кезде жалаңаш қабырғаға хабарландыру іліп жүрген студенттерді көріп, екінші күні өз қаражатына қабырға тақта «стенд» жасатып берген болатын. Сонымен бірге, Қылышбайдың анасы да мықты, тәуір адам болған деп ауылдастары айтады.

Мақсат ағамыз алдағы уақытта осы шығарманы толықтыратын болса, Қылышбай Сүндетұлының жедел сөйлеп, шалт қимылдайтын, қазіргі қым-қуыт тірлікте досымен де, дұшпанымен де «ауыздығымен алысып, шідерімен шапшып», сөйлесе білетін адуынды да албырт мінездерін көрсетсе, кітап сапасы арта түскен болар еді.

– Төртіншіден, біздің ойымызға осы шығарманы оқу барысында Мақсат Тәж-Мұраттың жүлделі жобаларға қатысып, жеңімпаз болғанын қаладық. Жақында «Жас қалам – жаңа роман» жобасында жас жазушылар Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл», Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», Әлібек Байболдың «Мұтылған» романы үздік деп танылып, оқырманға жол тартты. Бұл романдардың қай-қайсысының көлемі де 200 беттен аспайды. Көрнекті жазушы Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» повесі де Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Тағы бір дәйек, публицист-жазушы Шархан Қазығұл 128 беттен тұратын «Күлпет» романы үшін Меценат.кз жүйесінің жеңімпазы атанды.

Көлемі алақандай болғанымен (172 бет), айтары мол, тағылымы зор Мақсат Тәж-Мұраттың шығармасы қандай да бір марапатқа лайықты деп санаймыз.

– Бесіншіден, авторға айтар тілегіміз, қазіргі ғалымдардың дәлелдеуі бойынша алпыс жастан кейін адам миының екі жарты шары да бірдей жұмыс істейтін көрінеді. Осы кезде ой еңбегімен көбірек айналысу керек. Оны тоқтатуға болмайды. Әйтпесе, ми нейрондары үзіліп, адам тез қартаятын көрінеді.

Сондықтан, Мақсат ағаның алдағы уақытта да қаламы қарымды болып, шалқар шабытқа толы шынайы шығармалар көбейе берсін. Публицист-жазушы Шархан Қазығұлдың пікірінше, адамның ғұмырын қазақ халқы екіге бөледі. Мұхаммед Пайғамбардың қайтыс болғанға дейінгі жасын «Қалжа жас», ал кейінгі өмірін «Олжа жас» деп атайтын көрінеді (65 жасқа толып отырғаны анық қой). Алдағы ғұмырыңызда ғылым, әдебиет, өнер әлемінде олжалы болуына жанашырлық, жанкүйерлік тілегімізді білдіреміз.

Кемеңгер, әлемдік классик жазушы Шыңғыс Айтматов: «Адамға ең қиыны – күн сайын адам болып жүру!» деген екен. Осы пікірге байыппен қарасақ,  әрдайым сөзіміз бен ісіміз адами үндестікте болғаны дұрыс деп санаймыз.

Айдар САБЫРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері,

Гүлжүзім ІЗТЕЛЕУОВА,

филология магистрі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button